Елдік пен еркіндіктің, өсу мен өрлеудің басты құжаты саналатын Конституциямыздың барлық талапқа сай қабылдануына көптеген тұлғаның еңбегі сіңді. Солардың бірі – Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуының бастауында тұрған мемлекет және қоғам қайраткері Зинаида ФЕДОТОВА.
Ғұмыр жолының басым бөлігі мемлекеттің қалыптасуы, заң шығару, заң талаптарының тиімді жүзеге асырылуымен тығыз байланыста болған профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Ата Заңымыздың қалай жазылғаны, 90-жылдардың басында болған заң шығару процесіндегі қиындықтар және еліміздің адам құқығын қамтамасыз етудегі бүгінгі басты міндеттері жайлы сұрақтарымызға жауап берген еді.
– Биылғы Конституция күнін ел Тəуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында атап өткелі отырмыз. Осы орайда Негізгі Заңымыздың жас мемлекетімізді нығайтудағы мəн-маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Әрбір мемлекет үшін құқықтық жүйенің жай-күйі – сол елдің жалпы жағдайы мен дамуының ең маңызды мәселелерінің бірі. Ал құқықтық жүйенің табан тірейтін негізі Конституция екені белгілі. Себебі бұл құжат – қоғам мен мемлекеттің Негізгі Заңы. Конституцияда мемлекеттік құрылыс нысаны, тіршілік етуші қоғамның саяси нысаны, мемлекеттік органдардың жүйесі, оларды құру тәртібі мен жұмыс істеу тәсілі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары бекітілген.
Еліміз егемендігін жариялап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы қадамдарын жасай бастаған 90-жылдары құқықтың жаңа жүйесін қалыптастыру өте өзекті мәселелердің бірі болды. Себебі ескірген бұрынғы құқықтық база жаңа қоғамдық-экономикалық жағдайда, басқа мемлекеттік жүйеде жұмыс істемеді.
Ең алдымен, жаңа мемлекеттің Конституциясын әзірлеу қажет болды. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды қабылдауға мүмкіндік берді. Ал Конституция жобасын әзірлеу Конституциялық комиссияға жүктелді. Комиссияның құрамына депутаттар, көрнекті ғалымдар, заңгерлер, экономистер, саясаттанушылар және қоғам өкілдері енді. Әр тарауы, әр бабы жан-жақты қарастырылып, мұқият сүзгіден өткізілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы 1993 жылғы қаңтарда қабылданды.
Дәл осы тәуелсіз еліміздің мемлекеттік құрылысының құқықтық негізін қалап берген құжат егемен Қазақстанның қалыптасуының, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, барлық қоғамдық процесті реттеудің күрделі кезеңінде құқықтық және саяси акт ретінде өз міндетін толық атқарды деп санаймын. Өйткені 1993 жылғы Конституцияның құқықтық нормалары экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени салалардағы қоғамдық қатынастарды реттейтін алғашқы нормативтік-құқықтық актілерді қалыптастыру мен дамытудың жаңа құқықтық базасының негізі болып қаланды.
– Сіз – тәуелсіз Қазақстанның алғашқы (1993 жылғы) және қазіргі (1995 жылғы) Конституциялары қалай жазылғанына тікелей куә болған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірісіз. Араға екі жыл салып Негізгі Заңның өзгертілуінің басты себептері неде деп ойлайсыз?
– Жаңа мемлекет қалыптасуының бастапқы кезеңінде қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болды. Сондықтан алдымызда мемлекеттілікті нығайтуды, демократияны дамытуды және азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруды қамтамасыз ететін жаңа заңнамалық база құру міндеті тұрды. Құқықтық реттеудің бірқатар принципті мәселесі 1993 жылғы Конституцияда шешілмеген еді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Конституцияның жаңа жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде бірінші Конституцияның проблемалары мен кемшіліктері ескеріліп, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаны белгілі. Бұл құжат мемлекет дамуының кейінгі кезеңдерінде оның тиімді құқықтық жүйесін құрудың негізі болды.
