Әлемде ядролық қарудың қасіретін тартқан ұлттар аз емес. Адамзат тіршілігі мен өркениетке тікелей қауіп төндірген бұл зұлмат талайлардың өмірін үзіп, жүздеген мың адамның тағдырын өзгертті. Семей полигоны, Хиросима мен Нагасаки оқиғасы – өткен ғасырдың қаралы беттері ғана емес, алапат қарудың орасан залалының көрінісі. Осы ретте елімізбен тағдырлас Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джун ЯМАДАМЕН әңгімелестік.
– Құрметті елші мырза, Қазақстандағы миссияңызға кіріскеніңізге көп болған жоқ. Еліміз туралы алғашқы әсеріңіз қандай?
– Қазақстанға келгеніме бірнеше ай ғана болды. Менің назарымды аударғаны – кеңдік пен үлкендік. Шексіз аспан, ұлан-ғайыр дала, әлеуеттеріңіз де жоғары, ал адамдардың жүрегі мен көңілі тура қазақ даласы секілді кең. Сонымен қатар мені Қазақстан мен Жапонияның ұқсастығы таңғалдырды. Біздің сыртқы келбетіміз ғана ұқсас емес, ойымыз бен сезіміміз де бір жерден шығатын секілді. Тағы бір нәрсе – түрлі этностық, діни және мәдени алуандылықтың арасында керемет үйлесім бар. Бұл үйлесімділік кез келген жерде көрініс тапқан. Бұл – әлем үшін бірегей әрі қымбат үлгі.
– Қазақстан мен Жапония – әлемде ядролық қарудың ауыр қасіретін тартқан тағдырлас елдер. Жапония үкіметінің Семей ядролық полигоны мәселесінде Қазақстанға қолдау білдіргенін жақсы білеміз. Осы бағытта бірлесе атқарған жұмыстар жайлы айтып берсеңіз?
– Өкінішке қарай, XX ғасыр адамзат тарихындағы ең қаралы беттердің бірі болып қалады. Кейбір аймақтар сол қасіреттің естелігі болып, болашаққа сабақ ретінде қасқайып тұр. Семей мен Хиросима – сол зұлымдықтың куәсі болған өңірлер. Осы тұрғыдан алғанда, біз әлемде енді ядролық апаттардың болмауы үшін адамзат алдында тең жауапкершілікті сезінеміз. Сондықтан Семейдің біз үшін орны бөлек. Біздің аймақты ядролық қарусыздандыру бағытындағы бірлескен әрекетіміз Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан басталып кетті. Мен өзім Жапонияда осы ынтымақтастықтың алғашқы қадамдарына куә болдым. Сондай-ақ ғасыр басында Жапонияның қолдауымен займ негізінде Ертіс өзені арқылы өтетін көпір салынды.
Одан бері Қазақстанның әлеуеті артып, тұрақты әрі бай экономикаға қадам басты. Ал біздің назарымыз адам қауіпсіздігі саласына ауды. Жергілікті билікпен және азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, бірқатар бастаманы жүзеге асырдық. 2004-2018 жылдар аралығында біз Семейде жалпы сомасы 1,2 миллион доллардан асатын 19 жобаны аяқтадық. Олардың қатарында мектептерді, балабақшаларды қайта жаңарту секілді жұмыстар бар. Одан бөлек, университеттер, мектептер мен үкіметтік емес ұйымдар арасында тұрақты өзара қарым-қатынас жолға қойылған. Білім беру саласында белсенді байланыс бар. Әзірге Қазақстанның шығыс өңіріне жолым түспеді. Пандемия аяқталғанда міндетті түрде Семейге барып, тұрғындарымен тілдесіп, қаланы өз көзіммен көрсем деймін.
– Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қандай деңгейде? Пандемия тауар айналымына қалай әсер етті?
