Ақмола облысында 13-17 қаңтар аралығында 247 ауылдық округтің әкімі халық алдында есеп берді. Біз Қорғалжын ауданындағы Қараегін ауылы тұрғындарының жиналысына қатысқан едік. Бұл жөнінде Сабынды ауылдық округінің әкімі Гүлбану Смағұлова ауыл өміріне жан-жақты талдау жасап, табыстарды атап көрсетті.
Ақмола облысында 13-17 қаңтар аралығында 247 ауылдық округтің әкімі халық алдында есеп берді. Біз Қорғалжын ауданындағы Қараегін ауылы тұрғындарының жиналысына қатысқан едік. Бұл жөнінде Сабынды ауылдық округінің әкімі Гүлбану Смағұлова ауыл өміріне жан-жақты талдау жасап, табыстарды атап көрсетті.
Ауылда алты шаруашылық құрылымы жұмыс істейді. Осыған байланысты жерге сұраныс та арта түскен. Былтыр 10590 гектарға (1500 гектарға көп) дәнді дақылдар себіліп, әр айналымнан орта есеппен 15 центнерден өнім алынды. Бұл орайда техника құрамын 70 пайызға жаңартқан «Жаңа» серіктестігінің басшысы Марат Қасеновтің үлгісі бөлектеп көрсетілді.
Ауылда мал басының өсуіне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы елеулі септік жасаған. Осыған қатысты, мінберге көтерілген «Қыдырбай» шаруа қожалығының басшысы Нұрбай Әбдірахманов «Сыбаға» бағдарламасы аясында 8 миллион 550 мың теңге несие алып, ірі қара табынын 58 бас малмен толықтырғанын айтты. Қазір қожалық қарамағында 100 бас ірі қара, 22 жылқы, 25 қой бар. Сондай-ақ, ұжым көктемгі егіс науқанында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 миллион теңге несие алып, жемісін көріп отыр.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы 409 тұрғыны бар қараегіндіктерді айрықша қуанышқа бөлегені баяндаманы талқылаушылардың сөзінде аталып өтті. Республикалық бюджеттен 62 миллион 700 мың теңге қаржы бөлініп, ауыл ішіндегі 6 шақырым су тарату желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауыз суға тапшылық толық жойылған. Ауыл да көріктеніп қалған. Есепті кезеңде 400 тонна көң-қоқыс шығарылып, қыруар көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Көшелерді қалыпқа келтірумен қатар, электр шамдары да орнатылған. Қар тазалау, жол ашу жұмыстары да шаруашылық құрылымдарының күшімен атқарылуда. Ауылда орта мектеп, «Айгөлек» шағын орталығы жұмыс істейді. «Жаңа» ЖШС басшысы Марат Қасеновтің бастамасымен Ауған соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге еңселі ескерткіш тұрғызылуы да игілікті іс деп білеміз.
Қараегінде екі жыл ішінде жеке меншік 8 үйдің бой көтеруі ауыл тіршілігінің жақсарғанын байқатады. Оны жұмыс орындарының көбеюімен, жергілікті бюджетке аударылатын салық қаражатының өскендігімен байланыстыруға болады. Осы ретте Д.Қасеновтің шаруашылық құрамында 150 бас сиырға арналған заманалық ферма салу жоспарына үлкен үміт артылып отырғандығы алға тартылды. Аталған шаруашылық 150-ден астам жылқы, 50-дің үстінде ірі қара мал өсіреді екен. Былтыр мұнда 50 тонна сүт, 15 тонна қымыз өндіріліп, аудан орталығында, Астана қаласында жоғары сұраныспен сатылған. Жаңа ферма іске қосылған жағдайда өнім көлемін жылына 700 тоннаға жеткізіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тумақ. Бұл үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау керек. Жиналысқа қатысқан аудан басшылығы бизнес-жоспардың мақұлданғанын, тиісті орындардың қарауына жолданғанын айтты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы.