Гаитидің оңтүстік-батысында болған 7,2 балдық жер сілкінісінен шамамен 1,2 млн адам, оның ішінде 540 мың бала зардап шеккен. Бұл мәлімдемені UNICEF ұйымы жасап отыр.
Апат кем дегенде 2 200-ден астам адамның өмірін қиып, 6 900-ден астам адам жарақат алған. Зардап шеккендер саны күн өткен сайын артып барады. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуге қатты жаңбырдан болған селден жолдардың жабылып қалғандығы үлкен кедергі келтіріп отыр. Ал елдегі ауруханаларда орын жоқ. Дәрігерлердің бірі кереуеттердің бос емес екенін, ал пациенттердің еденде жатқанын айтты. Науқастарды өзге тиісінше жабдықталған мекемелерге эвакуацияламайынша, олардың кем дегенде үштен бірі аяқ-қолынан айырылуы немесе тіпті тірі қалмауы мүмкін.
Сәрсенбіде сөйлеген сөзінде Гаитидің премьер-министрі Ариэль Генри халықты «Гаитиді қалпына келтіру үшін бірігуге» шақырып, үкімет зардап шеккен аудандарға көмектесуге дайын екенін айтты. Шамамен 135 мың отбасына зардабын тигізген жерасты дүмпулері салдарынан кем дегенде 75 мың үй қираған.