• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қыркүйек, 2021

Мемлекет басшысының назарындағы мектеп пайдалануға берілді

443 рет
көрсетілді

Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын «Egemen Qazaqstan» газеті Арал ауданындағы Сексеуіл стансасында жүздеген баланың темір жол рельстерін кесіп өтіп мектепке қатынап жүргеніне ел назарын аударған еді.

Теміржолшылар мекеніндегі проблеманы көтерген «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты сол мақаладан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында өзекті мәселені шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажеттігін жазған болатын. Осыдан кейін көп ұзамай құрылысы басталған мектеп биылғы Білім күнінде пайдалануға берілді.

Екі қабаттан тұратын білім оша­ғының бірінші сыныбына 40 бала қа­былданып отыр. Екі ауысымда 442 бала білім алатын мектепте 20 сынып кешені, спорт, мәжіліс залдары, кітап­хана, асхана бар.

Жаңа нысанның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова балаларды Білім күнімен құттықтап, жыл сайын тұрғындар қатары көбейіп келе жатқан аумақтағы типтік мектеп мемлекеттің салаға деген ерекше қолдауының көрінісі екенін атап өтті.

Темір жол саласының ардагері Бөлек­бай Бектұрғановтың айтуынша, жұрт көптеп қоныс тебе бастаған ауданнан мек­теп салу мәселесі соңғы 20 жыл бедерін­де дүркін-дүркін көтеріліп келген екен.

«Пойыздар жүйткіп жатқан жолды ке­сіп өтудің қаупін айтып жату артық шы­ғар. Сол жолмен мектепке кеткен бала­сы қайтып келгенше үлкендер жандарын шүбе­рек­ке түйіп отыратын еді. Бас газетте көтеріл­ген мәселені назарға алып, тиісті орын­дарға тапсырма берген Мемлекет басшы­сы­на, жақсы істің басында жүрген азамат­тарға айтар алғысымыз шексіз», дейді ардагер.

Кент тұрғыны Гүлнәз Әбділ­даева кішкентайын бірінші сыныпқа алып келіпті. Бұрын шойын жолдың арғы бетіне қатынап оқып келген екі қызы да енді жаңа мектепте оқиды.

«Балаларымыз он бес рельс­тен өтіп келгенше алаңдап, алдынан шығып күтіп алатынбыз. Әсіресе ерте қас қарая­тын қыстың күні қиын еді. Шүкір, ол күндер де артта қалды» дейді ол.

– Он бес мыңға жуық тұрғыны бар кенттегі үлкен мәселе – бар мектептің темір жолдың бір жақ бетінде орналас­қан­дығы еді. Енді ол толығымен шешілді. Шо­йын жолдың осы бетіндегі бала­ның бәрі жаңа мектепте білім алады. Жалпы, жыл сайын об­лыста білім ошағы­ның табал­ды­рығын тұң­ғыш аттайтын бала­лардың қатары көбейіп келе жат­қаны байқалады. Биыл өңірде 7 004 түлек мектеп бітірсе, бірін­ші сыныпқа 18 279 бала қа­был­д­анып отыр. Осыған байланысты мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынатын білім ошақтарының қатарын көбей­туді қолға алдық. Биыл 6 мектеп пайдалануға берілсе, алдағы 5 жыл­да 28 білім ошағы бой көтере­ді, – дейді облыс­тық білім бас­қар­­ма­сының басшысы Ақзира Қасымова.

Салтанатты шарадан кейін санитар­лық талапты сақтай отырып жаңа мек­теп­тегі алғашқы сабақ басталды.

 

Қызылорда облысы