– Соңғы 30 жылда екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді. Алайда пандемияның салдарынан сауда көлемі шамамен 25 пайызға төмендеді. Дәл қазір нақты соманы бағалау қиын. Дегенмен бұрын-соңды болмаған мұндай сынақтың жаһандық сипатын ескере отырып, нәтиженің осылай болары анық еді, одан қаша да алмаймыз. Біз үшін қазір тұрақтылық пен пандемиядан кейін немесе оны күтпей-ақ экономиканы қалпына келтіруге деген құлшынысты сақтау маңызды. Барлығымызға шыдам мен табандылық қажет. Сонымен қатар адамдар жаңа бастамаға ұмтылып, күш-жігерін жинақтап отырғандай көрінеді. Дегенмен, 2020 жыл тек жағымсыз жайтқа толы болды деуге болмас. Былтыр қазақстандық жылқы етінің тұңғыш рет жапон нарығына шыққаны туралы жаңалық тарады.
– Сонда Жапонияда жылқы етіне сұраныс бар дейсіз бе?
– Жапонияның климаты Қазақстанға ұқсас, қысы суық белгілі бір өңірлерінде халық жылқы етін тұтынады.
– Жапония еліміздегі ірі 10 инвестордың қатарында екені белгілі. Жапон инвесторларын Қазақстан несімен қызықтырады? Елдегі жапон компаниялары қай салаларда белсенді?
– Әрине, біз одан да жоғары сатыға көтерілуді қалаймыз. Сіздің елдің жоғары әлеуеті тәуелсіздік алған тұстан бастап белгілі болды. Бүгінгі таңда Қазақстандағы Жапон сауда палатасы мұнай, уран өндіру, табиғи апаттардың алдын алу, көлік, медициналық жабдықтар және өзге де салалардағы әлемге әйгілі 16 жапондық компаниядан тұрады. Үкіметаралық деңгейде бізде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия бар, ол 2009 жылдан бері сауда және инвестициялық жағдайларды жақсартуды, табиғи ресурстарды зерттеуді, өнеркәсіп пен инвестициялардың жаңа салаларына көмек көрсетуді бірлесіп талқылап келеді. Соңғы VII отырыс 2018 жылдың маусым айында Қазақстанда өтті. Оған қатысы бар тұлғалар COVID-19 пандемиясынан туындаған үзілістен кейін жұмысқа қайта кірісуге дайындалып жатқанына сенімдімін. Мәселе – тек келтірілген залалды қалпына келтіруде ғана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға басымдық беруде. Соңғы жылдардағы жағдай мен одан алған сабағымызды ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау мен денсаулық, медицина сияқты салаларды қолға алу керек екенін көріп отырмыз. Біз бұрынғыдан да жақсы қалыпқа келу үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек.
– Орталық Азия+Жапония диалогының нәтижелерін қалай бағалар едіңіз? Бастапқыда қойылған міндеттер орындалды ма? Елші ретінде осы саяси бастамадағы Қазақстанның рөлін айтып өтсеңіз?
– Жапония Орталық Азия аймағының дамуына үлес қосуға шын жүректен ниетті. Өңірдің шынымен ашық, тұрақты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін бірлескен кеңістікке айналуын қалайды. Бұл үрдісті алға жылжыту үшін Жапония 2004 жылы «Орталық Азия+Жапония» диалогын құруды ұсынды. Өздеріңіз білетіндей, дәл осы формат сәтті болып, қазір үлкен танымалдылыққа ие. Жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақ секілді «5+1» форматы кеңінен таралып кеткені соншалық, осы форматты өзге де құрылымдардан көреміз. Біз осы сәтті формуланың бастамашысы болғанымызды және болашаққа көрегендікпен қарай білгенімізді мақтан тұтамыз. «Орталық Азия+Жапония» министрлерінің алғашқы кездесуі Қазақстанда өтуінің ерекше мәні бар. Бұл Қазақстанның аймақтағы орны мен теңдессіз рөлін айқындап берді. Пандемиядан кейінгі тет-а-тет форматындағы министрлердің келесі кездесуі толық тарихи шеңбер жасап, Нұр-Сұлтанға қайта оралады деген үміттемін.
Форумды бастапқы күндерімен салыстырғанда қазір диалогтың мазмұны шынайы өзара, тең құқықты және екі жақты сипатқа қарай бет бұрып келеді. Біз ынтымақ пен ортақ әрекетпен ғана шешімін табатын таза энергия секілді мәселелерді тең дәрежеде талқылап келеміз. Біз бұл бағытты қос қолдап қолдаймыз. Өйткені бұл біздің сол кездегі көзқарасымыздың бүгінде жетіліп, дұрыс болғанын растап отыр.
