• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Тамыз, 2021

Құқықтық жүйенің негізі – Конституция

1018 рет
көрсетілді

Елдік пен еркіндіктің, өсу мен өрлеудің басты құжаты саналатын Конституциямыздың барлық талапқа сай қабылдануына көптеген тұлғаның еңбегі сіңді. Солардың бірі – Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуының бас­тауында тұрған мемлекет және қоғам қайраткері Зинаида ФЕДОТОВА.

Ғұмыр жолының басым бөлігі мемлекеттің қалыптасуы, заң шығару, заң талаптарының тиімді жүзеге асырылуы­мен тығыз байланыста болған  профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері Ата Заңымыздың қалай жазылғаны, 90-жылдардың басында болған заң шығару процесіндегі қиындықтар және еліміздің адам құқығын қамтамасыз етудегі бүгінгі басты міндеттері жайлы сұрақтарымызға жауап берген еді.

– Биылғы Консти­ту­ция күнін ел Тəуел­сіз­дігінің 30 жыл­дық мерейтойы аясында атап өткелі отырмыз. Осы орайда Негіз­гі Заңымыздың жас мем­ле­кетімізді ны­­ғай­тудағы мəн-маңызы туралы не ай­тар едіңіз?

– Әрбір мемлекет үшін құ­қық­тық жүйе­нің жай-күйі – сол елдің жалпы жағ­дайы мен дамуының ең маңызды мәселелерінің бірі. Ал құқықтық жүйенің табан тірейтін негізі Конституция еке­ні белгілі. Себебі бұл құжат – қо­ғам мен мемлекеттің Негізгі Заңы. Конституцияда мемлекеттік құрылыс нысаны, тіршілік етуші қоғамның саяси нысаны, мемле­кет­тік органдардың жүйесі, олар­ды құру тәртібі мен жұмыс істеу тәсілі, адам мен аза­маттың құ­қық­тары мен бостандықтары бекі­тілген.

Еліміз егемендігін жариялап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ре­тін­де алғашқы қадам­дарын жасай бастаған 90-жылдары құқық­тың жаңа жүйесін қалыптастыру өте өзекті мәселелердің бірі болды. С­ебебі ескірген бұрынғы құ­қық­тық база жаңа қо­ғамдық-эко­номикалық жағдайда, басқа мем­­лекеттік жүйеде жұмыс істе­ме­ді.

Ең алдымен, жаңа мемлекеттің Конс­ти­туциясын әзірлеу қажет болды. Бұл тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарын­да­ғы қоғамдық қа­ты­настарды реттейтін заң­дарды қабылдауға мүмкіндік берді. Ал Кон­ституция жобасын әзірлеу Кон­сти­туциялық комиссияға жүк­тел­ді. Комис­сияның құрамына депутаттар, көр­некті ғалымдар, заңгерлер, экономис­тер, саясаттанушылар және қоғам өкілдері енді. Әр тарауы, әр бабы жан-жақты қарастырылып, мұқият сүзгіден өткі­зіл­ген­нен кейін Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Конституциясының жобасы 1993 жылғы қаң­тарда қабылданды.

Дәл осы тәуелсіз еліміздің мем­ле­кет­тік құ­рылысының құ­қық­тық негі­­зін қа­лап берген құжат еге­мен Қа­зақс­тан­ның қалып­тасуының, қоғам­да­ғы тұрақ­ты­лық­ты сақтаудың, барлық қоғам­дық процесті реттеудің күрделі ке­зеңінде құқықтық және сая­си акт ре­тінде өз міндетін то­лық атқарды деп санаймын. Өйткені 1993 жылғы Кон­сти­туцияның құқықтық нормалары эко­номи­калық, саяси, әлеуметтік, мәдени сала­лардағы қо­ғамдық қатынастарды рет­тей­тін алғашқы нормативтік-құ­қық­тық актілерді қалыптастыру мен дамытудың жаңа құқықтық базасының негізі болып қаланды.

