Осыдан 40 жыл бұрын – 1981 жылдың мамырында Финляндияның Тампере қаласында бокстан Еуропа чемпионаты өтті. Бұл жарыс КСРО құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. Сарапқа салынған 12 бас жүлденің сегізін айтулы мемлекеттің өрендері олжалады. Солардың қатарында Алаштың мақтан тұтар ұлы Серік Қонақбаев та болды.
Суоми елінде Серік Керімбекұлы керемет өнер көрсетті. Бастапқы бәсекесінде ирландиялық Джозеф Фенлонды сабаған ол ширек финалда Еуропа біріншілігінің күміс және Жерорта теңізі ойындарының қола жүлдегері, югославиялық Сретен Мирковичтен басым түсті. Жартылай финалда Мажарстанның мықтысы Тибор Молнарды жеңген қазақ жігіті шешуші сайыста Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, ГФР-дың өкілі Карл-Хайнц Крюгермен күш сынасты. Неміс боксшысын Қонақбаев жақсы біледі. 1979 жылы Кельнде өткен Еуропа біріншілігінде де екеуінің жолы қиысқан еді. Сол жекпе-жекте қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберген Серіктің пайдасына шешілді. Бұл жолы да қандасымыздың мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Германияның дүлдүлін 5:0 есебімен ұтқан Серік Қонақбаев қатарынан екінші рет Еуропа чемпионы атанды. Және де сол жылдың қорытындысы бойынша даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі әлемнің ең үздік былғары қолғап шебері деп танылды.
Қонақбаевтың спорттық ғұмырында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол Еуропа біріншіліктеріндегі табыстарынан бөлек, Әлем кубогын екі рет олжалады. Әлем чемпионатының финалында күш сынасты. 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медальды мойнына ілді. Финалда ол италиялық Патрицио Оливадан ұтылды. Негізі ғаламдық додада бас жүлде біздің жігітке бұйыруға тиіс еді. Бірақ бұл бәсекенің тағдыры саяси тұрғыдан шешілгенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі. Себебі Италияның спорт басшылары өз өрендеріне Кеңес Одағында өткен Олимпиадаға қатысуға рұқсат бермеді. Басшылардың сөзіне құлақ аспаған Патрицио ешбір кедергілерге қарамастан төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеде бақ сынауға бел буды. Тәуекел деді де, өз қаражатымен Мәскеуге келді. Міне, осы жайттың барлығын ескерген жарыс қожайындары әлемдік қоғамдастық алдында ұпай жинау мақсатымен капиталистік елден келген спортшының жеңіске жетуіне қолайлы жағдайдың барлығын жасады.
Тампередегі Еуропа чемпионатында жамбылдық Серік Қонақбаевтан бөлек, КСРО құрамасы сапындағы боксшылар арасында магадандық Виктор Рыбаков (60 кило), куйбышевтік Василий Шишов (63,5 кило), мәскеулік Александр Кошкин (71 кило), эстониялық Юрий Торбек (75 кило), костромалық Александр Крупин (81 кило) және украиналық Виктор Мирошниченко (54 кило) мен Александр Ягубкин (91 кило) топ жарды. Ал қалған салмақ дәрежелерінің бас жүлдесі болгариялық Ивайло Маринов (48 кило) пен Петр Лесовқа (51 кило) және германиялық Рихард Новаковски (57 кило) мен италиялық Франческо Дамианиге (+91 кило) бұйырды.
Суоми еліндегі сол жарыста қазақтың тағы бір мықты боксшысы бақ сынады. Ол – Серік Нұрқазов. Қарағанды бокс мектебінің түлегі қола медальды иеленді. 57 кило салмақта сынға түскен қандасымыз югославиялық Деян Марович пен ирландиялық Дамиен Фиерстен басым түскенімен, жартылай финалда ГДР-дың өкілі Рихард Новаковскиге есе жіберді. Шынтуайтына келгенде, Нұрқазов даңқты қарсыласынан еш қаймықпай, тең дәрежеде айқасқанына Тампередегі зәулім спорт кешеніне жиналған дүйім жұрт куә. Бұл жекпе-жекте таразы басы ұзақ уақыт теңселіп тұрды. Бәсеке аяқталғаннан соң төрешілер біраз ойлана-толғана келе, Монреаль Олимпиадасының күміс, Мәскеу Олимпиадасы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы деген дардай атақтары бар неміс боксшысының қолын көтерді. Есеп – 3:2. Осылайша, Рихард финалға шықса, біздің Серік қола медальды қанағат тұтты.