• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Видео 01 Қыркүйек, 2021

Тарихты тану, атамекенді ардақтау

600 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай өңірлердің тарихи-мәдени және туристік әлеуетін кеңінен көрсетіп, насихаттау мақсатында «Атамекен» экспедициясын ұйымдастырды.

Бұл игі іс-шараны жүзеге асыру барысында Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газеттері қызметкерлерінен құралған делегация Қарағанды облысындағы Ұлытау-Жезқазған өңірі мен Жаңаарқа ауданының тарихи жерлерін аралап, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, екі мың шақырым шамасындағы жолды еңсерді.

Ақселеу биігінен басталды

Кеншілер астанасынан екі көлікпен шыққан экспедиция мүшелері түске та­ман Жаңаарқа ауданына ат-көлігі аман жетті. Құрамына Egemen Qazaqstan және «Казахстанская правда» газет­терінің қызметкерлері енген делегацияны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Қамен бастап барды. Экспеди­ция құрамында Egemen Qazaqstan га­зеті бас редакторының орынбасары Тал­ғат Батырхан, басылымның бөлім мең­ге­рушісі Мирас Асан, Жанболат Кен­же­ғұл, «Казахстанская прав­да» газеті сай­тының редакторы Евге­ний Федоров, «Ка­захстанская правда» газетінің тілші­сі Зарина Москау, қарағандылық ардагер жур­налист, эт­нограф-жазушы Төрехан Май­бас, Saryarqa аqparat ЖШС директоры Қамбар Ахмет, Қарағанды об­лыс­тық ішкі сая­сат басқармасының бө­лім басшысы Нұржан Ілияшев болды. Соны­мен бірге, экспедицияға жергілікті Saryarqa телеарнасының тілшісі Мақсат Бейсенаев пен оператор Олжас Ғаббасов ақпараттық қолдау көрсетті.

Жаңаарқа ауданының орталығына жеткенде, «Атамекен» экспедициясын аудан әкімінің орынбасары Қанат Қо­жы­қаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жалғ­асбек Сайлаубеков, аудандық «Жаңа­арқа» газетінің редакторы Салтанат Ералина қарсы алды. Жаңаарқа кентінде, атап айтқанда, «С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жү­йесі» мекемесінде экспедиция мүшесі, этнограф-жазушы Төре­хан Майбастың «Құрмалдық» деп атал­ған кітабының тұсау­кесері ұйым­дастырылды.

Алаштың аяулы тұлғасы Ақселеу Сей­дімбектің дүние танымы турасын­да сыр шертетін бұл туындының құн­дылығы жөнінде жылы пікірлер айтылды. Сонымен қатар тұсаукесер рәсі­мін­де жергілікті өнерпаздар Ақселеу ән­дері шырқалған шағын концерт қойып, жол­соқты болып келген экспедиция мү­ше­лерін өнердің рухымен сергітті. Кітап авторы музей қорына және экспеди­ция мүшелеріне өзінің құнды еңбегін сый­ға тартып, көрсетілген сый-құрметке алғысын білдірді.

Кітапханадағы келелі іс-шарадан ке­йін «Атамекен» экспедициясы Ақселеу Сейдімбектің мәңгілік тыныс тапқан мекеніне келіп, оқылған Құранның, ба­ғышталған дұғаның ішінде болып, тау тұл­ғаның рухына тағзым етті. Ұлт руха­ниятының дамуына өлшеусіз үлес қос­қан қайраткер тұлға 2009 жылдың 16 қыр­күйегінде дүниеден озған болатын. Өзінің аманаты бойынша оның сүйегі қазір жұрт «Ақселеу биігі» деп атап кеткен төбе басына қойылған. Марқұмның құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі елге мейірім қанбады», деген мәнінің ас­тары тым тереңде жатқан өз сөзі жа­зылған.

Айта кету керек, Ақселеу Сейдімбек 1976-1983 жылдар аралығында «Социа­лис­тік Қазақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan газеті) газетінде Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Міне, «Егемен» ұйымдастырған экспедицияның Ақселеу биігінен бастау алғанында осындай символикалық мән жатқан еді.

 Жезқазған жеріндегі жылы жүздесулер

Ақселеу биігінен аттанған «Атамекен» экспедициясы 325 шақырымды артқа тас­тап, Жезқазған қаласының шетіне іңір түскен мезгілде ат тұмсығын іліктірді. Бұл жерде делегация мүшелерін қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Мереке Мырзабекова мен Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Дархан Мұқан бастаған топ қарсы алды.

Ертесіне «Атамекен» экспедициясын Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров қабылдап, баспасөз өкілде­рін өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Жалпы алғанда қаланың экономи­ка­лық көрсеткіштері қалыпты деңгейде екен. Соңғы үш жылда оның қарқыны 1,7 есе артқан. Қаладағы негізгі өндіріс көзі – «Қазақмыс» корпорациясының кәсіп­орындары. Олардың өнімдері қала эконо­микасының 96%-ын құрайды. Әкімнің айтуынша, қазіргі басты мақсаттың бірі – шағын және орта бизнесті дамытып, сол арқылы моно қала қатарынан шығу.

Жезқазғанның рухани өрісі кең, өзін­дік келбеті бар шаһар екені рас. Қа­ла­да музыкалық-драма театр, университет, 2 музей, филармония, 20 мектеп, 8 колледж жұмыс істейді. Жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен ас­­пайды, орташа жалақы көлемі бойын­ша республика бойынша 3-4 орынды иеленеді.

Жезқазғанның әкімі әңгіме барысын­да Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойы құр­метіне «Жезқазғанның 70 жылдығына 70 игі іс» жобасын жүзеге асыруды бастап кеткендерін мәлім етті.

«Жобаға кірген 70 игі іс қалада жайлы жағдай жасауға және оның сәулеттік келбетін жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, Жезқазғанды инвестициялық және басқа да жобаларды іске асыру тұрғысынан тартымды, ең жайлы қала ретінде танымал етуге, адами капиталды тиімді пайдалануға бағытталған», дейді Қайрат Әбсаттаров.

Кездесу барысында қаладағы ауыз су және экологиялық ахуалдың күрделі мәселелері, оны шешудің жолдары да сөз болды.

Бұдан кейін экспедиция мүшелері Жезқазған тарихи-археологиялық музе­йінде болып, ежелгі заман сырын шерткен экспонаттармен танысты. Аталған мұражай қорында 50 мыңға тарта жәдігер сақталған.

Мекеменің соңғы жылдар ішінде қол жеткізген табыс та аз емес. Мысалы, Кедендік одақ пен ТМД мүшелері – Ресей, Украина, Қазақстан, Беларусь және Әзербайжан республикаларын қамтыған жалпымемлекеттік ұлттық рейтинг-бағдарламасы бойынша алтын медальмен және «Сала көшбасшысы-2014» ұлттық сертификатымен марапатталған. 2015 жылы Жезқазған тарихи-археологиялық музейіне Қазақстан ИКОМ ЮНЕСКО-ға қарасты Халықаралық музейлер кеңе­сінің шешімімен «Жыл музейі» дипломы табысталған.

«Атамекен» экспедициясының мүше­леріне Жезқазған жерінің жылы­лығын сездірген жанның бірі – «Еге­меннің» елдегі жанашыры, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков болды. Алыс жолдан келген делегацияның тынығып алуына барлық жағдайды жасаған азаматқа деген алғыс мол, әрине.

 «Жошы ханға» жол керек

Жезқазған қаласынан Жошы хан ке­се­несі орын тепкен жерге дейінгі қашық­тық 50 шақырымдай болады. «Атамекен» экспедициясының мүшелері қара жолдың шаңын шығарып межелі жерге жеткенде, құладүзде бой көтерген сәулетті ғимаратты көріп таңғалғаны рас еді. Қысқа уақытта қабырғасы қаланған бұл кешеннің құрылысын қазірдің өзінде аяқталған деп сеніммен айта беруге болады. Оның ашылуы биылғы қазан айына жоспарланған көрінеді.

