• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Фотогалерея 31 Тамыз, 2021

«Атамекен» экспедициясы Қарағанды облысынан оралды

1136 рет
көрсетілді

Конституция күні қарсаңында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газетінің қызметкерлерінен жасақталған «Атамекен» экспедициясының мүшелері Қарағанды облысын аралап шықты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қазақ халқының мәдениеті мен тарихын, аймақтардың туристік әлеуетін насихаттау - экспедиция барысындағы басты мақсат. Оқырмандарға экспедиция барысынан фоторепортаж ұсынамыз.

 

«Егемен Қазақстан» РГ Акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, бас газеттің бөлім меңгерушісі Мирас Асан, «Егеменнің» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Қайрат Әбілда және «Казахстанская правда» газетінің журналисі Зарина Москау бастаған қос басылымның басқа да қызметкерлерін Қарағанды қаласының кіре берісінен облыс әкімдігінің өкілдері қарсы алды. 

«Қарағанды ​​облысы тарихи-мәдени мұраға бай. Біз еліміздің бас басылымдарының өкілдерін, отандық БАҚ көшбасшыларын қасиетті жерде қарсы алғанымызға қуаныштымыз», деді экспедиция қатысушыларын күтіп алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын. Ұзақ аялдамастан «атамекендіктер» Жаңаарқа ауданына жолға шықты. 

Экспедиция мүшелері С. Сейфуллин атындағы Жаңаарқа ауданының кітапханасына бас сұқты. Ол жерде этнограф-жазушы, ардагер журналист Төрехан Майбастың «Құрмалдық» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Қарағандыдан қосылған ардагер журналист Төрехан Майбас, Saryarqa apqarat ЖШС директоры Қамбар Ахмет, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Нұржан Ильяшев экспедиция мүшелеріне «Ақселеу биігіне» жол бастап барды. Жиналған топ жазушы Ақселеу Сейдімбектің аруағына құран бағыштап, рухына тағзым етті.

Ақселеу Сейдімбек Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің іргесінде жерленген.

Бұдан кейінгі бағыт Жезқазған қаласы болатын. 

Бұндағы сапар Жезқазған қаласының әкімімен кездесуден басталды.

Қала әкімі Қайрат Әбсаттаров осы мекеннің тарихын, экономикалық әлеуеті жайлы баяндап берді. Экспедицияның мақсатын маңызды санайтынын жеткізді.

 Кездесуден кейін Жезқазған тарихи-археологиялық музейін тамашалаудың сәті түсті.

Жезқазған облыстық тарихи-археологиялық музейі 1978 жылы 10 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Жезқазған кен-металлургия комбинатының тарихи-өндірістік мұражайының негізінде құрылған. 

Осыдан кейін Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым жерде орналасқан Жошы хан кесенесіне барды. 

Хан кесенесіне келушілердің қарасы көп.

Кесене маңында Жошы ордасының орны бар.

Кесенеге жақын жерде «Жошы-хан» тарихи-мәдени кешені салынған. Журналистер кешен ғимаратын аралап, көрді.

Заманауи кешен алыс-жақыннан келетін туристер үшін қолайлы болмақ.

 

Экспедиция әрі қарай Алаша хан кесенесіне барды.

Мұнда да келушілер қатары көп.

Түс ауа «Атамекен» экспедициясы Ұлытау ауданына атбасын тіреді. Аудан әкімі бастаған топ сапар шеккен топты арнайы күтіп алды. Саяхатшылар Ұлытау» музей-қорығын аралап, өлкенің тыныс-тіршілігімен танысты. Тарихи жәдігерлерді тамашалап, түрлі деректерді естіді.