Жапония COVID-19 індетіне байланысты төтенше жағдайды елдің тағы 8 аймағына енгізді. Ел үкіметі індеттің тағы бір толқынымен күресте мұндай шешімді сәрсенбіде қабылдаған.
Хоккайдо, Мияги, Гифу, Айчи, Мие, Шига, Окаяма және Хиросима осы жұмадан бастап 12 қыркүйекке дейін, Токио мен Осаканы қоса алғанда, қатаң шара қолданған өзге 13 префектураның қатарына қосылады. Бұл қадам Жапония төтенше жағдайдың ауқымын кеңейткеннен бірнеше күн өткен соң жасалды. Өйткені вирустың «Дельта» штамы елдің медициналық жүйесіне ауыртпалық түсіріп, кеңінен таралып жатыр. Премьер-министр Йошихидэ Суга бұл шешімді жұқпалы аурулар мен басқа да салалардағы сарапшылар тобы қолдағаннан кейін жұмыс тобының отырысында ресми түрде мақұлдады.
Төтенше жағдай кезінде мейрамханалар алкоголь сатпайды, караокеге бармау ұсынылған, сондай-ақ олар кешкі 8-ге дейін жабылуы керек. Дүкендер мен сауда орталықтарын қоса алғанда, ірі коммерциялық нысандарға бір уақытта рұқсат етілген келушілердің саны шектелетін болады. Бұл шешім Токио Паралимпиада басталғаннан бір күн өткен соң қабылданып отыр. Бұл жарыс та Олимпия ойындары секілді індеттің таралуына байланысты көрерменсіз өтіп жатыр. Ел астанасында сәрсенбіде 4 228 адамның індет жұқтырғаны анықталған.