Синоптиктер 1 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Атмосфералық фронтальдық бөліктердің республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс аймақтарындағы әсері сақталады, найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады. Оңтүстікте, шығыста, оңтүстік-батыста жел күшейеді, оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады, оңтүстік-шығыста бұршақ жауып, солтүстік-шығыста және орталықта тұман түседі», делінген хабарламада.
Шығыс Қазақстан облысында түнде басым бөлігінде, күндіз шығысында, оңтүстігінде найзағай ойнап, түнде және таңертең солтүстігінде тұман түседі, найзағай кезінде жел екпіні 15-20 м/с күшейеді.
Алматы облысының солтүстігінде және таулы аудандарында, Жамбыл облысының шығысында және таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жауады, жел 17-22 м/с күшейеді.
Түркістан облысында таулы аудандарда найзағай ойнайды, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с жел күшейеді.
Қарағанды облысында түнде шығысында найзағай ойнап, түнде және таңертең солтүстігінде тұман түседі.
Павлодар облысының түнде солтүстік-батысында, оңтүстік-батысында тұман түседі. Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында шаңды дауыл соғады.
Қостанай, Ақмола облыстарының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-батысында, Қарағанды облысының солтүстігінде және шығысында топырақ бетінде 2 градус үсік түседі.
Күндіз Батыс Қазақстан облысында қатты ыстық болады.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облыстарында, Жамбыл, Қостанай, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батысында, оңтүстік-батысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, Ақмола облысының батысында, солтүстік-батысында, Павлодар облысының орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.