Кешеннің аумағы өте ауқымды: ол 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде, 1,8 мың шаршы метр аумақта көр­ме залы, асхана, 20 орындық қонақ үй мен намазхана сияқты бөлімдер орна­ласқан. Үлкен дәліздің кіреберісіне монитор қойылған, оның көмегімен кесенеге келушілер кешеннің ішкі мазмұнымен және Жошы хан кесенесінің тарихымен қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде таныса алады.

Мәдени-тарихи кешеннің ауласында Жошы хан ескерткіші орын тепкен. Биіктігі бес метр болатын бұл мүсінді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов сомдапты. Ескерткіш жанына хан шатыры орын теуіпті. Оның іші кілемдермен және әшекейлермен көмкерілген, сонымен қатар суретке түсу­шілерге арналып символикалық тақ орнатылған екен. Бұдан бөлек, кешен аумағында «Ақсақ құлан» мен пар ат жегілген күйме сынды сәулет нысандары тұр, тулар, тутұғырлар қойылған.

Кешен ғимаратының техникалық жақ­­тарына толыққанды көңіл бөлінген. Атап айтсақ, экспозициялар мен демон­стра­­­цияларға арналған залдар, намазхана, тамақ ішетін орын буфет-шайхана, қыз­­меткерлердің тұруына арналған бөл­мелер, демалуға арналған галереялар, ке­­шен­ге келуші саяхатшы қауым мен қо­­нақ­­тарға арналған демалыс бөлмелері бар.

«Жошы хан» мәдени-тарихи кешені­нің бөлім жетекшісі Бақытжан Көп­­баевтың айтуынша, жаңа нысан Жез­қазғандағы Халықтар достығы мен мәде­ниет үйі мекемесінің қарауына берілген екен.

Еске сала кетер болсақ, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы Мемлекет басшысының «Сындарлы қо­ғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қа­зақстан халқына Жолдауында айтыл­ған міндеттерді жүзеге асыру бойынша Қа­­зақ­стан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 31 желтоқсанындағы №1059 Қаулысымен бекітілген «Ұлық Ұлыс» – Алтын Орданың 750 жылдығын дайын­дау және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар» жоспарына енген болатын.

Жезқазған қаласының әкімі жаңа кешеннің негізгі мақсаты халқы­мыз­дың қалыптасу тарихының ма­ңызды кезең­дерінің біріне елдің қызығу­шылығын оятып, туристерді тарту екендігін айтады.

«Жоба жүзеге асқанда жұрт Жезқазған қаласының ғана емес, Ұлытау ауданының да тарихи нысандарын аралауға мүм­кіндік алады. Сонымен қатар бұл нысан Жезқазған өңірі мен еліміздің баға жетпес мәдени мұрасын насихаттауға да игі ықпалын тигізеді деген сенімдеміз», дейді Қ.Әбсаттаров.

Айта кететін бір жайт, экспедиция мүшелерінің Жошы хан кесенесіне аялдаған кезде мұндағы көненің ескерт­кішін тамашалап жүрген бірқыдыру көзімді шалды. Бұл көрініс жаңа кешен пайдалануға берілгенде, кесенеге келетін саяхатшы қауым санының тіпті де арта түсетініне көңілді сендіреді. Тек, бір ғана әттеген-ай бар: ол – жол мәселесі. Осы жағы ойдағыдай шешім тапса, Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне туристердің толассыз ағылатын түрі бар екен.

 Ұлытау ұлықталсын десек...

Экспедиция мүшелері Жошы хан кесенесінен кейін 25 шақырым жердегі Алаша хан мазарына соққан соң, Ұлытау ауданының орталығына жол тартты. Ұлт ұясы қақпасының алдынан күтіп алған аудан әкімі Советбек Медебаев журналистер тобын Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайына бастады.

Қабырғасы 1990 жылы қаланған Ұлы­тау ұлттық тарихи-мәдени және та­биғи қорық-мұражайының жалпы ауданы 147,246 мың гектар. Ал музейдің өзінде екі көрме залы­нан басқа уақытша көрмелер, сақтау қоймалары, кітапхана, интернет-кафе және ақпараттық-туристік дүңгіршек үшін үй-жай қарастырылған. Мұра­жай қорында мыңдаған жылдар бойы Еуразия даласында өмір сүрген мәдени қауымдастықтардың дамуын ­­көр­сететін ерекше жәдігерлер бар. Олар­дың жалпы саны 4 902 екен.

Жалпы, Ұлытау ауданының аума­ғында көнеден қалған, ресми тіркелген 337 ескерткіш бар. Оның 282-сі Ұлытау қорық-музейі қорының тарихи-мәдени картасына енгізілген. Қорық-мұражай­дың аумағында Алаша хан, Жошы хан, Те­ректі әулие сияқты әйгілі ескерткіштер, Байқоңыр, Басқамыр тастарындағы суреттер және басқа да түрлі тарихи жә­дігерлер бар. Ұлытау қорығы өзінің ерекше флорасы мен фаунасымен таны­мал екендігін айта кету керек. Мұнда анықталған өсімдіктің 617 түрі бар екен, оның 90-ы емдік шөптер көрінеді.

Музей экспонаттарымен танысқан ­экспедиция мүшелері кенттегі жаңадан ­бой көтерген «Сапар орталығы» ғима­ратын­да да болды. Құрылысы 2018 жылы басталған бұл нысан биыл келушілерге айқара есік ашпақшы. Мұнда туристерге қажетті бар­­лық жағдай қарастырылған: дәмхана, кәдесый дүкендері, мәжіліс залы жұмыс істейтін болады. Ұлытау ауданының әкі­мі «Сапар орталығы» заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, сая­хат­шыларға жоғары деңгейде қызмет көр­сетуге, мәдени-ағарту, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға сүбелі үлес қосады дегенді айтады.

Ұлы қорғандар, қорымдар, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кесенелері, тас­тағы таңбалар, петроглифтер, шахталар, металл қорыту пештері және басқа да көне ескерткіштерімен әйгілі Ұлытау – жер аумағы бойынша еліміздегі ең ірі аудан. Алты облыспен шекара түйістірген оның территориясы 122,9 мың шаршы шақырымды құрайды.

Әттең, уақыттың тығыздығына байланысты, Алтын Орданың ханы Тоқтамыс, ұлы қолбасшы, ел қамын жеген Едіге жерленген тарихи орындарды, Алтыншоқы тауындағы Ақсақ Темір жазба қалдырған тас тақтаны көрудің сәті түспеді. Уақыт болған күннің өзінде, Ұлт ұясы – Ұлы­тауда бел суытар қонақ үйдің, жүрек жалғар асхананың жоқтығы қонақты қондырмас та еді. Қалай болғанда да, күні ертең туристер қаптап келіп жатса, Ұлытау ұятқа қалмасын десек, мейманхана мен дәмхана және сапалы жол міндетті түрде салынуы керек-ақ.

Күн ұясына құлаған мезгілде «Ата­мекен» экспедициясы биылғы жаз дала өртінен көз ашпаған Ұлытау ауданы­на тілеулестік білдіріп, екі қолын бұлғап қимай қоштасқан жаңа әкімінің қызметіне сәттілік тілеп, атқа қонды.

«Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамы ұйым­­дастырған бұл жоба өзінің мақ­са­­тына жетті деп сеніммен айтуға бо­ла­ды: жоспарланған іс-шаралар түгел­дей жүзеге асып, ел тарихын тануға, ата­ме­кенді ардақтауға, туризмді насихат­тау­ға бағытталған миссия өз межесін ба­ғын­дырған еді.

Сөз соңында астын сыза айт­пағымыз, осы сапардың барысы тарихқа тұнған өлкемізге туристер лек-легімен келуі үшін тақтайдай тегіс жол керек екеніне көзді тағы бір мәрте жеткізді. Сонымен бірге, саяхатшыларға сапалы қызмет көрсететін қонақ үйлер саны да арта түссе деген тілек бар. Осы екі мәселе шешімін тапса – Жезқазған-Ұлытау өңірі туризм индустриясының шарапатын молынан көреді деп сеніммен айтуға болушы еді.

 

 

Қарағанды облысы