1995 жылғы Конституция негізінде қабылданған алғашқы заңдар қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар, коммерциялық емес ұйымдар, митингілер мен ереуілдер және басқалар туралы болғанын атап өткен жөн. Олардың барлығы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталды. Конституцияда мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіту және оны заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу және олардың желісі мен тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асыру маңызды болды. Өткен жылдар Қазақстанның мемлекеттік билік органдарының практикалық қызметінде осы қағидаттардың өміршеңдігін
дәлелдеді. Еліміздің даму жолындағы оқиғаларға байланысты Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер ел басқарудың тиімді, тұрақты, заманауи жүйесін құруға бағытталған болатын. Соған сәйкес мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінді, олардың мәртебесі барынша айқындалды. Көптеген конституциялық түзету қазақстандық қоғамдағы демократиялық процестерді одан әрі жетілдіруді мақсат тұтты.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы сол кезде тәуелсіздік алған басқа мемлекеттер сияқты, Қазақстан үшін де түрлі саяси, әлеуметтік, экономикалық қиындықтарға толы болды. Атап айтқанда, экономиканы жаңа нарықтық жағдайға бейімдеу, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешу, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттілікті нығайту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау проблемалары күн тәртібінен түскен жоқ. Өтпелі кезеңнің барлық күрделі міндетін тиімді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету өте маңызды еді. Өз басым ел басшылығы, Елбасы таңдап алған, әлемдік практикада сынақтан өткен табысты мемлекет құрудың ең маңызды қағидаттары осы айтылған проблемалардың барлығын оңтайлы шешудің кепілі болды деп санаймын. Жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптасуының алғашқы кезеңінде мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен негізгі бағыттары айқындалды, сонымен қатар халықаралық тәжірибе Қазақстаның жағдайына бейімделе отырып пайдаланылды. Әрине, жетістіктер де, сәтсіздіктер де болды.
– Сіз егемен еліміздің құқық қорғау жүйесіндегі іргелі реформалар тұсында лауазымды қызметтер атқардыңыз. Сол кезде қабылданған тарихи шешімдер мен заңдардың қайсысына ерекше тоқталар едіңіз?
– 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кейін құқық қорғау жүйесін реформалау жөнінде бірқатар маңызды саяси және құқықтық шешім қабылданды. Реформалардың негізгі бағыттары Елбасының, ел Үкіметінің тұжырымдамалық құжаттарында айқындалды. Реформаның маңызды міндеттері ретінде қылмысқа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты жою көрсетілді. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды қағидаты қылмыстық-құқықтық мемлекеттік саясатты ізгілендіру болды. Осы кезеңде мемлекеттік билік органдарында құқық қорғау жүйесінің заңнамалық базасын қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық кодекстер, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, басқа да нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.
– БАҚ-қа берген бір сұхбатыңызда «Біз жұмысты сүйіп істедік, ештеңеден қорықпай, жаңа заңдарды қабылдап отырдық» деген екенсіз...
– Себебі заң жобаларын дайындау, заң шығару кезінде депутаттарға ешқандай қысым болған жоқ. Кез келген халық қалаулысы заң шығару процесінде қабылдаған шешімін еркін, ешкімге жалтақтамай, ештеңеден қорықпай айта алды...
– Қоғамда заңның үстемдігін қамтамасыз ету жайлы жиі айтылады. Осы орайда заңгерлер биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және соған сәйкес құрылған әкімшілік соттарға үлкен үміт артып отыр. Осы реформа туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.
