Татарстанның астанасы Қазан қаласында ММА аралас жекпе-жегінен 18-20 жас аралығындағы жастар және 21 жастан асқан ересектер арасында өткен Еуропа чемпионатында Қарағанды облысынан қатысқан шеберлер сәтті өнер көрсетті.
Жалпы, аталған додаға 14 елден 250-ден астам спортшы қатысқан. Ал Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында ел намысын қорғаған 27 шебердің қатарында Қарағандыдан екі спортшы болды.
Облыстың атынан барған шеберлер Данил Губин мен Аңсар Қасымжанов чемпионат қорытындысында бір алтын және бір қола жүлдені жеңіп алып, өздеріне артылған сенімді ақтады.
Еуропа чемпионы болған Данил Губин ММА жекпе-жегімен алты жасынан бері айналысады екен. Он тоғыз жастағы өрен осы жарыста үйде алған жарақатына қарамастан, жоғары деңгейде өнер көрсетіпті. Финалдық жекпе-жекте ол 77,1 кило салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Алматы облысынан келген қарсыласы Досжан Кенжебаевты ұпай санымен жеңген.
Қазандағы Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы сапындағы аралас жекпе-жек шеберлері үш алтын, жеті күміс және сегіз қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілген.
Қарағанды облысы