Жамбыл облысындағы Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының атқарушы хатшылығы орналасқан шаңырақ – “Достық үйі” деп аталады. Жүрегі кең жандай есігі үнемі айқара ашық тұратын әз ұяның табалдырығынан осы өңірдегі әр ұлт пен ұлыстың өкілдері өз үйіне енгендей емін-еркін аттайды. Дүңген, түрік, қырғыз, орыс, өзбек дейсіз бе, бәрі осында.
Береке мен бірлік ұйыған осы босағада бір түрік туғанымызбен әңгімелесіп отырғанмын. Хикаямыз орта тұсына жақындап қалған кезде ғой деймін, “Достық үйінің” қызметкері Зүбәйра Сембина:
– Бұ кісінің үйіндегі жеңгеміз орыстың қызы, – деп қалды.
Адам жанына әдемі әзіл де мың дауа. Сонау аласапыран жылдары Гүржі еліндегі Адыген ауданынан жер ауып келген ата-аналарының көрген азабын айтамын деп жаны күйзеліңкіреп қалған Мехияның көңілін серпейін деп:
– Е-е, онда жеңгеміз өзіміздің “аққойлы” руынан десеңізші, – деп едім, түрік туғанымнан бұрын анандай жерде отырған екі дүңгеннің бірі езу тартты.
Қазақшаны да, қазақы қалжыңды да түсінетіні түрінен көрініп тұр. Тіпті:
– Ал менің келінім қазақ, – деп әңгімеге араласа кетті.
– Қазақ болғанда қай елдің қызы, – дедім мен де қалжыңның қызыл шоғын одан ары үрлей түскім келіп.
– І-ім, қалай еді әлігі... “конокрад” деуші еді ғой.
– Жаңабайлар ма?
– Ие, ие, келінімнің руы Жаңабай болады. Мен езу тартып үлгергенім жоқ екінші дүңген:
– Қайяқтың ұрысы, нормальные люди они, – деп, ежірейіп шыға келді.
Сөйтсек, мұның ауылдастары шетінен Жаңабайлар екен. Мынаусы “Көршінің ақысы – құдайдың хақысы” дегенге басып, ауылдастарын қорғаған түрі.
Отырғандар енді ду күлдік. Азапты жылдар туралы ауыр әңгіме үстінде бұл бәрімізді жақсы әсерге бөлеп, бір желпініп қалдық.
Мехия сөзін ары қарай сабақтады...
Айтып отырса, 1944 жылы желтоқсан айында қарулы әскерлер келеді-дағы халықты қойша иіріп: “Сендерді бұл жерден көшіреміз, бірақ бір апта, ары кетсе бір айдың ішінде қайтып әкелеміз”, деп бір күнде мәшинеге отырғызып, темір жол бекетіне жеткізеді. Одан ары мал артатын вагонға 10-11 отбасыдан қамапты. Түріктер бала санын шектемейтін өсімтал халық қой, әр отбасында кемінде 7-8 немесе 9-10 бала бар. Соның бірі Мехия сол кезде небары 2 жаста ғана екен. Көретін жарығы бар да, бүгінде, міне, 68 жасқа келіп, қазақтардың арқасында өсіп-өніп отыр.
Үлкендерден естігені, сол үркіншілікте әркім қолына іліккен заттарын алуға ғана үлгерген. Қарсылық білдіргендерді әлдеқайда алып кеткен. Оларға содан кейін не болғанын ешкім білмейді. “Үй-жайым, мал-жаным, дүние-мүлкім қалып барады”, дегендердің қолына жергілікті билік қағаз ұстатып, қол қойып берген. “Барған жерлеріңде осыны көрсетсеңдер, дүние-мүліктеріңнің есесін қайтарып береді”, депті. Сауатсыз шал-кемпірлер әлгі бір жапырақ қағазды мұндаға дейін сақтапты. Ондай қағаздың біреуін Мехияның да көргені бар, ешқандай қаулы, қарарсыз шимайлай салған құнсыз бірдеңе.
Алғашында ойлануға да мұршалары болмай, дүрліге көтерілген халық кәрі-жас демей, жүк вагонға қойша топырлатып қамағаннан кейін ғана жүректері бір жаманшылықты сезгендей, улап-шулап жылай бастайды. Әсіресе, кәрі қойдың жасындай жасы қалаған қарт аналар артта қалып бара жатқан туған жерін қимай еңірегенде етектері көз жасына толады. Оған ауру-сырқау жандардың ыңырсыған үндері мен балалардың шошына шыңғырған дауыстарын қосыңыз.
Жүк тиеуге арналған вагондарда терезе деген болмайды. Есіктері тарс жабық. От жағып, тамақ әзірлеуге де мүмкіндік жоқ. Су да қат. Күн 45 градус суық, көп ұзамай бір-бір жарым жасар балалар шетіней бастайды. Қыстың қақаған суығында осы азаппен арып-ашып жиырма күндей жол жүреді. Кейін белгілі болғанындай, сол шұбырындыда 17 мың адам жол-жөнекей қайтыс болыпты. Ал аман-есен жеткендердің 10-15 пайызы Қазақ еліне келген соң бір жарым жылдың ішінде көз жұмған.
Қайтыс болғандарды пойыз тоқтаған бекетке тастап кете берген дейді. Олардың жерленгенін немесе ит-құсқа жем болғанын да ешкім білмейді. Мехияның әкесі мұғалім, көзі ашық адам болғандықтан, үркіншілікке ұшыраған ағайындарына бас-көз болыпты әйтеуір. Бірақ... жолдағы суықтан ауру тапқан әке-шеше Қызылорда облысының Қармақшы ауданына келіп түскеннен кейін жарты жылға жетпей бірінен кейін бірі қайтыс болған. Мехия, қазақша айтқанда, тұлдыр жетім бала аңырап қала береді.
Адыгеннен ауып келген ағайындар ә дегенде есік-терезесі жоқ қаңыраған бос үйлерге орналасады. Кейбіреулері қазақтардың қоржын тамының бір жағына жайғасады. Бұлардың жағдайлары әлгі жел азынаған бос үйлерге кіргендерден сәл де болса жоғары болыпты. Шынында, қолда барын соғысқа жөнелтіп, өлместің күнін көріп отырған елде басы артық қандай ас-ауқат болсын. Дегенмен, көп ұзамай дастарқандары мен қазан-ошақтары қазақтармен араласып, достасып кетеді.
Түрік ұлты мынандай қасіретті де бастан кешіпті. “Жер ауып келген түріктер ұлтын өзгертіп жазуы керек” деген пәрмен пайда болады. Мысалы, төлқұжатына “әзірбайжан” деп жазғызса, ай сайын комендатураға барып, белгіленіп тұруға міндетті емес, ал “түрік” болып қалса, ай сайын міндетті түрде түгендеуден өтуі керек. Мехияның әкесінің аласапыранда көз жазып қалған әпкесі бар екен, сол “әзірбайжан” болып жазылып кетіпті.
– Мәке, месхет түріктері дегенді түсіндіріп беріңізші?
– “Месхет” деген ұлт та, ұлыс та жоқ. Гүржі елінде Месхет деген жер бар. Сол жерді жайлаған немесе сол жерден келген ағайындарды “месхеттік түріктер” деп атап кеткен. Оның бар сыры осында.
Қап тауын жайлаған Гүржі елінің 5 ауданын түріктер мекен етеді екен. Мехияның кіндік қаны тамған жері Адыген – сол бес ауданның бірі.
Бүгінде депортациямен келген Мехияның бауырлары, яғни түрік ұлтының өкілдері Қазақ елінің азаматтары болып табылады. Барлығы да егемен елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүр. Үлкендерінен бастап бүгінгі жастарына шейін кешегі бастан өткерген қиыншылықтарды қазақ халқының дарқан пейілі мен ыстық құшағының арқасында жеңгенін айтып отырады. Қазақтармен құда-жегжат болып, қыз алысып, қыз берісіп, мидай араласып кеткен.
– Қандай қызметте жүрсем де мені “түрік” деп ешкім кемсіткен емес. Қызметіме ұлтым мен түр-түсімнің де кесірі тиген жоқ. Әйелім орыс қызы. Жоғары білімді. Ұзақ жылдар бойы мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып істеді. Ал құдамның әйелі қазақ, өзі түрік, бірақ аты – Қазақбай. Диқан ауылындағы қазақ бауырымыз Кеукембаевтың әйелі түрік қызы болған. Мұндай мысалдар Базарбай ауылында да бар. Қазір қазақ мектебінде оқитын түрік балалары да көп. Ол жақта жүре бергенімізде өміріміздің осы күні қандай болатынын білмеймін. Ал осында келгендердің көпшілігі оқып, жоғары білім алды. Әртүрлі мамандыққа ие болып, әр салада жұмыс істеп жүр. Мұның барлығы ел ішіндегі тыныштық пен Елбасымыздың ақылман саясатының арқасы деп бағалаймын, – дейді Мехия.
Мехияның екі ұл, екі қызы бар. Үшеуі жоғары, біреуі арнаулы орта білімді. Барлығы да қызмет істейді. Төрт немересінің біреуі қазақ-түрік лицейінде оқиды. Оқу озаты.
Түрік депортациясының тағы бір қасіреті бар. Ол – отағасы соғыста қан кешіп жүргенде отбасыларының сүргінге ұшырауы. Ал майдандағылар елдегі жағдайдан, отбасы, бала-шағасының қайда кеткендігінен мүлдем бейхабар болған. Соғыстан аман-есен оралғандар үйдің орнына үңірейген ошаққа тап болыпты. Көзі ашық, пысықтары ғана сұрай-сұрай отбасы мен ағайын, туыстарын қазақ, қырғыз, өзбек елдерінен тапқан. Соғыстан жараланып, жарымжан болып қайтқандар болса, отбасын іздеймін деп жүріп мүлде жоқ болып кетіпті. Олардың қай жерде қайтыс болғаны немесе қай өңірге тұрақтап қалғаны да белгісіз...
Міне, бұл Ұлы Отан соғысында 29 перзенті Кеңес Одағының Батыры атанған тамаша халыққа жасалған қарадай қиянат еді. Оның күнәсі сол тұстағы “шаш ал десе, бас алатын” қатыгез биліктің мойнында, әрине.
“Орнында бар оңалар”. Түрік мұғалімі Мұсаның артында қалған жалғыз тұяқ Мехия бүгінде әке-шешесі көре алмай кеткен қызықты көріп отыр. Қазақ елінде ержетіп, Қазақ елінде білікті басшы атанып, Қазақ елінің қамқорлығының арқасында зейнетке шығып, ауылдың ақылман қарияларының бірі атанғанына тәубе дейді ол.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы.