• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ДЕПОРТАЦИЯДАН “ДОСТЫҚ ҮЙІНЕ” ДЕЙІН немесе МЕХИЯНЫҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ

714 рет
көрсетілді

Жамбыл облысындағы Қазақ­стан халқы кіші Ассамблеясының ат­­қарушы хатшылығы орналасқан шаңырақ – “Достық үйі” деп ата­лады. Жүрегі кең жандай есігі үнемі айқара ашық тұратын әз ұяның табалдырығынан осы өңірдегі әр ұлт пен ұлыстың өкілдері өз үйіне енгендей емін-еркін аттайды. Дүң­ген, түрік, қырғыз, орыс, өзбек дейсіз бе, бәрі осында. Береке мен бірлік ұйыған осы босағада бір түрік туғанымызбен әңгімелесіп отырғанмын. Хикаямыз орта тұсына жақындап қалған кезде ғой деймін, “Достық үйінің” қызметкері Зүбәйра Сембина: – Бұ кісінің үйіндегі жеңгеміз орыстың қызы, – деп қалды. Адам жанына әдемі әзіл де мың дауа. Сонау аласапыран жылдары Гүржі еліндегі Адыген ауданынан жер ауып келген ата-аналарының көрген азабын айтамын деп жаны күйзеліңкіреп қалған Мехияның көңілін серпейін деп: – Е-е, онда жеңгеміз өзіміздің “аққойлы” руынан десеңізші, – деп едім, түрік туғанымнан бұрын анан­дай жерде отырған екі дүңгеннің бірі езу тартты. Қазақшаны да, қазақы қал­жың­ды да түсінетіні түрінен көрініп тұр. Тіпті: – Ал менің келінім қазақ, – деп әңгімеге араласа кетті. – Қазақ болғанда қай елдің қызы, – дедім мен де қалжыңның қы­зыл шоғын одан ары үрлей түскім келіп. – І-ім, қалай еді әлігі... “коно­крад” деуші еді ғой. – Жаңабайлар ма? – Ие, ие, келінімнің руы Жаңабай болады. Мен езу тартып үлгергенім жоқ екінші дүңген: – Қайяқтың ұрысы, нормаль­ные люди они, – деп, ежірейіп шыға келді. Сөйтсек, мұның ауылдастары ше­­тінен Жаңабайлар екен. Мы­наусы “Көршінің ақысы – құдай­дың хақысы” дегенге басып, ауыл­дастарын қорғаған түрі. Отырғандар енді ду күлдік. Азап­ты жылдар туралы ауыр әңгіме үстінде бұл бәрімізді жақсы әсерге бөлеп, бір желпініп қалдық. Мехия сөзін ары қарай сабақ­тады... Айтып отырса, 1944 жылы жел­тоқ­сан айында қарулы әскерлер келеді-дағы халықты қойша иіріп: “Сендерді бұл жерден көшіреміз, бірақ бір апта, ары кетсе бір айдың ішінде қайтып әкелеміз”, деп бір күнде мәшинеге отырғызып, темір жол бекетіне жеткізеді. Одан ары мал артатын вагонға 10-11 отба­сыдан қамапты. Түріктер бала са­нын шектемейтін өсімтал халық қой, әр отбасында кемінде 7-8 не­месе 9-10 бала бар. Соның бірі Ме­хия сол кезде небары 2 жаста ғана екен. Көретін жарығы бар да, бү­гінде, міне, 68 жасқа келіп, қазақ­тардың арқасында өсіп-өніп отыр. Үлкендерден естігені, сол үркін­ші­лікте әркім қолына іліккен зат­та­рын алуға ғана үлгерген. Қарсы­лық білдіргендерді әлдеқайда алып кет­кен. Оларға содан кейін не бол­ға­нын ешкім білмейді. “Үй-жайым, мал-жаным, дүние-мүлкім қалып ба­рады”, дегендердің қолына жергі­лікті билік қағаз ұстатып, қол қойып