– Сіз – тәуелсіз Қазақстанның алғаш­қы (1993 жылғы) және қазіргі (1995 жылғы) Конс­ти­туция­лары қалай жазыл­ғанына тікелей куә болған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бі­рі­сіз. Араға екі жыл салып Негіз­гі Заң­ның өз­гертілуінің бас­ты себептері неде деп ой­лайсыз?

– Жаңа мемлекет қалып­та­суының бастапқы кезеңінде қоғамдық өмірдің бар­­лық саласында түбегейлі өзгеріс­тер болды. Сондықтан алдымызда мем­лекет­тілікті нығайтуды, демокра­тия­ны дамытуды және азаматтық қоғам институттарын қалыптастыруды қамта­ма­сыз ететін жаңа заңнамалық база құру міндеті тұрды. Құқықтық реттеудің бір­қа­тар принципті мәселесі 1993 жыл­ғы Конституцияда ше­шіл­меген еді. Сон­дық­тан Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев Конституцияның жаңа жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің не­гізін­де бірінші Конс­титуцияның проблемалары мен кем­ші­лік­тері ескеріліп, 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаны бел­гілі. Бұл құжат мемлекет да­муы­ның кейінгі кезеңдерінде оның тиімді құқықтық жүйесін құру­дың негізі болды.

1995 жылғы Конституция не­гізін­де қабылданған алғашқы заң­дар қоғамдық бір­лестіктер, саяси партиялар, коммерция­лық емес ұйымдар, митингілер мен ере­уіл­дер және басқалар туралы бол­ға­нын атап өткен жөн. Олардың барлығы адам мен азаматтың құ­қықтары мен бос­тан­дық­тарын қоз­ғай­тын қоғамдық қаты­нас­тарды реттеуге бағытталды. Конс­ти­ту­цияда мемлекеттік биліктің бір­тұ­тас­ты­ғын бекіту және оны заң шы­ға­ру­шы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу және олардың желісі мен тепе-тең­дік жү­йе­сін пайдалану ар­қылы өзара іс-қи­мыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асыру маңызды болды. Өткен жылдар Қазақстанның мемлекеттік билік ор­ган­да­рының практикалық қыз­метінде осы қағидаттардың өмір­шең­дігін 

дәлел­деді. Еліміздің даму жолындағы оқиға­лар­ға байланысты Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер ел бас­қа­рудың тиімді, тұрақты, зама­на­уи жүйесін құруға бағыт­тал­ған болатын. Соған сәйкес мемле­кеттік билік тармақтары ара­сында өкілеттіктер қайта бө­лін­ді, олардың мәртебесі барын­ша айқындалды. Көптеген консти­ту­циялық түзету қазақс­тан­дық қоғамдағы демо­кра­тиялық про­цес­терді одан әрі жетіл­ді­ру­ді мақ­сат тұтты.

Өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­рының бірінші жартысы сол кезде тәуелсіздік ал­ған басқа мем­лекеттер сияқты, Қазақ­стан үшін де түрлі саяси, әлеуметтік, эко­но­микалық қиындықтарға толы болды. Атап айтқанда, экономиканы жаңа нарықтық жағдайға бейімдеу, қордаланған әлеу­меттік мәселелерді шешу, адам құ­қық­та­ры мен бостандықтарын қам­тамасыз ету, мемлекеттілікті ны­ғай­ту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау проблемалары күн тәр­ті­бінен түскен жоқ. Өтпелі кезеңнің барлық күрделі міндетін тиімді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету өте маңызды еді. Өз басым ел басшылығы, Елбасы таңдап алған, әлемдік практикада сынақтан өткен табысты мемлекет құрудың ең ма­ңыз­ды қағидаттары осы айтылған проб­ле­малардың бар­лы­ғын оңтайлы шешу­дің кепілі болды деп санаймын. Жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптасуының ал­ғаш­қы кезеңінде мемлекеттік сая­сат­тың басымдықтары мен негізгі бағыттары айқындалды, сонымен қатар халықаралық тәжірибе Қазақстаның жағдайына бейім­де­­ле отырып пайдаланылды. Әрине, жетіс­тік­тер де, сәтсіздіктер де болды.

