• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Қыркүйек, 2021

Екі қазақ мектебі ашылды

480 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының алғашқы күні Қостанай облысының екі бірдей елді мекенінде қазақ мектебі ашылды. Тобыл бекетінде Білім күні мерекесінде есігін айқара ашқан жаңа мектеп биыл 130 бала қабылдайды. Ал Қарасу ауданының орталығында пайдалануға берілген қазақ мектебінде 320 бала оқитын болады. Жалпы, солтүстікте қазақ мектептерінің аздығы жиі айтылып жүрген мәселе. Бірақ батпандап кірген кеселдің мысқалдап шығатыны сияқты, Тобыл өңіріндегі мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер саны жыл өткен сайын еселеніп келеді.

Жаңа білім ордасының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Бюджеттен бөлінген 1 млрд 285 мың теңге қаржыға салынған жаңа мектепте балаларға сапалы білім берудің барлық мүмкіндігі қарастырылған: интерактивті құрылғылармен қамтылған кабинеттер, ыңғайлы шеберханалар, оқу залы мен кітапхана, заманауи спорт залы бар. Мектеп ғимараты инклюзивті оқытуға да икемделіп салыныпты, есіктері кең, кіреберісінде ыңғайлы пандусы, арнайы жабдықталған санитарлық тораптары бар. Заманауи мектептің алдында өткен салтанатты жиынға қатысқан аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Бүгін Қостанай облысында 110 мың оқушы Білім күнін атап өтуде, соның ішінде 12 мың балдырған алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Сіздер үшін бүгінгі күн заманауи жабдықталған, соңғы үлгідегі жаңа мектептің ашылуымен маңызды болмақ. Бүгінгі мектептердің барлығы қазіргі заманға сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалатын болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы – білім екенін айтып келеді. Ал біздің басты міндетіміз – өскелең ұрпақтың халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы білімге тең қол жеткізуі үшін жағдай мен мүмкіндік жасау. Қымбатты балалар! Жаңа білім ордасы сіздерді ана тілін, туған өлке тарихын, халқымыздың салт-дәстүрлерін білетін, қастерлеп, дәріптейтін білімді әрі патриот азамат етіп тәрбиелеп шығарады деген сенімдемін. Өйткені өткенді білетін және оны мақтан тұтатын адамдар ғана кемел болашақты құра алады, – деді А.Мұхамбетов.

Қазақ мектебінің ашылуы – Қарасу тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Мұның лебі сөз алған ата-аналардың жылы лебізінен байқалып тұрды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының біразы жаңа мектепке ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілсе деген тілегін жеткізді.

– Биыл менің ұлым Төрехан Нұрислам бірінші сынып табалдырғын аттап отыр. Жаңа мектептің ашылуы барлығымыз үшін де үлкен оқиға. Біраздан бері балалардың болашағына алаңдаулы едік. Бүгін – көптен бері шешілмей келе жатқан күрмеулі мәселенің түйіні тарқатылған күн. Жаңа мектеп салып берген ел басшыларына алғыс айтамыз. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деп Ыбырай атамыз айтқан еді. Биыл жалпы алғаш мектеп ашқан ұлы ұстаз Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл толып жатыр. Жерлесімізді ұлықтау мақсатында ашылып жатқан мектебімізге Ы.Алтынсариннің есімі берілсе екен деген ұсынысымыз бар еді, – деді Қарасу ауылының тұрғыны Есімхан Төреханұлы.

Салтанатты шарадан соң А.Мұхам­бетов Қарасуда «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында мұғалім­дерге ар­налып тұрғызылып жатқан тұр­ғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл үйлердің жалпы құны 48 млн теңге тұрады. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Балжақаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталған соң екі пәтерлі үйлерге отбасы бар жас мұғалімдер қоныстанатын болады.

Облыс әкімінің айтуынша, мектеп­терді жаңғыртудың 2021-2025 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, биыл Қоста­най облысында 82 ауылдық мектеп жаң­ғыртылады. Оған барлығы 2,9 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Облыстағы білім ошақтарын жаңғырту барысында бүгінге дейін 235,2 млн теңгеге оқушы­лар­ды мектепке тасымалдайтын автобус­тар сатып алынып, 10 млн теңгеге мек­теп асханаларының жабдықтары, 50,8 млн теңгеге кітапханалар мен 165,9 млн тең­­геге мектеп жиһаздары жаңар­тыл­ған. Сондай-ақ 87,7 млн теңгенің спорт­­тық керек-жарақтар сатып алынып, 140,3 млн теңгеге пәндік кабинеттер жабдықталған. 2025 жылға қарай жаңғыртылған мектептердің саны 325-ке жетпек.

Бүгінде облыста үш ауысымды немесе апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Керісінше, бірқатар жаңа мектеп ғимараттарын салу жоспарда тұр. Мәселен, биыл Қостанай қаласында 2 мектептің құрылысы басталды. Мұның сыртында, облыс әкімі 2025 жылға дейін 7 640 орындық 13 жаңа мектеп салынатынын, ал келесі жылы 7 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс екенін  айтып отыр. Бұл мектептердің нешеуі мемлекеттік тілде білім беретіні қазірше белгісіз. Бір анығы, 2022 жылы Қостанай қаласында тағы бір қазақ мектебі пайда болады. Өйткені облыс орталығындағы аралас сыныпты №15 мектеп он шақты жылдан бері орыс сыныптарына бала қабылдауын тоқтатқан. Биыл орыс тілінде білім алатын соңғы 11-сыныпты түлетсе, бұл білім ордасы да алдағы жылдан бас­тап басы бүтін қазақ мектебіне айналады.

 

Қостанай облысы