• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Тамыз, 2021

Айманов ардақтаған Зацепин

530 рет
көрсетілді

Жақында Ресейдің бірінші арнасында танымал композитор, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Зацепиннің 95 жасқа келуіне арналған шығармашылық кеші болды. Сонда мерейтой иесі тоқсан беске келсе де, қарттыққа бой алдырмаған сырбаз қалпында күйсандықта ойнап, тыңдармандарды тамаша туындыларымен тәнті етті.

Ресейдің Новосібір өлкесінде дәрігер отбасында өмірге келген Александр Зацепиннің өнер жолы Қазақстанда басталған. Ол әскерден келіп, туған жеріндегі жергілікті филармонияда қызмет істеп жүргенде, Алматыға гастрольдік сапармен келіп, асқаралы Алатаудың ғажап табиғатына таңғалып, осы қаладағы музыкалық училищеге оқуға түсуді жөн көреді. Алайда жақындары оған училище емес, Алматы консерваториясына баруға ақыл қосады. Сөйтіп, болашақ композитор аталған жоғары оқу орнының фортепиа­но және композиция бөліміне түсіп, көрнекті композитор Евгений Брусиловскийден тәлім алып, «Старик Хоттабыч» атты дипломдық жұмысы Алматы опера және балет театрында сахналанды.

Жасынан музыкаға жақын болып өскен талапты жас консерваторияны аяқтағаннан кейін «Қазақфильм» киностудиясына музыкалық көркемдеуші болып орналасып, осы қызметте жүргенде көрнекті режиссер Шәкен Аймановтың жұртшылық әлі күнге дейін қызығып қарайтын «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне музыка жазып, жаңа қырынан көрінді. Одан кейін композитор Шәкен ағамыздың классикаға айналған «Тақиялы періште» фильміне де музыка жазып, есімі елге танылды.

Осыдан сегіз жыл бұрын астанада Александр Зацепиннің шығармашылық кеші өткенде, Мәскеуден ат артып келген композитор көпшілік алдында өнер жолындағы азды-көпті биіктерді бағындыруына жол ашқан Шәкен Айманов секілді ұлы режиссерді ешқашан ұмытпайтынын айтып, оған деген ризашылығын білдірген еді.

Талантты тұлғаның одан кейінгі өнер жолы Мәскеуде жалғасып, танымал кинорежиссер Леонид Гайдаймен шығармашылық байланыс орнатып, айы оңынан туды. Айтулы азамат бір сұхбатында «Егер Гайдай Никита Богословскиймен ренжісіп қалмағанда, менің бағымның жануы екіталай еді» деп айтқан екен. Расында, композитор дарынды режиссердің «Ы» операциясы немесе Шуриктің басқа да басынан кешкендері», «Кавказ тұтқыны», «Гауһар қол», «Иван Васильевич мамандығын ауыстырады» комедияларына музыка жазып, жұлдызы жарқырай түсті.

Жалпы, Зацепиннің киноға жазған туындылары ғана емес, әндері де кезінде хитке айналды. Мәселен, оның «Есть только миг», «Куда уходит детство», «Так же, как все» атты және т.б. әсем әуезге толы әндерін қазіргі жас әншілер де жиі шырқайды. Композитордың ақын Леонид Дербеневпен шығармашылық достығының нәтижесінде 100-ден аса ән жазылып, тыңдар­ман­дарының жүрегіне жол тапты.

Сондай-ақ өткен ғасырдың 70-жылдары әйгілі әнші Алла Пугачевамен танысып, екеуінің шығармашылығының нәтижесінде жұрт сүйіп тың­дай­тын бірқатар туынды дүниеге келді. Сонымен қатар сол жылдары композитор өз пәтерінде жеке студиясын ашып, көптеген музыкалық шығармалардың заман талабына лайық аранжировкасын жасады.

1978 жылы композитордың «31 маусым» фильміне жазған музыкасын да жұртшылық өте жылы қабылдады. Өнер­та­нушылар оны айтулы өнер иесінің шығармашылық бір белесі деп бағалады. 1982 жылы Александр Зацепин азаматтығын өзгертпестен Францияға тұруға кетіп қалды. Сол кезде оның шығармалары біраз сынға ұшырайды. Алайда композитор қайта құру дәуірі басталғанда, яғни сексенінші жылдардың соңында отанына оралып, бірқатар фильмдерге музыка жазып, режиссер Леонид Гайдаймен бірге шығармашылық байланысын қайта жалғастырады.

Атақты композитор бүгінге дейін 300-ден аса ән мен 120-дан астам фильм мен мульт­­фильмге жазған музыкасымен ғана емес, сабырлы, байыпты, қа­рапайым болмысымен де халық­тың қошеметіне бөленді.