– Сіз егемен еліміздің құқық қорғау жүйе­сінде­гі іргелі реформалар тұсында лауа­зым­ды қызметтер атқардыңыз. Сол ке­з­де қабылданған тарихи шешім­дер мен заң­дардың қайсысына ерекше тоқ­талар едіңіз?

– 1995 жылғы Конституция қабыл­данғаннан кейін құқық қорғау жүйе­сі­н реформалау жө­нін­де бірқатар ма­ңыз­ды саяси және құқықтық шешім қа­был­данды. Реформалардың негіз­гі бағыт­тары Елбасының, ел Үкіметінің тұжы­рым­дамалық құ­жаттарында айқындалды. Ре­фор­­маның маңызды міндеттері ретінде қылмысқа қарсы кү­рес­ті күшейту, мемлекеттік ор­ган­дар­дың қызметіндегі сыбайлас жемқорлықты жою көрсетілді. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Жүргізіліп жатқан рефор­малардың маңызды қағидаты қыл­мыс­тық-құқықтық мемлекеттік саясат­ты із­гі­лендіру болды. Осы кезеңде мемле­кет­­тік билік органдарында құқық қор­ғау жүйесінің заңнамалық базасын қалып­тас­тыру бойынша ауқымды жұмыс жүр­гізілді. Қылмыстық, Қылмыстық іс жүр­гі­зу, Азаматтық кодекстер, Әкімшілік құ­қық бұ­зу­шылық туралы кодекс, бас­қа да нормативтік-құқықтық актілер қабыл­дан­ды.

– БАҚ-қа берген бір сұх­ба­ты­ңыз­да «Біз жұмысты сүйіп іс­тедік, ештеңе­ден қорықпай, жа­ңа заңдарды қабылдап отыр­дық» деген екенсіз...

– Себебі заң жобаларын да­йын­дау, заң шығару кезінде депутаттарға ешқандай қысым болған жоқ. Кез келген халық қа­лау­лысы заң шығару процесінде қабыл­даған шешімін еркін, еш­кім­­ге жалтақтамай, ештеңеден қо­рық­пай айта алды...

– Қоғамда заңның үстемдігін қамта­м­­асыз ету жайлы жиі айтылады. Осы орайда заңгерлер биылғы 1 шілдеден бас­тап күші­не енгізілген Әкімшілік рә­сім­­дік-процестік кодекске және соған сәйкес құрылған әкімшілік соттарға үлкен үміт артып отыр. Осы реформа тура­лы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді.

– 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін ерекше нормативтік-құқықтық акт. Бұл – мемлекеттік органдардың ішкі әкім­шілік рәсімдерін, сондай-ақ әкім­ші­лік сот ісін жүргізу тәртібін жүзе­ге асыруға байланысты қатынастар. Ко­дек­сте жеке және заңды тұлға­лардың жария құқықтарын, бос­тандықтары мен мүд­делерін толық іске асыруды қам­та­ма­сыз ету, жария-құқықтық қаты­нас­тар­да жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, жария-құқықтық салада заңдылықты нығайту әкімшілік рә­сім­дерінің міндеттері бекітілген. Әкім­ші­лік сот ісін жүргізудің міндеті – әкімшілік іс­терді әділ, бейтарап және уақтылы ше­шуді қамтамасыз ету. Демек тиісті мемлекеттік органдар, соттар осы құқықтық нормаларды бұлжытпай сақтаған жағдайда заңның үстемдік құрғаны туралы тұжырымдап айтуға болады. Кодексте әкімшілік процеске қатысушылардың: талапкердің, жауапкердің, мүдделі тұлғаның және прокурордың құқықтары мен міндеттері егжей-тегжей ашылып көрсетілген. Әкім­шілік рәсімдерге қатысушылардың құ­қық­тарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сәтті іске асыруда судьяларға бірінші сатыдағы сотта әкімшілік істі қарау кезінде үлкен рөл беріледі. Өйткені судья істерді мемлекет атынан жеке-дара қарайды, оған ерекше маңыз бен жауапкершілік беріледі. Осылайша, Кодексте жеке және заңды тұлғалардың өті­ніштерін, әкімшілік істерді қарау ке­зін­де мемлекеттік органдардың, судья­лар­дың, лауазымды тұлғалардың қызметін реттейтін маңызды нормалар бекітілген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының адам құқығы с­а­ла­сындағы әрі қарай шара­ла­ры туралы» Жарлыққа сәйкес Үкіметке тиісті тапсыр­ма­лар бергені белгілі. Сіздің ойы­ңыз­ша, елі­міздің адам құқы­ғын қам­тамасыз ету сала­сын­да­ғы ба­сым міндеттер қандай?