– Кейінгі жылдар Жапония халқы үшін айтулы тарихи оқиғаларға толы болды. Император ауысып, жаңа дәуірге аяқ бастыңыздар, ел үкіметі де ауысты. Бұл өзгерістер Жапония үшін нені білдіреді?
– Жапония жалпы қабылданған Батыс күнтізбесімен қатар, әр императордың билік ету кезеңіне сәйкес өзіндік күнтізбе қолданатыны белгілі. 2019 жылдың 1 мамырында ұлы мәртебелі император Нарухито таққа отырды, содан бері жаңа «Рейва» дәуірі басталды. Бұл атау өзінің бастапқы мағынасында адамдар арасындағы толық үйлесімді білдіреді. Барлық жапон халқы осындай дәуірдің өз елінде ғана емес, бүкіл әлемде орнағанын қалайды және адамзаттың дамуына өзіндік үлесін қосуға ұмтылады. Бұл жолдың қаншалықты ұзақ және қиын болатынын біле тұра, біз осы жалғыз дұрыс бағыттан айнымаймыз. Өйткені адамзат бетпе-бет келген қауіп-қатер көп. Ал жаңа дәуір жапон халқы үшін жаңашылдықтың жаршысы секілді. Бірнеше онжылдықта бір келетін тарихи оқиғаны әркім әртүрлі қабылдайды. Әрине, көбінің күнделікті тіршілігін айтарлықтай өзгерте қоймайды, дегенмен эмоция тұрғысынан әсері зор.
– Бір жылға шегерілген Токио Олимпиадасы биыл пандемияға қарамастан өтіп жатыр. Жапон қоғамындағы көзқарас қандай?
– Осыдан 10 жыл бұрын біз 2020 жылы Олимпия ойындарын өткізуге ұсыныс білдіргенде, бүкіл әлем пандемияның құрсауында қалатынын алдын ала ешкім болжап, біле алмады. Былтыр Олимпиаданы бір жылға шегеру туралы шешім қабылдағанымызбен, жағдай біз қалағандай өзгере қоймады. Жапон жұртының бұл халықаралық жарысты өз елінде өткізуге аса құштар болмағаны рас. Шындығында, турнир басталғанға дейін қоғамда қорқыныш пен күмән басым болды. Алайда біз халықаралық міндеттемелерімізді орындауға және бүкіл адамзат үшін осы ұлы мерекені сыйлауға байыппен қарадық. Осылайша қазіргідей күрделі кезеңде барша халыққа үміт пен бірлікті көрсеткіміз келді. Әрине, біз сақтық шараларына аса мән бердік. Спорттық жарысты көрерменсіз өткізу секілді аса қатаң шараларды қабылдауға тура келді. Дегенмен ойын ойдағыдай өтті, басты кейіпкерлер спортшылардың өздері болды. Барлық шектеу мен қатаң қауіпсіздік шараларына қарамастан, жарыс алдындағы толқу мен қуаныштың, табандылық пен көп жылдық еңбектің куәсі болдық. Ұлттық құрамамыздан жоғары нәтиже күткенімізбен, ұйымдастырушы ел ретінде сәтті өнер көрсеткен барлық спортшыға қолдауымызды білдіреміз. Бірнеше жыл тер төгіп еңбектенген, әлемнің түкпір-түкпірінен өз мүмкіндігін көрсетуге келген азаматтарды көргенде дайындық барысындағы келеңсіз жағдайлар мен ұйымдастыру кезіндегі қиындықтардың түкке тұрмайтынын байқайсың.
Олимпиаданың ашылу салтанатында қазақ спортшыларының миллиондардың жүрегін жаулап алғанын айта кеткен жөн. Әлеуметтік желіде Қазақстанның Ту ұстаған спортшылары мен өзге атлеттерінің бейнесі, ұлттық нақыштағы киім үлгісі бірден көзге түсіп, көптің көзайымына айналды.
– Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына биыл 30 жыл толады. Келесі жылы Қазақстан мен Жапонияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына – 30 жыл. Сіздің қызметіңіз осындай тарихи сәтпен тұспа-тұс келген екен. Осы уақытта атқарылған жұмысқа қандай баға берер едіңіз? Екі ел ынтымақтастығы алдағы уақытта қай бағытта дамымақ?
