Жаһанға жайылып, жер жүзіндегі барша халықты алаңдатқан коронавирус індетімен күрес әлі жалғасуда. Карантин кезеңіне де екі жылға жуықтады. Десе де, басты талап қауіпті індеттен барынша қорғанып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып отыр.
Бұл күнде Жамбыл облысындағы барлық ауруханалар мен емханалар күрделі жұмыс кестесіне ауысты. Өңірде қатаң карантин шаралары енгізілді. Осындай қиын кезеңде жедел жәрдем қызметі тәулік бойы көпшіліктің өмірін сақтап қалу үшін еңбек етті. Бір күнде жедел жәрдем қызметіне 1800-2000 қоңырауға дейін түскен. Аймақтағы ақ халатты абзал жандар сын сағатта бәріне де үлгеріп, науқас жандарға медициналық көмек көрсетті.
«Біздің станса – Жамбыл облысындағы үлкен мекемелердің бірі. Мұнда қызметкерлер де өте көп. Бір тәулікте облыс тұрғындарына 93 бригада қызмет көрсетеді. Ал 93 көлік жүргізуші мен 150 медицина қызметкері күндіз-түні аяғынан тік тұрып, жаны қиналғандарға алғашқы көмектерін көрсетіп, қажет болған жағдайда ауруханаларға жеткізеді», дейді облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Күлзахира Қызғараева.
Соңғы тәуліктің өзіне жедел жәрдем қызметіне 1800-ден астам қоңырау түскен. Жедел көрсетілген көмектің нәтижесінде 226 адам коронавирус инфекциясымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Қазіргі кезде өңірде 2 130 науқас стационарлық ем қабылдауда. Дайындалған төсектік орын 59 пайызға толтырылған. Сонымен қатар жансақтау бөлімшесінде 173 науқас емделуде. Аймақтағы қабылданған шаралардың нәтижесінде қауіпті індеттен жазылып шыққандар да бар. Мәселен, Жамбыл ауданының тұрғыны, 62 жастағы азамат Исмаил Камалов облыстық оңалту орталығының инфекциялық стационарына өкпенің 56 пайызының зақымдануымен, тыныс алудың қиындығымен келіп түскен. Мұнда да дәрігерлер аталған азаматтың өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шараны жасаған. Алайда науқастың коронавирус індетіне қарсы вакцина алмағаны анықталған. Десе де, бүгінде аталған азамат науқасынан айығып, үйіне қайтарылған. «ПТР-тест ер адамның коронавирус індетін жұқтырғанын көрсеткен. Науқастың жағдайын буын ауруы мен қан қысымының жоғарылауы одан әрі қиындатқан. Орталық дәрігерлерінің қамқорлығы мен біліктілігінің арқасында жағдайы жақсарған соң, екі аптадан кейін науқас үйіне шығарылды. Ауыр халде жеткен науқас ауруханаға тынысының тарылуымен түскен. Дертке шалдыққандарды аурудан айықтырып, үйіне жеткізу – біздің парыз. Ағза толық қалпына келу үшін одан әрі оңалтатын ем-дом жасау қажет. Ауру айтып келмейді. Үйде симптомсыз басталып, аяқ астынан өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан халық аурудан сақтануға салғырт, бейжай қарамаса екен», дейді емдеуші дәрігері Ақмарал Құлымбаева.
Жамбыл ауданының тұрғыны Исмаил Камалов та бұл күнде жағдайының жақсы екенін айтады. Дегенмен ол күнделікті тіршілік қамын күйттеп жүріп қауіпті індеттен сақтануды аса қаперіне алмағанын да жеткізді. «Ауыр науқастан кейін үйге аман-есен оралғаныма өте қуаныштымын. Карантинге қарамастан медициналық бетперде кимей көшеде жүрдім, арасында базарға да баратынмын. Содан ақыры індет жұқтырып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Ауруханада 14 күн ем қабылдадым. Дәрігерлер мені аяққа тұрғызды. Ол кісілерге өте ризамын. Барлығы да өз міндетін кәсіби деңгейде орындап, бізге жылы шырай танытып, үйдегідей күтім жасады. Орталықта жұмыс істейтін қызметкерлерге кәсіби біліктілігі мен көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіремін», дейді ол.
Сол сияқты қауіпті індетке шалдыққан бірқатар азаматтар да науқасынан айығып, үйлеріне шығарылған. Алайда дәрігерлер тұрғындарға арқаны кеңге салмай, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды міндеттеп отыр. Соңғы тәуліктің өзінде жедел жәрдем қызметіне 2 мыңға жуық қоңыраудың түсуі індеттің өршіп бара жатқанын көрсетеді. Ал одан сақтану, өзінің де, өзгенің де қауіпсіздігін ойлау әрбір азаматтың басты міндеті болуы керек.
Жамбыл облысы