– 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін ерекше нормативтік-құқықтық акт. Бұл – мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін жүзеге асыруға байланысты қатынастар. Кодексте жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды қамтамасыз ету, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, жария-құқықтық салада заңдылықты нығайту әкімшілік рәсімдерінің міндеттері бекітілген. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешуді қамтамасыз ету. Демек тиісті мемлекеттік органдар, соттар осы құқықтық нормаларды бұлжытпай сақтаған жағдайда заңның үстемдік құрғаны туралы тұжырымдап айтуға болады. Кодексте әкімшілік процеске қатысушылардың: талапкердің, жауапкердің, мүдделі тұлғаның және прокурордың құқықтары мен міндеттері егжей-тегжей ашылып көрсетілген. Әкімшілік рәсімдерге қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сәтті іске асыруда судьяларға бірінші сатыдағы сотта әкімшілік істі қарау кезінде үлкен рөл беріледі. Өйткені судья істерді мемлекет атынан жеке-дара қарайды, оған ерекше маңыз бен жауапкершілік беріледі. Осылайша, Кодексте жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, әкімшілік істерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың, судьялардың, лауазымды тұлғалардың қызметін реттейтін маңызды нормалар бекітілген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының адам құқығы саласындағы әрі қарай шаралары туралы» Жарлыққа сәйкес Үкіметке тиісті тапсырмалар бергені белгілі. Сіздің ойыңызша, еліміздің адам құқығын қамтамасыз ету саласындағы басым міндеттер қандай?
– «Қазақстан Республикасының адам құқығы саласындағы әрі қарай шаралары туралы» ел Президентінің Жарлығында адам құқықтары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары айқындалды. Ел Үкіметіне нақты іс-шаралар тізбесін көздейтін адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекіту тапсырылды. Адам құқықтары проблемасын кешенді түрде, яғни құқықтар, міндеттер және мүмкіндіктер деп қарастырған жөн. Құқықтарды жариялау оңай, ал оларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау қиынырақ. Қазіргі таңда мен ел Үкіметінің қоғамның жекелеген салаларында азаматтардың белгілі бір санаттарының заңды құқықтарын іске асыру кезінде олардың мүмкіндіктерін қамтамасыз ету іс-шараларын әзірлеу жайлы әңгіме қозғалып отыр деп ойлаймын. Әрине, мүгедектерге барынша қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау қажет. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың әртүрлі өмірлік жағдайларында – білім алу, жұмысқа орналасу, қоғамдық орындарда жүріп-тұруы, демалу құқықтарын жүзеге асыру үшін қолдан келген көмекті аямаған жөн. Бүгінгі таңда жұмысқа орналасу, жалақы төлеу, мансаптық өсу, балаларды қамқорлығына немесе асырап алуға алған әйелдер үшін жағдай жасау кезінде ерлер мен әйелдердің теңдігі мәселесі толық шешімін таппай келеді. Мемлекеттік органдар еліміздегі азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударуға тиіс. Бұл бағытта қоғамымызды одан әрі дамытудың игі мақсаттарын іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың резервтерін, жас ұрпақтың зияткерлік мүмкіндіктерін пайдалану аса маңызды. Бұл олардың мемлекетті басқарудағы конституциялық құқықтарын іске асыруға ықпал етеді. Адам құқықтары үшін қажетті мүмкіндіктер жасау маңызды. Алайда әрбір адамның қоғам өмірінің түрлі салаларында өз құқықтарын табысты іске асыруы үшін жеке жауапкершілігі де маңызды екенін естен шығармағанымыз жөн.
– Кейінгі жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформаларға көзқарасыңыз қалай?
– Қоғамның саяси жүйесін жаңғырту мәселелері ел басшылығы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұдайы басты назарында болды. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында бұл бағытта көптеген оң жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда әлеуметтік процестер өте белсенді. Сол себепті де біз алға қойған мақсаттарымызға жету жолында тоқтап қала алмаймыз. Кейінгі жылдардағы сыртқы факторлар да қоғамдағы процестерге үлкен әсер етті. Посткеңестік кеңістіктегі және жалпы әлемдегі оқиғалар елдегі жағдайға өз ықпалын тигізбей қоймады. Мұндай серпінді өзгерістер мемлекеттік саясаттың басымдықтарын жедел өзгертуді, заңнамалық базаны жаңартуды, мемлекет пен басқа да қоғамдық институттардың күштерін біріктіруді талап етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»