Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022 жылы Қатар астанасы – Дохада өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы 4-тур ойынын елордадағы «Астана Аренада» өткізіп, Украина құрамасымен тең түсті.
Осыдан дәл бес ай бұрын Киевте өткен екі құрама арасындағы бірінші ойында жерлестеріміз алғашқы таймда өз қақпасына гол жіберіп алғанымен, екінші таймның 60-минутында Серікжан Мұжықовтың соққан голының арқасында таразы басы теңесіп, құрамамыз алғаш рет Александр Зинченко бастаған жігіттермен тең ойнаған еді.
Күні кеше елордада өткен матч та дәл сондай сценариймен басталды. Кездесудің небәрі екінші минутында Украина құрамасының және Португалияның «Бенфика» клубының шабуылшысы Роман Яремчук Стас Покатилов қорғаған қақпаға тамаша гол салып, ойынның есебін ашты. Жерлестерміз жылдам гол өткізіп алған соң біраз абдырап қалды. Есесіне қонақтар қарқынын күшейтіп, ойынның 20-минутына дейін біздің футболшыларға доп бермей, қақпамыздың алдында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырумен болды. Бірақ қорғаушыларымыз бен Стас Покатилов Украина шабуылшыларына екінші гол соғатын мүмкіндік берген жоқ.
Бірінші таймның орта тұсына келгенде алаң иелері қарсы шабуылға иек артып, Андрей Пятовты мазалай бастады. 23-минутта Руслан Валиуллиннің сол қапталдан асырған пасын капитан Азат Нұрғалиев тиімді пайдалана алмады. Кейіннен Исламбек Қуат, Владислав Васильев, Марат Быстров алыстан соққы жасап, гол соғуға тырысқанымен, доп қақпадан қиыс кетіп жатты. Сөйтіп бірінші тайм Украинаның сәл ғана басымдығымен аяқталды.
Екінші таймды Талғат Байсуфинов шәкірттері тамаша бастады. 60-минутта бас бапкер Азат Нұрғалиевтің орнына Бақтиер Зайнутдиновты және ұлттық құрама сапында бірінші ойынын өткізген шабуылшы Артур Шушеначевтің орнына Абат Айымбетовті шығарған соң, құраманың ойыны одан әрі түрленіп шыға келді. Арада 8 минут өткен соң Абат Айымбетов гол соғып таразы басын теңестірген еді. Бірақ литвалық төреші гол ойыннан тыс жағдайда соғылғанын көрсетті.
Дегенмен кездесудің 74-минутында жерлестеріміз бәрібір өз дегендеріне жетті. Асхат Тағыбергеннен пас алған Руслан Валиуллин Пятовты қапы қалдырып, есепті теңестірді. Таразы басы теңескен соң қонақтар алға қарай ұмтылудың орнына қорғанысқа көбірек көңіл бөлуге мәжбүр болды. Матч аяқталар тұста Абат Айымбетовтің гол соғып, жеңісті жұлып алатын зор мүмкіндігі болып еді. Алайда Андрей Пятов допты қайтарып үлгерді. Сөйтіп қонақтар футболдағы «сен соқпасаң, саған соғамыз» деген қағиданы ұстанып, төреші қосқан қосымша минутта гол соғып, есепте алға шығып алды. Гол авторы – 20 жастағы Данила Сикан. Гол өткізіп алғаннан кейін жерлестеріміз босаңсымай, соңғы минутқа дейін алға ұмтылып, қарсыластарға оңайлықпен үш ұпайды беріп қоймайтынын аңғартты. Төреші қосқан соңғы бесінші минутта Руслан Валиуллин дубльдің авторы атанып, Қазақстан құрамасына бір ұпай мен тең ойын сыйлады – 2:2.
Енді жерлестеріміз келесі кездесулерін 4 қыркүйек күні сырт алаңда Финляндия құрамасымен, ал 7 қыркүйек күні Босния және Герцеговина құрамасымен өткізеді.