Экономиканың қан тамырына айналған банктердің қоғамның дамуындағы рөлі өте зор. Оны осыдан 7 жыл бұрын АҚШ-та ипотекалық несиеден басталған әлемдік қаржы дағдарысының салдары айқын көрсетіп отыр. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде одан Қазақстан да сырт қалмады. Жалпы, қаржылық қызметті елімізде банктерден басқа, ипотекалық компаниялар, несиелік серіктестіктер, ұйымдар, қауымдастықтар, одақтар және факторингтік, форфейтингтік, лизингтік компаниялар мен микронесиелік ұйымдар да ұсына алады.
Экономиканың қан тамырына айналған банктердің қоғамның дамуындағы рөлі өте зор. Оны осыдан 7 жыл бұрын АҚШ-та ипотекалық несиеден басталған әлемдік қаржы дағдарысының салдары айқын көрсетіп отыр. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде одан Қазақстан да сырт қалмады. Жалпы, қаржылық қызметті елімізде банктерден басқа, ипотекалық компаниялар, несиелік серіктестіктер, ұйымдар, қауымдастықтар, одақтар және факторингтік, форфейтингтік, лизингтік компаниялар мен микронесиелік ұйымдар да ұсына алады.
Сарапшылардың айтуынша, қазір қаржылық қызметті ұсынушылардың ел өміріне дендеп енгені сонша, қазақстандық әрбір үшінші отбасы несиеге тәуелді болуда. Сондықтан несиелік жүйенің басты қатысушылары болып табылатын банктердің қызметіне қатысты сын да күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Оған соңғы жылдары құзырлы органдарға шағымданушылардың күрт өскені дәлел бола алады. Тіпті, бұл мәселеге Президент араласып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктегені де есімізде. Алайда, әзірге оның нәтижесі байқалмай отыр.
Ұлттық банк 2012 жылы сәуір айында екінші деңгейлі банктердің несие қоржынының сапасын жақсартуға маманданатын «Проблемалы кредиттер қоры» акционерлік қоғамын құрған болатын. Алайда, оның да көзге көрінетіндей қандай да бір нәтижесі байқалмайды. Банктердің несие қоржынының сапасы әлі күнге дейін сын көтермейтін жағдайда тұр. Ондағы жұмыс істемейтін заемдар ресми статистика бойынша 2013 жылғы 1 желтоқсанда 4 триллион 158 миллиард теңгені құрады. Бұл екінші деңгейлі банктердің бүкіл несие қоржынының 31,4 пайызына тең. Ол қазіргі таңдағы әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Бас банкир Қайрат Келімбетовтің айтуынша, Қазақстанның көрсеткіші жұмыс істемейтін банк активі жоғары саналатын өзге елдердің деңгейінен 2 есе артық болып тұр.
Әйтсе де оған ұзақ уақыт бойы құзырлы органдар да, әлеуметтанушылар мен өзге де сарапшылар жеткілікті деңгейде мән бермей келе жатыр. Бұл сең тек соңғы жылдары халықтың банктерге деген наразылығы күшейіп, ол қоғамдық сипат ала бастаған кезде ғана сетінеді. Қайрат Нематұлы Ұлттық банк төрағалығына тағайындалғаннан кейін тұтынушыларға беретін несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі 65 пайыздан асып, ол дәлелденген жағдайда Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау комитеті оларға қатаң шара қолданатынын айтқан еді. Бұл мәлімдемеден кейін оған тек тұтынушылар ғана емес, қоғамдық ұйымдар да қызу атсалысып, оны саясиландыруға әрекеттенушілер бой көрсете бастады. Тіпті, оны бизнеске айналдыруға тырысушылар шоғыры да пайда болды.
