Әлем елдері бір-бірінің тарихи мұраларымен танысып, мәдени байланысын нығайту арқылы достық туын биікке көтереді. Мемлекеттік орталық музей еліміздегі Иран Ислам Республикасының Елшілігімен бірлесе отырып «Иран тарихы, мәдениеті және бүгіні» атты көрме ұйымдастырды. Ежелден бері өзінің тарихымен, жазу, сәулет, әдебиет пен ескерткіштері арқылы әлемге әйгілі елдің өткені мен бүгініне үңіліп көрелік.
Бүгінгі Ислам өркениетінің әлемдік орталықтарының біріне баланатын Иранда ежелгі қалалардың бірегей атмосферасы сақталған. Заманында бұл өлкеде Заратуштра ізбасарлары ілім үйретіп, шахтар билік жүргізгені әмбеге аян. Исфахан мен Шираздың сәнді сарайлары мен ғибадатханалары, түрлі дәмдеуіштердің хош иісі аңқыған шығыс базарларының сипаты да осы маңға тән. Омар Хайям, Фирдоуси, Сағди, Хафиз және Ибн Сина сынды ұлылар мұралары сақталған елдің бай мәдениеті көрген жанды тамсантпай қоймайды.
Ендеше Иран еліне қатысты мына он үш қызық деректі біле жүрейік. Дүние жүзіндегі ең ыстық мекен – Иранның Деште-Лут шөлінде орналасқан. Онда көлеңкеде тіркелген ең жоғары температура +67 градусты көрсеткен. Иран астанасы ең көп ел. Онда осы күнге дейін астана отыз екі рет ауысқан. Әлемдегі ең үлкен тәуелсіз арал Қешм Иранда орналасқан, ол әлемдегі жиырма үш тәуелсіз аралдың ең үлкені. Әлемдегі ең көне кипарис ағашы Иран жерінде. Қуат көздеріне, әсіресе мұнай-газ қорларына ие болуда, әлем бойынша Иран бірінші орында тұр. Иран адамдардың ең көне тұрғылықты мекені, сондай-ақ ең ежелгі өркениет пен ең көне биліктер, мемлекет пен империя Иранда қалыптасқан деген дерек бар. Дүние жүзіндегі ең көне тас ғимараты мен қалалары, соның ішінде Тахте-Джамшид (Персополис) қаласы, сондай-ақ балшықтан жасалған ең көне ғимарат, әлемдегі екінші ең көне шіркеу және төбесі жабылған ең ірі базар Иранда орналасқан. Хәкім Омар Хайям есептеп шығарған - Иран күнтізбесі әлемдегі ең дәл күнтізбе ретінде бағаланады. Иран ЮНЕСКО-да ең көп мұралары тіркелген он мемлекеттің бірі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда бақша өнімдері мен жемістерді экспорттауда Иран әлемде бірінші орынға ие. Соның ішінде кептірілген жемістерден пісте, шафран, тұт тұқымдастар, анар, түрлі өріктер, инжир өндіруде әлемде үздік үш елдің қатарында. Каспий теңізінің ең жасыл жағалауы Иран бөлігінде орналасқан.
«Иран тарихы, мәдениеті және бүгіні» атты онлайн-көрме Иран халқының сан ғасырлық тарихы мен бай мәдениетінің әр түрлі аспектілерін бейнелейтін бірегей фотоматериалдарды жұртшылық назарына ұсынуымен құнды. Фотосуреттерде Бехистун сына жазуы, Персеполис, Фирдоусидің қабірі сынды тек ежелгі және қазіргі заманғы мәдени және тарихи нысандар ғана емес, сонымен қатар архитектуралық және діни құрылымдармен, оның ішінде керемет парсы сарайлары, бекіністері, мұнаралары, кесенелері, мешіттері, музейлер, ғибадатханалар бейнеленген, атап айтсақ Исфахандағы Әли Капу сарайы, Теһрандағы мұнара, Абаяне ежелгі ауылы және басқа да жерлермен танысуға мүмкіндік береді.
Қас-қағым сәтті мәңгілік тарихқа айналдырған бейнелеу мұралары ұрпақтан ұрпаққа мұра боп келе жатқан Иран халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі, мәдени рәсімдері мен қолөнері туралы сыр шертеді. Әсіресе, зергерлік бұйымдар қызығушылық тудырады. Аталған елдің табиғи кереметтерінің қатарында тек тас көпірлер мен ыстық шөлдер ғана емес, сонымен қатар үңгірлер, саябақтар, таулар, көлдер де бар, олар осы онлайн фотокөрме аясында көрсетілмек.
– Қазақстандықтарды Иранның тартымды орындарын көруге шақырамын. Коронавирус пандемиясы аяқталған соң, қазақстандық достарымыз екі ел арасындағы санитарлық-эпидемиялық ережелерді сақтай отырып, Иранға сапарлап келеді деп үміттенемін. Керісінше, ирандықтар да көркем Қазақстанның әйгілі орындарын аралауға асық, – дейді көрменің ашылуында сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабир.
АЛМАТЫ