Конституция күні қарсаңында 2019-2021 жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға шолу жасап, оны конституциялық процесс тұрғысынан ой елегінен өткізу артық болмас. Өйткені кез келген қоғамда жоғары билік органдарының Ата Заңда бекітілген нормалар негізінде атқарып жатқан қызметі мен барлық конституциялық-құқықтық институттардың дамуы әрқашан қызығушылық тудырары сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басқандығын айта келе, тұрақты даму қағидаттарын енгізбейінше, елдің, тіптен жалпы адамзаттың, табысты алға басуының мүмкін еместігін атап көрсетті. Сондықтан оның «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасының «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкіндіктер» деген сөздерден басталуы кездейсоқ емес. Бұл – мемлекетіміздің әлеуетін, оның тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Ол үшін тұрақтылық, азаматтық татулық пен келісім, сонымен бірге серпінді экономика және мықты әлеуметтік саясат керек. Басымдықтардың қатарына қоғамның бірлігін сақтау, заң үстемдігі және әділ сот төрелігі, қоғамдық қауіпсіздік, тиімді мемлекеттік басқару мен саяси жүйені трансформациялау жатқызылды. Осылардың ішінде Мемлекет басшысы тұжырымдағандай, әділдік тәуелсіз Қазақстанның мықты іргетасына айналмақ.
Осы мақсаттардың орындалуы үшін Қ.Тоқаев мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынды. Ол биліктің халықтың алдындағы жауапкершілігін арттыруға, маңызды стратегиялық мәселелер бойынша шешімдерді қоғамдық пікірді ескере отырып қабылдауға, мемлекеттік басқарудың барлық жүйесінің ашықтығы, халықпен үздіксіз кері байланыс және жедел әрекет ету қағидатына негізделді. Көппартиялы жүйені дамытуға және жетілдіруге, шешімді қабылдау мен орындау процесіне азаматтардың қатысуының шынайы тетігі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарының белсенділігін арттыруға назар аударылды. Қоғамдық кеңестер аясында мемлекеттік институттар қызметіне қоғамдық бақылау жасауды жолға қою көзделді. Азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдауға және кәсіби жұмыс істейтін қазақстандық баспасөз құралдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Қазақстанның алдында осындай ауқымды және күрделі жалпыұлттық міндеттер тұрғандықтан, Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру арқылы халықпен тұрақты түрде ақылдасып отыруды қолға алды.
Осы сайлауалды бағдарламасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы оның Қазақстан халқына арнаған Жолдауларына арқау болып, көптеген күрделі және өзекті мәселелерге қозғау салды. Жаңа саяси бағыттың тұжырымдамалық қырлары Президенттің Жолдауларынан басқа, оның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырыстарындағы сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында көрініс тапты.
Бұл жаңа бағыт 2019 жылдың 20 маусымында Президенттің Жарлығымен бекітілген аталған сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру Жоспарында нақтыланды. Бұдан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың оны сол кездің өзінде-ақ анықтап алғандығын аңғару қиын емес. Мемлекеттік биліктің формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы ол басынан-ақ реформаларды табандылықпен барлық саяси ерік-жігерін жұмылдыру және жүйелілікке негізделе отырып жүргізетіндігін анық танытты. Сондықтан осы саяси бағыттың негізгі қағидаттары ретінде сабақтастық, әділдік және өрлеудің алынуы да заңдылық. Байқасаңыз, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бірінші Жолдауында заманауи тиімді мемлекет қалыптастыру шеңберінде саяси өзгерістер жүргізуге басымдық берді. Ондағы мақсаты – мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Өйткені өркендеудің бірден-бір жолы саяси жүйені жаңғырту ғана емес, демократия негізінде трансформациялау екендігі түсінікті бола бастады. Ол мемлекеттік шешім қабылдау процесінің ашықтығын, көппартиялық жүйені жетілдіруді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды және кейбір мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес ұйымдарға беруді дұрыс көрді. Реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең және жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге ерекше мән берілді. Саяси өзгерістер президенттік институтпен қатар, мемлекеттік шешім қабылдауда Парламенттің қатысу деңгейін көтеру мен Үкімет жұмысының тиімділігін арттыруды және оның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен есеп беруін күшейтуді қамтыды.