– Адам өмірімен өлшейтін болсақ, 30 жас дегеніміз – кемелдену мен үлкен тәжірибені білдіреді. Сонымен қатар алдында әлі бағындырар жаңа көкжиектер мен асулардың бары сөзсіз. Біздің қарым-қатынасымыз дәл осындай бетбұрыс кезеңінде екеніне сенімдімін. Тек соңғы онжылдықта Сіздің құрметті Елбасыңыз Жапонияға екі рет келіп, біздің Премьер-Министр Қазақстанға сапармен келді. Қазір пандемияға байланысты жақын болашақты болжау қиын, бірақ осындай жағдайда да Премьер-Министр Суга мен Президент Тоқаев, сондай-ақ Өкілдер Палатасының Спикері Осима мен Мәжіліс Төрағасы Нығматулин арасында биылғы жылдың мамыр айында телефон арқылы жемісті келіссөздер өтті.
Жоғарыда айтқанымдай, біз пандемиядан алған сабақтарымызды саралап, былтырдан бері жиналған күш-жігеріміз бен ұмтылысымызды жаңа бір бастамаға бағыттасақ дейміз. Бұл тұрғыда мен оптимистік көзқарастамын. Алдағы уақытта өзара тығыз келіссөздер барысында басым бағыттарды анықтайтын боламыз.
Мен Қазақстанда осыған дейін болған Жапония елшілерінің барлығын жеке танығанымды мақтанышпен айта аламын. Өз қызметімде қазақ-жапон халықтарын одан әрі жақындастырып, достық қарым-қатынастарын тереңдете түсу – басты міндетім екені анық. Алайда қазіргі күн тәртібінде пандемиямен күрес мәселесі тұрғаны белгілі. Дәл осы салада бірлесе жұмыс атқарып, жақсы нәтижеге жетуге болады. Жапон халқында «Кез келген қиындықты мүмкіндікке айналдыруға болады» деген мақал бар. Сондықтан осындай күрделі кезеңді бірлесе отырып еңсеретінімізге сенімдімін.
– Жыл басында Қауіпсіздік мәселелері бойынша төрт жақты диалогтың (Quadrilateral Security Dialogue) отырысында ұйымға мүше Жапония, АҚШ, Үндістан, Аустралияның басшылары Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы маңызды мәселелерді талқылады. Мәселенің бір ұшы Қытайға келіп тіреледі. Қазіргі Жапония-Қытай қарым-қатынасы қандай сипатта?
– «Quad» диалогы туралы айтатын болсақ, кейбір қате түсініктерді нақтылауға рұқсат етіңіз. Бұл ақыл-ойдың бірлестігі ешқандай арнайы мүддені ұстанбайды, керісінше заңның үстемдігі, кеме қатынасы бостандығы, кез келген дауды бейбіт жолмен шешу, демократия, аумақтық тұтастық секілді баршаға ортақ құндылықтарды анықтап, сақтауды көздейді. Сонымен қатар отырыста COVID-19 пандемиясымен күресте күш біріктіру мен ынтымақтастық мәселесінің көтерілуі түсінікті. Егер олар жалпыға бірдей «теріс» бағытты ұстанбаса, бұл құндылықтардың үстем болуынан ешкім қорықпауы керек.
Ал Қытайға келетін болсақ, бұл ұлы ел мен өркениет – мыңдаған жылдар бойы Жапонияның ең жақын көршісі. Осындай ұзақ ынтымақтастықтың арқасында өзара түсіністік пен құрмет қалыптасқанына сенімдімін. Біз Қытаймен қазіргі және болашақ қарым-қатынасымызды осы тарихи тұрғыдан қарастырып, жоғарыда айтып өткен жаһандық құндылықтарға негіздей отырып жүргіземіз.
– Қазақстандағы жапон диаспорасына тоқталсақ.
– Қазақстанда өмір сүріп жатқан жапондар көп емес. Елде қазір көбіне кәсіпкерлер тұрып жатыр. Дегенмен жапон ұлтынан шыққан кейбір белгілі тұлғалар бар. Тецуро Ахико мырзаның тағдырын мысалға келтіруге болады. Былтыр қайтыс болған жапон әскери тұтқынының өмірі қазақ жерімен тығыз байланысты. Тұтқыннан босатылғаннан кейін ол осында өмір сүріп, үйленіп, ғұмыр кешті. Осындай тұлғалардың ауыр тағдыры мен өмірі біздің достық байланысымыздың алтын көпіріне айналады.
