Украинадағы оппозиция өкілдері Львов, Тернополь мен Киев қалаларындағы әкімшілік ғимараттарды басып алды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Осылайша, оппозиционерлердің Черкасс қаласындағы облыстық әкімшілік ғимаратына жасаған шабуылдары сәтсіз аяқталды. Мұндағы шабуылға қатысқан ондаған адам тұтқындалды. Ал Львов қаласындағы әкімшілік ғимаратының алдына 2 мыңға жуық адам жиналып, губернатор Олег Салоның сыртқа шығуын талап еткен. Ақыры, шенеунік шықпаған соң ашуға мінген ереуілшілер ғимаратқа басып кірді. Мұндай әрекетті күтпеген тәртіп сақшылары наразы топты тоқтата алмаған. Жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, ереуілшілер губернаторды отсавкаға кету туралы өтінішін жазуға мәжбүрлеп, өз дегендеріне жеткен. Сондай-ақ елдің батысындағы Ровно қаласында да тұрғындар әкімшілік ғимаратын басып алған. Олар да губернатор Василий Берташтың отставкаға кетуін және биліктен «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздарын Киевтен алып кетуін талап еткен.
Львов облысының ішкі істер органдары ереуілшілердің облыстық әкімшілік ғимаратын басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті. Ал ереуілшілер болса, Львов пен Ровнодағы басып алған ғимараттарының айналасына баррикадалар құрып, мекемені оңайлықпен босатуға ниеттері жоқ екенін көрсетті.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Itar-tass.com