Әлемді жайлаған пандемия індеті Қазақстандағы мемлекеттік билік жүйесінің осал тұстарының бетін ашып бергені ақиқат. Сондықтан туындаған жағдай 2020 жылы бұл мәселеге басқаша қарауды қажет етті. Өйткені мемлекеттік билік пен басқарудың қоғаммен байланысында орын алған ақаулар олардың жұмысының тиімділігін бұрынғыдан бетер төмендетіп жіберді. Осы үрдістердің алдын алу үшін мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі мен оларды орындаудағы жауапкершілік мәселелері жаңаша көзқарасты талап етті. Ең алдымен азаматтардың талап-тілектеріне дұрыс және шынайы көңіл аудару, қоғам мүддесіне іс жүзінде қызмет ету және әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыру қажет болды. Бұл ахуал әлеуметтік-экономикалық саладағы жағымсыз үрдістердің саяси сипатқа ие болып кетпеуінің алдын алуға мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы нақты шешімдер қабылдап, тиісті іс-шараларды жүргізуді қажет етті. Осы мақсатта мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамытуға ерекше басымдық беріліп, оны институттандыру қолға алынды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылып, оның құрамына Ұлттық статистика бюросы берілді. Елде жүргізіліп жатқан реформаларды ілгерілету мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанынан жаңадан құрылған Реформалар жөніндегі жоғары кеңес түпкілікті шешімдер қабылдау құзыретіне ие болды.
Демек, институттық қайта құрулар COVID-19 індетінің сабағын ескере отырып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздеді. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру қажеттілігі президенттік билікті күшейту мәселесін күн тәртібіне қойды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 16 наурызындағы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы» және «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлықтары оның аталған салалардағы құзыретін кеңейте түсті. Сонымен бірге ол бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту шеңберінде 2019 жылы Үкімет пен өзіне есеп беретін мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енгізді. 2019-2020 жылдар аралығында бірқатар министрлік пен агенттік, қызметтер мен республикалық мемлекеттік мекемелер жаңадан, ал кейбіреулері қайтадан құрылды. Солардың ішінде агенттіктер тікелей Президентке бағынатын болды. Бұл Президенттің жауапкершілігін де күшейтті.
Осылайша, жаңа саяси бағыттың іске асырылу процесінің үздіксіздігі қамтамасыз етілді. Саяси реформалар пакеттеріне енген тапсырмалар іс жүзінде орындалып отырды. Яғни Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлауалды берген уәделері мен айтқандарын екі еткен жоқ. Бұл саяси саладағы реформалардың басы ғана, саяси жүйені қайта құру үрдісі өз жалғасын табатын болады. Мұнда мемлекеттік биліктің барлық институтын реформалау негізінде бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуінің тиімділігін көтеру мақсат етіліп отыр. Әрі қарайғы саяси реформалар азаматтарды елді басқару ісіне тартуға мүмкіндік беруі керек. Өйткені Президенттің айтқандарының барлығы заңмен нақтыланды. Қабылданған 10 заңның ішінде конституциялық заңдар да бар. Ал кейбір заңдарға өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы». Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Партия құру үшін қарастырылатын тіркеу кедергісі 40 мыңнан 20 мыңға дейін төмендетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөле бастады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет парламенттік оппозиция институты енгізілді. Мемлекет пен қоғам арасындағы осындай үнқатысудың орнауы мемлекеттілікті нығайту мен қоғамдық-саяси қарым-қатынасты қалпына келтірудің кепілі болмақ.
Демократиялық мән-мазмұны жағынан «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң ерекше орын алады. Ол республика азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізу құқығын іске асыруға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттеудегі революциялық қадам, серпілісті қоғамдық-саяси оқиға болмақ. Бұл құжаттың қоғамдық-саяси қатынастарды одан әрі дамытуға түрткі болары да сөзсіз. Сонымен қатар Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына қол қоюы арқылы елімізде ресми түрде өлім жазасын жойды. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға өзгерістер енгізілді.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы бойынша 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау қарастырылып, оны өткізу тамыз айынан басталып кетті. Сол сияқты, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітіліп, Үкімет тарапынан оның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жобасы дайындалуда. «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеу және бірыңғай заңды онлайн-петициялар институтын құрып, оны заңдастыру мәселелері қарастырылуда. «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы әзірленіп, ол Парламенттің қарауына енгізілді. Бұл құжатта мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ету мәселесі көтерілмек. Заң жобасында адам және азамат құқықтары, жариялылық, ашықтық, заңдылық, объективтілік, нәтижелердің сенімділігі және қоғамдық бақылауға кедергі көрсетпеу сияқты басымдықтарға негізделетін қағидаттарға сүйене отырып, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру көзделеді. Сонымен бірге депутаттар әзірлеген Омбудсмен туралы арнайы заң қабылданатын болады.
Адамдардың құқықтары мен азаматтарды, соның ішінде әсіресе, балаларды, интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсетуден қорғау проблемасына ерекше мән бере отырып, азаптауға, адам саудасына қарсы күреске бағытталған заңнаманы жетілдіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тиісті заң жобалары дайындалып, Парламенттің қарауына жіберілді. Саяси реформалардың үшінші пакеті шеңберінде саяси партиялардың Парламентке өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсы» бағанын енгізу туралы мәселе де заңдастырылды.
