Атамыз қазақ «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деп текке айтпаған болар. Жылқы жылы босағаны аттамай жатып, Өскеменде шығатын «Мой город» деген қалалық газетте «Сәулетіміз арта түспек немесе Өскеменде жаңа ескерткіштер көбейе түсе ме?» деген шағын мақала жарық көрді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет және мұрағат басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

– Бірқатар БАҚ-та Өскемен қаласының 300 жылдық мерейтойына орай қалада І Петрдің ескерткішін орнату жоспары туралы ақпарат жарияланғаны белгілі. Бұл мәселені талқылап, ушықтыруға еш негіз жоқ. Санкт-Петербург пен Өскемен қаласы басшылығы арасында ескерткіш орнату туралы ресми келісім болған емес, болмайды да. Мемлекеттік комиссияға І Петрге ескерткіш орнату туралы ұсыныс жасалған жоқ. Бұл ақпарат қауесет, ел аузындағы қаңқу сөз ғана, – деп Нұрболат Ахметжанов кесіп айтты.
Қоғам өкілдерімен кездесуде облыс басшылығы тарапынан қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың есімдерін тарихи жадыда мәңгілік сақтаудың құптарлық іс екендігі жайлы айтылған болатын. Осылайша, 2013 жылы облыс орталығында белгілі қоғам қайраткері А.Протозановтың, еңбек сіңірген металлург әрі Халық қаһарманы Ахат Күленовтің кеуде мүсіндері және атақты жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің ескерткіштері орнатылды.
Біз Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановқа жолығып, мақала авторы А.Куприянованың Петр Біріншінің ескерткішін орнатуға қала басшылығының келісім берді деп жазғаны рас па деп сұрағанымызда, бұл сөздер шындыққа жанаспайды, ондай әңгіме болған жоқ, деп жауап берді. Ендеше, ойға келгенін жазып, тыныш жатқан халықты дүрліктіретіндей газетке не көрінді екен?!
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.