• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Тамыз, 2021

Жерлес жазушы ұлықталды

484 рет
көрсетілді

Қазақстандық орыс тілді жазушылар арасында Иван Шуховтың есімі айрықша аталады. Өйткені оның шығарма­шылығы негізінен қазақ даласын, оның тыныс-тіршілігін, халықтардың өзара сыйластығын суреттеуге арналған. Ол Солтүстік Қазақстан облысындағы казактардың Пресновка станицасында 1906 жылы өмірге келген. Бұл өңірде қазақтың атақты жазушылары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов те туғаны белгілі. Бір түкпірде үш бірдей ірі жазушының туғандығы да бұл топырақтың қасиетін айғақтайды.

Иван Шухов – ерте танылған жазушы. Алғаш поэзия жанрын­да қалам сілтеген ол артынан үлкен про­заикке айналып, 37-нің қан­­ды қырғындарына дейін-ақ бір­не­ше романы Мәскеудегі орталық ба­­сылымдарда жа­рық көрген. Алайда сол жыл­дар­дың қаһарлы қысталаңы оны да жасқап, сотталмаса да қу­ғындалып, өзінің туған жеріне оралуға мәжбүр бол­ған. Ұзақ жылдар аудандық, об­лыс­тық газеттерде істеп, артынан Алма­тыға ауысып, 10 жылдай орыс тілінде шығатын әдеби журнал «Простордың» редакторы болды. Осы жылдарда қазақ жазушыларымен, соның ішінде екі жерлесі – С.Мұқа­нов және Ғ.Мү­сіреповпен тығыз шы­­­ғар­ма­шылық байланыста болып, олар­дың бірнеше ең­бегін орыс тіліне аударған. Өзі­нің де «Қа­сірет белдеуі» («Горь­кая ли­ния»), «Өшпенділік» («Не­­­на­висть»), «Преснов әңгі­ме­ле­рі» («Прес­новские рассказы»), «Америка­ның күн мен түні» («Дни и ночи Америки») және т.б. шығармалары қазақ тіліне аударылған. Еңбектері жоғары ба­ға­­ланып, кезінде Абай атындағы Мем­­лекеттік сыйлықты, екі рет Ең­­бек Қызыл Ту және бір рет «Ха­­­лық­тар дос­тығы» ордендерін алған. 

Биыл жазушының туғанына 115 жыл толып отыр. Осыған орай Петропавлдағы «Абылай хан ре­зиденциясы» музей-кешені Тәуел­сіздіктің 30 жыл­дығына арналған мә­де­ни шаралар шеңберінде И.Шу­хов­тың да мерейтойын атап өтуді жоспарлаған екен. Жуырда осы шара өткізіліп, оған жазушы­ның туған жерінен оны білетін адамдар келіп естеліктер айтты. Жер­гі­лікті ақын-жазушы­лар да қаламгер туралы ойларын ортаға сал­ды. Музей кешеннің директо­ры Аян Садаевтың айтуына қара­ған­да, туған жердің жарқын тұлға­ларын бүгінгі жас­тардың назары­на ұсыну өз жұмыстарының ма­ңызды ба­ғыттарының бірі екен. «Сон­дық­тан да Қазақстанға үлкен еңбек сіңірген И.Шуховтай дарын­ның жастарға үлгі болатын қырла­рын бүгінгі ұрпақ бі­луі керек», деді ол.

Мәдени іс-шараның ең қы­зық бөлігі жазушының ту­ған ауылы Пресновкадағы му­зе­йінің көшпелі көрмесі жинал­ғандардың назарына ұсынылуы болды. Мұнда оның тұтынған заттары, түрлі уақыттарда жа­рық көрген еңбектері, суреттері, қалам-қағаздары, жазу машинкасы, темекі тартатын трубкасы және т.б. жәдігерлер көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

 

ПЕТРОПАВЛ