Президент Қ.Тоқаев жаңа мемлекеттік модельді қалыптастырудың жүйелі іске асырылуына көп көңіл аударып отыр. Тиімді мемлекет құру оның қоғаммен байланысындағы сервистік модельге көшуі негізінде іске асырылмақ. Олай болса, билікке де бүгінгі туындап отырған жағдайды қайта қарауына тура келеді. Демек, ол өзін де өзгертуі шарт. Яғни мемлекеттік басқару дұрыс мағынаға ие болуы керек. Сонда ғана биліктің халық алдындағы беделі өсіп, жауапкершілігі артады. Ендеше билік жауапкершілікті болу үшін дамыған азаматтық қоғам керек. Ал оны дамыту үшін үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін өсіру қажет. Мұндағы басты мәселелердің бірі азаматтар мен қазақстандық азаматтық қоғам институттарын реформалау және оларды мемлекетті басқару процесіне тарту болды. Ондағы мақсат, біріншіден, мемлекет пен оның органдарының жұмысының тиімділігін көтеру болса, екіншіден, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту. Мәселен, ауыл əкімдерінің тікелей сайлауы жергілікті басқару жүйесінде тың əрі қажетті өзгерістердің басталғанын және мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың нығаюына оңтайлы жағдайдың туатындығына сенім ұялатады. Бұдан кейін аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Ал егер осы жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, онда келесі деңгейдегі әкімдердің сайлауына көшу де қарастырылған. Сол сияқты бұл жерде жергілікті өзін-өзі басқару мен оның жергілікті мемлекеттік басқару жүйесімен аражігін шектеуді, жергілікті қоғамдастықтардың жиындары мен жиналыстарының мәртебесін арттыруды да ескерген абзал.
Қазақстанда саяси реформалар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жатқандығына мына заңдардың қабылдануы да дәлел бола алады: «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Сондықтан саяси реформалардың нақты іске аса бастауы халықтың билікке деген сенімін нығайтары анық.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың президенттік биліктің ықпалын арттырып, беделін нығайтуға бағытталған ұтымды шешімдерінің бірі ретінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруын атап өткен жөн. Президент осындай тиімді механизмді пайдалану негізінде билік пен қоғам арасындағы қордаланып қалған мәселелерді диалог орнату арқылы шешуді және екі арада пайда болған алшақтықты қысқартып, оны жақындатуға бағытталған нақты және кешенді іс-шарларды қолға алып, іске асыруда.
Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әкімшілік-бақылауға бағдарланған мемлекеттік басқару моделінен мемлекет пен тұрғындардың өзара қарым-қатынасына негізделген сервистік түріне көшуді қамтамасыз етуге бағытталған. Ол мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін көтеріп, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға тиіс. Президент атап көрсеткендей, ол тек прагматикалық сипатқа ие болып, дамудың Ұлттық жоспары жасалып, стратегиялық жоспарлауға екпін берілуі керек.
Мемлекеттік басқару саласы мен қазақстандық қоғамдық дамудағы көптеген проблеманың арасында сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттілігімізге орасан зор нұқсан келтіріп отырғанын айтпауға болмас. Ендеше Президентің коррупцияның дендеп кеткендігіне алаңдаушылық білдіріп, оның қоғам үшін қауіпті дерт екендігін ескерткені түсінікті: «Бұл – батпандап кіріп, мысқалданып шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін». Өйткені ол әлеуметтік наразылық пен билікке деген сенімсіздіктің іріңді жарасы ретінде саяси мәселеге айналып отыр. Сондықтан 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иелену, қолма-қол ақша қаражаты мен құндылықтарды сақтау бөлігінде заңнамалық шектеулер енгізілді. Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартыла бастайды, ал 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, олармен бірге ұлттық компаниялар жұмыскерлерінің санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Бұл процесс механикалық түрде емес, мемлекеттік органға тән емес атқарымын қысқарту тұрғысында жүргізіледі және аутсорсингке немесе азаматтық қоғамға беру арқылы іске асырылмақ. Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың басшыларының қос азаматтық алуына шектеу салынбақ. Адам құқықтарын сақтауды бағалаудың ұлттық индикаторларын осы саладағы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру мәселесі қолға алынбақ.
Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында ел тәуелсіздігінің келесі онжылдығының басты мақсаты ретінде әділ қоғам мен тиімді мемлекет құру анықталған. Олай болса, бұл реформалар Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізі болары анық. Саяси реформалар қазірдің өзінде нақты және түсінікті қадамдар жасауға мүмкіндік беріп, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге және жаңа саяси үлгіге көшуге жол ашып, мемлекеттік басқарудың тізгінін босатпай ұстауға жағдай жасауда. Адамдардың мемлекетке деген сенімсіздігі сейіліп, ұлттық диалог орнап, ұлттық идеологияда жаңа көзқарас қалыптастыруға батыл қадамдар жасалуда. Саяси бәсекелестік, балама көзқарастар мен пікірлер, парламенттік оппозиция институты мен бейбіт митингілер өткізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі демократияны дамытудың басты талабы екендігі қоғамдық санаға сіңірілуде. Ең бастысы – бұл көзқарастар құр айтылған күйінде қалып қоймай, заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бастады.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері, саясаттанушы