– «Қазақстан Республикасының адам құқығы саласындағы әрі қарай шаралары туралы» ел Прези­дентінің Жарлығында адам құқықтары саласындағы мем­ле­кет­тік саясаттың негізгі ба­ғыт­тары айқындалды. Ел Үкі­метіне нақты іс-шаралар тізбесін көздейтін адам құқықтары саласындағы бі­рінші кезектегі шаралар жос­па­рын бекіту тапсырылды. Адам құқықтары проблемасын ке­шен­ді түрде, яғни құқықтар, мін­деттер және мүмкіндіктер деп қарастырған жөн. Құқықтарды жариялау оңай, ал оларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау қиынырақ. Қазіргі таңда мен ел Үкіметінің қоғамның жекелеген салаларында азаматтардың белгілі бір санаттарының заңды құқықтарын іске асыру кезінде олардың мүмкіндіктерін қамтамасыз ету іс-шараларын әзірлеу жайлы әңгіме қозғалып отыр деп ойлаймын. Әрине, мүгедектерге барынша қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау қажет. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандардың әртүрлі өмірлік жағ­дай­ларында – білім алу, жұмысқа орналасу, қоғамдық орындарда жүріп-тұруы, демалу құқықтарын жүзеге асыру үшін қолдан келген көмекті аямаған жөн. Бүгінгі таңда жұмысқа орналасу, жалақы төлеу, мансаптық өсу, балаларды қамқорлығына немесе асырап алуға алған әйелдер үшін жағдай жасау кезінде ерлер мен әйелдердің теңдігі мәселесі толық шешімін таппай келеді. Мемлекеттік органдар еліміздегі азаматтық қоғамды қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударуға тиіс. Бұл бағытта қоғамымызды одан әрі дамытудың игі мақсаттарын іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың резерв­терін, жас ұрпақтың зияткерлік мүмкіндіктерін пайдалану аса маңызды. Бұл олардың мемлекетті басқарудағы конституциялық құ­қықтарын іске асыруға ық­пал етеді. Адам құқықтары үшін қа­жетті мүмкіндіктер жасау ма­ңызды. Алайда әрбір адам­ның қоғам өмірінің түрлі сала­ла­рында өз құқықтарын табыс­ты іске асыруы үшін жеке жауапкершілігі де маңызды екенін естен шығар­ма­ғанымыз жөн.

– Кейінгі жылдары елімізде жүзеге асы­рылып жатқан саяси реформаларға көзқа­ра­сыңыз қалай?

– Қоғамның саяси жүйесін жаңғырту мәселелері ел басшы­лы­ғы, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұдайы басты назарында болды. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында бұл бағытта көптеген оң жұмыс атқарылды. Қазіргі таңда әлеуметтік процестер өте белсенді. Сол себепті де біз алға қойған мақсаттарымызға жету жо­лында тоқтап қала алмаймыз. Кейін­гі жылдардағы сыртқы факторлар да қоғамдағы процес­тер­ге үлкен әсер етті. Пост­ке­ңестік кеңістіктегі және жалпы әлемдегі оқиғалар елдегі жағ­дайға өз ықпалын ти­гіз­бей қоймады. Мұндай сер­пінді өзгерістер мемлекеттік сая­сат­тың басымдықтарын жедел өзгертуді, заңнамалық базаны жаңартуды, мемлекет пен басқа да қоғамдық инс­титуттардың күштерін бірік­ті­руді талап етеді.           

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»