Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Моңғолия Елшісі Лувсан Баттулгамен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Моңғолия ынтымақтастығының жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.
Министрдің бірінші орынбасары екі ел арасындағы саяси диалогтың, сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстардың және гуманитарлық қатынастың үдемелі дамуын атап өтті. Моңғол тарапына Қазақстанның БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі бастамасына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Тараптар ағымдағы жылы Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң қарқынына көңілі толтанын атап өтті және екіжақты үкіметаралық комиссия жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға келісті.
Кездесу соңында Ш.Нұрышев Моңғолия Елшісіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді атынан құрмет грамотасын табыстап, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқан жемісті қызметі үшін алғыс білдірді.