«Қазпошта» АҚ-ның жаңа бонд қоймасы қанатқақты режімде жүктердің бірінші партиясын өңдеп үлгерді. Ұлттық пошта операторы қыркүйек айының ортасына қарай өңдеуге 100 тоннаға дейін пошта жөнелтілімдерін қабылдай отырып, қойманы толық қуатына шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа бонд қоймасы «Қорғас - Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының аумағында орналасқан.
Қазпоштаның Бонд қоймасы арқылы алыс шетелдерге пошта жөнелтілімдерін жөнелту және қабылдаумен қатар ЕАЭО елдеріне транзиттік жүктерді өңдеу жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда қазақстандық бондтың қызметі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдері тарапынан сұранысына ие. Сонымен қатар Қазпошта ірі қытайлық логистикалық компаниялармен келісімге қол жеткізді. Серіктес пошта әкімшіліктерімен жасалған уағдаластықтар тікелей тауар ағыны көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Бонд қоймасында тауарларды сақтау қызметтері ритейлерге және электронды сауда алаңдарына өте тиімді. Оларға тауарды кедендік аумақтан сатып алушыға жеткізуге алып кеткен соң, салық баждары мен алымдарды төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл бизнеске шығындарды азайтуға және өздерінің клиенттеріне тапсырыстарды жылдам жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай шешім өндіруші елден жеткізуді күтпей-ақ, өз тауарын неғұрлым қысқа мерзімде қолдарына алатын тұтынушыларға тиімді. Бұл артықшылықтардың барлығы электронды коммерцияның дамуына және қолма-қол ақшасыз төлемнің өсуі есебінен көлеңкелі айналымдағы қаражатты азайту жөніндегі мемлекеттік міндетті шешуге ықпал етеді. Жаңа бонд қоймасында жүктерді темір жол және автомобиль көлігімен қабылдау және жіберу мүмкіндігі бар.
«Егемен-ақпарат»