берген. “Барған жерлеріңде осыны көрсетсеңдер, дүние-мүліктеріңнің есесін қайтарып береді”, депті. Сауатсыз шал-кемпірлер әлгі бір жапырақ қағазды мұндаға дейін сақтапты. Ондай қағаздың біреуін Мехияның да көргені бар, ешқандай қаулы, қарарсыз шимайлай салған құнсыз бірдеңе. Алғашында ойлануға да мұр­ша­ла­ры болмай, дүрліге көтерілген ха­лық кәрі-жас демей, жүк вагонға қой­ша топырлатып қамағаннан кейін ғана жүректері бір жаман­шы­лық­ты сезгендей, улап-шулап жы­лай бастайды. Әсіресе, кәрі қойдың жа­сындай жасы қалаған қарт ана­лар артта қалып бара жатқан туған жерін қимай еңірегенде етектері көз жасына толады. Оған ауру-сырқау жандардың ыңырсыған үндері мен балалардың шошына шыңғырған дауыстарын қосыңыз. Жүк тиеуге арналған вагондарда терезе деген болмайды. Есіктері тарс жабық. От жағып, тамақ әзірлеуге де мүмкіндік жоқ. Су да қат. Күн 45 гра­­дус суық, көп ұзамай бір-бір жа­рым жасар балалар шетіней бас­тайды. Қыстың қақаған суығында осы азаппен арып-ашып жиырма күндей жол жүреді. Кейін белгілі болғанын­дай, сол шұбырындыда 17 мың адам жол-жөнекей қайтыс бо­лыпты. Ал аман-есен жеткендердің 10-15 пайызы Қазақ еліне келген соң бір жарым жылдың ішінде көз жұмған. Қайтыс болғандарды пойыз тоқтаған бекетке тастап кете берген дейді. Олардың жерленгенін немесе ит-құсқа жем болғанын да ешкім білмейді. Мехияның әкесі мұғалім, көзі ашық адам болғандықтан, үр­кін­шілікке ұшыраған ағайындарына бас-көз болыпты әйтеуір. Бірақ... жол­дағы суықтан ауру тапқан әке-шеше Қызылорда облысының Қар­мақ­шы ауданына келіп түскеннен кейін жарты жылға жетпей бірінен кейін бірі қайтыс болған. Мехия, қазақша айтқанда, тұлдыр жетім бала аңырап қала береді. Адыгеннен ауып келген ағайын­дар ә дегенде есік-терезесі жоқ қаңыраған бос үйлерге орналасады. Кейбіреулері қазақтардың қоржын тамының бір жағына жайғасады. Бұлардың жағдайлары әлгі жел азынаған бос үйлерге кіргендерден сәл де болса жоғары болыпты. Шы­нында, қолда барын соғысқа жөнел­тіп, өлместің күнін көріп отырған елде басы артық қандай ас-ауқат бол­сын. Дегенмен, көп ұзамай дас­тар­қандары мен қазан-ошақтары қа­зақтармен араласып, достасып кетеді. Түрік ұлты мынандай қасіретті де бастан кешіпті. “Жер ауып кел­ген түріктер ұлтын өзгертіп жазуы керек” деген пәрмен пайда болады. Мысалы, төлқұжатына “әзірбай­жан” деп жазғызса, ай сайын ко­мен­да­ту­ра­ға барып, белгіленіп тұ­ру­ға мін­детті емес, ал “түрік” бо­лып қалса, ай сайын міндетті түрде түгендеуден өтуі керек. Мехияның әкесінің аласапыранда көз жазып қалған әпкесі бар екен, сол “әзір­байжан” болып жазылып кетіпті. – Мәке, месхет түріктері дегенді түсіндіріп беріңізші? – “Месхет” деген ұлт та, ұлыс та жоқ. Гүржі елінде Месхет деген жер бар. Сол жерді жайлаған немесе сол жерден келген ағайындарды “мес­хеттік түріктер” деп атап кеткен. Оның бар сыры осында. Қап тауын жайлаған Гүржі елінің 5 ауданын түріктер мекен етеді екен. Мехияның кіндік қаны тамған жері Адыген – сол бес ауданның бірі. Бүгінде депортациямен келген Мехияның бауырлары, яғни түрік ұлтының өкілдері Қазақ елінің аза­маттары болып табылады. Барлығы да егемен елдің қоғамдық-саяси өмі­ріне белсене араласып жүр. Үлкен­дерінен бастап бүгінгі жастарына шейін кешегі бастан өткерген қиын­шылықтарды қазақ халқының дар­қан пейілі мен ыстық құшағының арқасында жеңгенін айтып отырады. Қазақтармен құда-жегжат болып, қыз алысып, қыз берісіп, мидай ара­ласып кеткен. – Қандай қызметте жүрсем де мені “түрік” деп ешкім кемсіткен емес. Қызметіме ұлтым мен түр-түсімнің де кесірі тиген жоқ. Әйе­лім орыс қызы. Жоғары білімді. Ұзақ жылдар бойы мектепте хи­мия-био­логия пәнінің мұғалімі бо­лып істеді. Ал құдамның әйелі қа­зақ, өзі түрік, бірақ аты – Қазақ­бай. Диқан ауы­лын­дағы қазақ бауы­рымыз Кеукем­баев­тың әйелі түрік қызы болған. Мұндай мысал­дар Базарбай ауы­лын­да да бар. Қа­зір қазақ мек­те­бінде оқитын түрік балалары да көп. Ол жақта жүре бергенімізде өмірі­міздің осы күні қандай болатынын білмеймін. Ал осын­да келгендердің көпшілігі оқып, жоғары білім алды. Әртүрлі мамандыққа ие болып, әр салада жұмыс істеп жүр. Мұның барлығы ел ішіндегі тыныштық пен Елба­сы­мыздың ақылман саясаты­ның арқа­сы деп бағалаймын, – дейді Мехия. Мехияның екі ұл, екі қызы бар. Үшеуі жоғары, біреуі арнаулы орта білімді. Барлығы да қызмет істейді. Төрт немересінің біреуі қазақ-түрік лицейінде оқиды. Оқу озаты. Түрік депортациясының тағы бір қасіреті бар. Ол – отағасы со­ғы­ста қан кешіп жүргенде отбасы­ларының сүргінге ұшырауы. Ал майдан­да­ғы­лар елдегі жағдайдан, отбасы, бала-шағасының қайда кеткендігінен мүлдем бейхабар болған. Соғыстан аман-есен оралғандар үйдің орнына үңірейген ошаққа тап болыпты. Көзі ашық, пысықтары ғана сұрай-сұрай отбасы мен ағайын, туыстарын қазақ, қырғыз, өзбек елдерінен тап­қан. Соғыстан жараланып, жарым­жан болып қайтқандар болса, отба­сын іздеймін деп жүріп мүлде жоқ болып кетіпті. Олардың қай жерде қайтыс болғаны немесе қай өңірге тұрақтап қалғаны да белгісіз... Міне, бұл Ұлы Отан соғысында 29 перзенті Кеңес Одағының Баты­ры атанған тамаша халыққа жасал­ған қарадай қиянат еді. Оның күнәсі сол тұстағы “шаш ал десе, бас алатын” қатыгез биліктің мойнында, әрине. “Орнында бар оңалар”. Түрік мұғалімі Мұсаның артында қалған жалғыз тұяқ Мехия бүгінде әке-шешесі көре алмай кеткен қызықты көріп отыр. Қазақ елінде ержетіп, Қазақ елінде білікті басшы атанып, Қазақ елінің қамқорлығы­ның арқа­сында зейнетке шығып, ауыл­дың ақылман қарияларының бірі атанғанына тәубе дейді ол. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы.