• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 21:00

Деректер журналистикасы бойынша оқу курсының таныстырылымы өтті

34 рет
көрсетілді

Алматыда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау күніне орай «Орталық Азиядағы тұрақты даму үшін деректер журналистикасы: мақсаттар, сын-қатерлер және адам құқықтары» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара барысында «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» таныстырылды.

Жиынға онлайн қосылған  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Қазіргі ақпараттық кеңістік шатасып, фейк, түрлі-түрлі жасанды интеллектінің қатысуымен жасалатын алаяқтық белең алып жатқан кезеңде деректерді сараптауда дата журналистиканың маңызы зор. Ақпараттың дауыл секілді шарпыған кезеңінде кәсіби журналистер өз жауапкершілігін толық түсінуі керек. Қазіргі фейк, жасанды жаңалықтардың қайсысы дұрыс? Ақиқат қайда? Мұны кәсіби журналистердің ажырата білуі өте маңызды. Осы тұрғыда бүгінгі ұсынылып отырған деректік журналистика бойынша жаңа оқу курсының, яғни кітаптың таныстырылымы өтуде. Бұл курс Орталық Азия университеттерінде бейімделіп, ЮНЕСКО-ның Халықаралық коммуникация дамыту бағдарламасының арнайы қолдауымен дайындалған. Сонымен қатар деректерді өңдеу мен талдау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен құралдарды меңгеруге, жаңа бағыттағы журналистерді дайындауға, жасанды инттелект пен цифрлық, әлеуметтік платформалармен жұмыс істеуге үйретеді.  Курс біздің мамандарымызға, оқытушыларымызға, профессорларымызға, студенттерімізге жаңа серпін, жаңа бағыттарды ашады деген үмітіміз бар. Еңбек тек қана қазақстандық авторлар емес, қырғызстандық, өзбекстандық авторлардың бірлескен жұмыс нәтижесі. Сондықтан атсалысқан көршілес ел мамандарына алғысымызды айтамыз, – деп атап өтті.

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде көп жағдайда кәсіби журналистер блогерлерге, әлеуметтік желідегі белсенділерден жеңіліп жатыр.

«Бұл осындай қилы заманда журналистің жұмысын шектейді. Олар кей жағдайда жауапкершілікті сезіне отырып, кәсіби журналист айта алмаған нәрселерді айтады, кейде, керісінше жауапкершілікті сезінбеген кейбір медиа белсенділер фактілерді тексеріп, дайындалмай  жариялай салады. Контентті кейін журналист зерттеп, зерделеп халыққа ұсынса, оны көпшілік оқымай да қалады. Өйткені жаңалықтың өзінің бір қағидаты бар ғой: «Кім бірінші берсе, сонікі дұрыс» деген. Сонда кәсіби мамандар бәсеке тұрғысынан кәсіби емес мамандардан жеңіліп жатыр. Сондықтан журналист мәртебесін жоғалтпай, жаңа деңгейге шығаруымыз керек», деді. 

Ол осы тұрғыда «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» кітабы журналистерге үлкен қару, білім, жаңа серпін бола алатынына сенім білдірді.

UNESCO IPDS жобасында барлық авторлардың басын қосқан жетекші, саяси ғылым докторы, Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева: 

«2021 жылы ЮНЕСКО-ның Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының «Орталық Азия елдеріне бейімделген деректер журналистикасы курсын даярлау» жобасын ұтып алған болатынбыз. Курс қазір өзбек, тәжік, қырғыз, ағылшын тілдеріне аударылып тұр, енді мағыналарын бір-бірімен салыстырып, өңдеп редакцияға жібереміз. Жалпы, еңбектің дайындалуына алғашқы жұмыстарынан бастап, соңғы штрихтарына дейін үш жыл уақыт кетті. Мұндағы басты ерекшелік Орта Азия елдерінің бірігіп, дата журналистика курсын жазуы. Журналистика саласында бұрын-соңды мұндай бірлескен халықаралық ұжымның еңбегі болмаған.

Жобаға атсалысқан авторлар: Мадина Мансұрова (Қазақстан), Гүлнұр Тюлепбердинова (Қазақстан), Зарина Буенбаева (Қазақстан), Санатбек Сейдеханов (Қазақстан), Айтолқын Ашимова (Қазақстан), Элира Турдубаева (Қырғызстан), Аита Султаналиева (Қырғызстан), Қымбат Болотбекова (Қырғызстан), Яхутхон Маматова (Өзбекстан), Фатима Муминова (Өзбекстан). Ғылыми еңбек журналистика факультетінің студенттеріне, тәжірибе жинаушы журналистерге, деректер журналистикасына қызығушыларға арналады», деді.

Кітап «Зерттеу және статистика принциптері», «Ашық көздерден ақпарат жинау», «Электронды кестелерге кіріспе», «Сторителлинг тренді деректер журналистикасында» сынды 11 тарауды қамтыған. Жоба авторының ойынша дата журналистиканың Қазақстандағы қазіргі деңгейі әлі де графикалық деңгейде.

«Бізге интерактивті журналистиканы, картографиялық журналистиканы дамыту қажет. Егер интерактивті журналистика дамыса тараптардың бір-бірімен кері байланысында еш проблема болмайды. Ал журналистік зерттеуде картографиялық бағыт үлкен рөл ойнайды. Дата журналистика Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ашылды. Бұл бағыт ашылғалы бері 68 түлек бітірді. Қазір елдегі біраз университеттерде конвергентті журналистика, зерттеу журналистикасы деп оқытылып жатыр»,  деп дата журналистикасының елдегі дамуына үлкен сенім білдірді.   

Конференцияда қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен әзірленген салалық журналистиканы дамыту жөніндегі «Жол карталарының және ҚР ҒЖБМ-мен бірлесіп әзірленген «Ғылыми журналистика бастамалары: 2025-2027» нәтижелері көрсетілді.

АЛМАТЫ