Екінші деңгейлі банктердің тарапынан да өз активін тазартуда қолданыстағы заңнамаға көзжұмбайлық танытуы қазір шектен асып кетті. Оған Ұлттық банктің ұстанған саясаты да өз ықпалын тигізуде. Өйткені, оның тізгінін ұстаған кезде Григорий Марченконың жұмыс істемейтін заемдарын 2013 жылы – 20, 2014 жылы 15 пайызға түсіру туралы тапсырмасын екінші деңгейлі банктер қанша әрекеттенсе де орындай алмаған болатын. Қазіргі төраға Қайрат Келімбетов оны 2016 жылдан бастап кезең-кезеңімен 10 пайызға дейін төмендетуді алдына мақсат етіп қоюда. Бұл үшін олар биылдан бастап банктермен жеке-жеке келісім жасамақ. Ал оның қандай шартпен жасалатыны жалпы жұртшылық үшін әлі құпия болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары түрлі деңгейдегі сот инстанцияларында жеңіліс тапқан соң, жаны қысылғаннан кейін жұртшылық назарын аудару үшін өзіне қол жұмсаушылар мен өзге де шараларға барушылар туралы жарыса хабар таратуда. Бұл жағдайды күрделендірмесе, жеңілдетіп жатқан жоқ. Сондықтан өткен жылғы 25 қазанда орталық банк қаржылық қызметтерді тұтынушыларға құқықтық көмек көрсету туралы ресми хабарлама таратуға мәжбүр болды. Онда БАҚ-та және әлеуметтік желілерде адал емес банк практикасын әшкерелеу жөнінде жекелеген азаматтар жүргізетін жұмысқа қатысты талқылаулар белсенді жүргізіліп, ақпараттар таратылып жүргені айтылды. Банк клиенттерінің мәліметтері бойынша қарыз алушылардың проблемасын реттеуге ықпал ету ақылы негізде жүзеге асырылатыны еске салынды. Кредиттерге қызмет көрсету бойынша даулар туындаған кезде Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне өтініш жасау керектігі қаржы ұйымдарының клиенттеріне ескертілді. Ұлттық банк комитеті және аумақтық филиалдары қаржылық қызметтерде жұмыс істеп жүрген және әлеуетті тұтынушыларына тегін құқықтық көмек көрсететіні хабарланды.
Бас банкирдің сөзіне қарағанда, халықтың қаржы ұйымдарына қатысты шағымдарының 60 пайызы банктерге, ал оның 40 пайызы қарызды қайта құрылымдауға байланысты. Алайда, бұл шағымдардың 7 пайызы ғана шындыққа сай келуде. Әйтсе де бұл мәселеде сарапшылардың пікірі бұдан бөлектеу. Мәселен, «Отаным-елім» халықаралық заң компаниясының бас директоры Омар Саидтың айтуынша, олар несие мәселесі бойынша тұтынушыларға 2008 жылдың жазынан бері қызмет көрсетіп келе жатыр. Осы уақыттың ішінде олардың кеңселеріне күніне ең кемінде 100 адам шағынып келеді. Оның кейбіреуі тегін құқықтық және экономикалық кеңес алып қайтса, енді біреулері арнайы келісімшарт жасап, құзырлы жерлерде өз құқын қорғауды компанияға сеніп тапсыруда.
«Бізге шағымданушылардың арасында «БТА Ипотеканың» ең кемінде 2 мың тұтынушысы бар. Олардың бәрінің кепілге қойған баспанасын банк қызметкерлері түрлі жолдармен тартып алған. Сондай-ақ, клиенттері әділетсіздіктің құрбаны болдым деген банктердің алғашқы бестігіне Kaspi bank, АТФ банк, Қазкоммерцбанк, БТА банк пен Халық банкі еніп отыр. Ал қаржылық қызметіне қатысты тұтынушылардан шағымданушылары ең азы Цесна банк. Оларға байланысты жылына тек бір ғана шағым түседі. Оның өзінде бұл қаржы институтының қызметкерлері байланысқан кезде шағымданушылар болса бірден өздеріне хабарласуды сұрап, істің оң шешімін табуына өздері ықылас білдіруде», дейді Саид Есмұрзаұлы. Оның айтуынша, қитұрқы жолмен өздеріне қолайлы келісімге клиенттерінің қолын қойдырып алған банктердің жүгенсіздігінен баспанасынан айырылып, далада зар жылап қалған адамдар жүздеп, мыңдап саналады.
Мысалы, Алматы облысының Қарасай ауданындағы Алмалыбақ ауылында тұратын Аманқыз Амитбекова 2006 жылы шілде айында «БТА Ипотека» ипотекалық компаниясынан 3 миллион 150 мың теңге қарыз алып, кепілге үйін қойған көрінеді. Алған қарызының ай сайынғы төлемақысын кесте бойынша келесі жылдың ортасына дейін уақтылы төлеп келген ол одан кейін түрлі жағдаймен оны өтей алмаған. Ал банктің еншілес ұйымы болса, клиенттің өтемақыны кейінге шегеру туралы өтінішін қабылдамай, осы уақытқа дейінгі төлегендері қарыздың өсімі екенін, ал негізгі соманың әлі кемімегенін айтқан. Кейін 27 миллион теңге тұратын баспанасын 4 млн. 42 мың 400 теңгеге сату туралы құжаттарға оның қолын өздері қойып, сырттай сот шешімін шығарып алған.
«БТА Ипотека» АҚ-тың 8 қызметкері халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен сөз байласу арқылы оның келісімінсіз үйімді өз аттарына ресімдеп алғанын мен былтыр ғана білдім. Оны да өздерін банк қызметкерлері деп таныстырып, пәтерімнің банк меншігіне көшкені және оны босату туралы сот шешімін әкелгенде ғана. Бұл ауданда мен сияқты банк пен халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жең ұшынан жалғасқан, сыбайластығының құрбандары көп екен. Алайда, біздің ешқайсымыздың да қылмыскерлерді әшкерелеу туралы өтінішімізге жергілікті құқық қорғау органдарынан құлақ асқан жан табылмай тұр», дейді А.Амитбекова.
Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов «Шетелде кәсіпкерлер ғана емес, жеке адамдардың банкроттығы сөз болып оны заң қорғап жатса, бізде оны талауға салуда. Банк жүйесі мен несие алушылардың арасындағы қарым-қатынасты жаңа бір жүйеге келтіру керек сияқты. Тартып алып 100 мың доллардың пәтерін өз танысына 10 мыңға заңсыз сатып жіберетіндер қазір аз емес. Сондықтан экономикалық, банктік, қаржылық қатынастарды қайта қарау керек. Онда пирамидалардың төбесі көрініп тұр. Банкроттық туралы заңды да қайта қарау қажет. Бірақ, одан пайда тауып отырған лоббистер өзгеріс енгізуге кедергі болуын тоқтатар емес», деген өз байламын айтып отыр.
Былтыр жыл соңына қарай бас банкир 2014 жылғы 1 ақпаннан бастап тұтыну несиелерін 30 пайыздан асырған банктердің депозиттерді алу немесе мекеме басшысын тағайындауға келісім беру сияқты лицензиялардан айырылуы мүмкін екенін жариялады. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, желтоқсанда Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің тұтынушылық несие қоржынының жалпы көлемі 16 пайыздан аспағанымен, 2012 жылы оның 100 пайызға артуы осындай қадамға баруға түрткі болған көрінеді. Ипотекалық несиенің де банктердің ең қымбат өнімі екенін айтқан Қ.Келімбетов қазақстандықтардың 5-10 пайызы ғана несиеге пәтер алуға қауқарлы екенін айтты. Ендеше, бірі тіршілік қамымен, екіншісі, баспана алу үшін банктен несие алып дағдарыс кезінде бизнесі күйіп, не жұмыс орны жабылып, төлем қабілетінен айырылған адамдарды жалғыз баспанасынан айыру мемлекетке сын болмақ. Осы арада әйгілі орыс сыншысы Николай Чернышевсийдің «Патриот – отанға қызмет етуші адам, ал отан дегеніміз – ең алдымен халық» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист.
АЛМАТЫ.
Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.