• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2014

Қазақстан – жаңа жетістіктер жетегіндегі ел

425 рет
көрсетілді

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында облыс активінің қатысуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған келелі жиын өтті. Онда аймақ басшысы Самат Ескендіров ұзақ мерзімге бағдарланған стратегиялық басымдықтарды белгілеп берген тарихи құжаттан туындайтын міндеттер жайлы баяндама жасады.

 

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында облыс активінің қатысуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға арналған келелі жиын өтті. Онда аймақ басшысы Самат Ескендіров ұзақ мерзімге бағдарланған стратегиялық басымдықтарды белгілеп берген тарихи құжаттан туындайтын міндеттер жайлы баяндама жасады.

– Барша қазақстандықтар қоғамдық-саяси маңызы зор оқи­ғаның куәгері болып отыр. Елбасы халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялап, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты қағидаттарын белгілеп берді. Алдымызда ғасыр ортасы­на таман экономикалық-әлеуметтік қуаттылығы мықты 30 елдің санатына қосылу секілді ұлы мақсат тұр. Елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын кезеңге Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деген сипаттама берді. Елбасы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсына отырып, Қазақстанның 15-17 жыл ішіндегі ауқымды серпіліс мүмкіндіктерін айқындап берді.

Инновациялық-индустриялық трендін түзеу және күшейте түсу, агроөнеркәсіп кешенін инно­вациялық бағытқа түсіру, ғылым­ның әлеуетін арттыру, инфрақұрылымдық үшта­ған – агломерация, көлік, энерге­ти­каның қарқынды дамуын қам­тамасыз ету, шағын және орта бизнесті өркендету, қазақстан­дықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасау, мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру салалары бойынша тың талаптар қойылды, дей келіп, Самат Сапарбекұлы Президент белгілеп берген Қазақстанның әлемдегі ең қуатты елдердің қатарына кіру тұжырымдамасының ұзақ мер­зімді басымдықтарына жан-жақты тоқталды. Бірінші бесжылдықта инновациялық индустрияландыру саласы бойынша жобалардың жүзеге асқанын, олардың ішін­де жүк вагоны, газ-мұнай, темір­­жол салаларына айрықша ба­сым­дық берілгенін атап өтті. Ин­дустрияландыру картасы аясында 41,5 миллиард теңгенің 30 жобасын іске қосып, 2 мың жаңа жұмыс орындарын ашу көзделсе, бүгінде 26 миллиард теңгенің 26 жобасы пайдалануға беріліп, 800 адам жұмысқа орналасқан. Нәтижесінде экономикаға 77 мил­лиард теңгедей инвестиция құй­ылған. Инвесторларға қызмет көр­сету орталығы құрылғалы же­ке инвестицияларды тарту өсімі байқалады.

Одан әрі Елбасы агроөнеркә­сіп кешенін инновациялық ба­ғытқа түсіру жөнінде нақты тапсырма бер­генін, соған орай алда ат­қа­ры­латын шараларды тілге тиек етті. Баяндамашы ғылы­ми қамтымды экономика құру тап­­сыр­масына сәйкес тиісті орын­дарға шетелдерден әкеліне­тін ин­вестицияның барлық мүм­кін­дік­терін қарастыруды тапсырды. Шыны керек, бұл саладағы көр­сеткіш мүлдем төмен. Барлық қар­жыландырудың 0,1 пайызын ғана құрайды.

Облыс әкімінің ендігі бір тоқталғаны экономикадағы ша­ғын және орта бизнестің үлесін арт­тыру жайы болды. Бұдан былай түрлі әкімшілік кедергілерге тосқауыл қойылатынын, кәсіп­керлік отбасы дәстүріне айналатынын, ауылдықтардың жеке шаруамен айналысуына басымдық берілетінін жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар