Конституция күні қарсаңында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлерінен жасақталған «Атамекен» экспедициясының мүшелері Қарағанды облысына келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақ халқының мәдениеті мен тарихын, аймақтардың туристік әлеуетін насихаттау - экспедиция барысындағы басты мақсат.
Бабалар ізімен келе жатқан керуенді Қарағанды қаласының кіре берісінен облыс әкімдігінің өкілдері қарсы алды.
«Қарағанды облысы тарихи-мәдени мұраға бай. Біз еліміздің бас басылымдарының өкілдерін, отандық БАҚ көшбасшыларын қасиетті жерде қарсы алғанымызға қуаныштымыз», деді экспедиция қатысушыларын күтіп алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.
Екі күндік экспедицияда журналистер Жаңаарқа ауданы, Жезқазған және Ұлытау ауданында орналасқан тарихи киелі нысандарды аралайды.