– Жапон және қазақ мәдениетінің ұқсас тұстары бар ма? Қазақ халқының қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?
– Шындығында, маған екі ел арасындағы айқын өзгешелікті дөп басып айту қиын. Егер Жапонияда біраз уақыт тұрып келген қазақтардың біреуіне осы сұрақты қояр болсаңыз, олардың көбі біздің күнделікті өміріміздің көп тұсы ұқсас келетінін айтар еді. Сыртқы келбетімізден ғана емес, сонымен қатар басқа да нәрселерден бізді ажырату қиын. Жоғарыда айтып өткен, ғұмырын Қазақстанда өткізген жапон әскери тұтқынының өмірі біздің рухани жақындығымыздың тағы бір дәлелі бола алады.
Біздің арамыздағы осындай ғажайып ұқсастықтың ғылыми немесе тарихи түсіндірмесі болуы керек деп ойлаймын. Және жақын болашақта үздік ғалымдардың осы бағыттағы зерттеулері мен жаңалықтарын күтемін. Себебі біздің ата-бабаларымыз көптеген ғасырлар бойы ауыл шаруашылығы пайда болғанға дейін көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі. Сол кезеңнің іздерін ЮНЕСКО жақында Дүниежүзілік мұра деп танығанын айта кету керек.
– Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, салт-дәстүрімен танысып үлгердіңіз бе?
– Мен қазақтың бай аспаздық дәстүрін енді ғана танып-біле бастадым. Мен өзге жапондар секілді емес, балық немесе теңіз өнімдерінен гөрі ет тағамдарын жақсы көремін. Осылайша, Қазақстанның ұлттық тағамдары менің талғамыма толық сай келеді. Мен де жылқы етінен жасалған тағамдардың дәмін татып, бағалай бастадым. Айтып өткенімдей, Жапонияның кейбір аймағы үшін жылқы еті таңсық емес. Сол жерді мекен еткен халық қазақтар секілді жылқы етін тұтынады. Ал қазақтың еті мен өзге де тағамдары жапондар үшін де ұлттық асқа айналуы ғажап емес.
– Жапон қоғамында әйелдердің саясатқа белсенді араласпауы үлкен мәселе болып отырған көрінеді. Тіпті мемлекет тарапынан арнайы шаралар да қолға алынған. Жағдай өзгерді ме?
– Иә, бұл – өте баяу жүріп жатқан үрдіс. Дәл осы салада Қазақстаннан үйренеріміз көп. Біз осы мәселеде әлем елдерінен біршама артта қалғанымызды түсінеміз. Шетелден келген парламент өкілдерінің арасында әдетте әйелдер көп болып, біз жақтан аз болып жатады. Осы бағытта батыл қадамдар жасап жатқанымыз рас.
– Қазақстан халқына Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ізгі тілегіңіз қандай?
– Барша Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 30 жылында жүріп өткен жарқын жолымен, жеткен жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер еш әсірелеусіз толағай табысқа қол жеткіздіңіздер. Өздеріңіздің ұлттық болмысыңыз бен тамыры тереңге жайылған бай мәдениетіңізді сақтай білдіңіздер демекпін. Өйткені біздің өміріміз өткен мен қазіргінің тең үйлесімін тауып, үздіксіз ағын секілді жүріп жатуы керек. Болашаққа келер болсақ, Қазақстанның жұлдызы қазіргіден де жарқырап жанатынына үлкен сенімім бар.
– Egemen Qazaqstan газетінің оқырмандарына не айтарыңыз бар?
– Осы керемет елге келгеннен кейін халықпен тікелей байланысуыма мүмкіндік бергендеріңізге алғыс білдіремін. Газет тарихтың барлық кезеңінде сол қоғамның айнасы ретінде ерекше рөл атқарады. Бүкіләлемдік ғаламтор желісінің дамуымен оның маңызы еш өзгермек емес.
– Әңгімеңізге рахмет.