Ауғанстанда әйелдер өз құқығын сақтауды талап етіп, наразылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауғанстанның Герат қаласында 70-ке жуық әйел «Талибан» қозғалысының жаңа басшылығынан әйелдер құқығын сақтауды және кеңейтуді талап етіп, наразылық акциясын өткізді. Бұл туралы Daily Mail хабарлады.
«Білім, қауіпсіздік және жұмыс - біздің негізгі құқығымыз», деп ұрандады шерушілер.
Талибанның алғашқы билігі кезінде әйелдер мен қыздарға білім алу мен жұмыс істеуге тыйым салынған еді. Қоғамдық орындарда бурка кию міндетті болды және әйелдер еркексіз үйден шыға алмады.
«Біз өз құқығымызды сұрауға келдік», деді көтерілісшілердің бірі Ферешта Тахери AFP ақпараттық агенттігіне телефон арқылы.
«Бурка киюге де дайынбыз, бірақ біз әйелдердің мектепке барғанын, жұмыс істегенін қалаймыз», деді олар.
Герат - Иран шекарасына жақын орналасқан ежелгі Жібек жолының қаласы. Ол консервативті орталықтармен салыстырғанда едәуір космополиттік көзқарастағы қала болды. Дегенмен кейбір әйелдер бурка киетін.
Өткен айда билікті басып алған тәліптер жаңа үкіметтің құрамын талқылап жатыр. Олар билік адам құқықтарын сақтайтынын, әйелдерге шариғат заңы шеңберінде жұмыс істеуге рұқсат беретінін мәлімдеген, бірақ тұрғындардың көпшілігі Ауғанстанның жаңа әкімшілігінде әйелдерге орын болатынына күмәнмен қарайды.
«Үкіметтің құрамында біздің де болғымыз келеді. Ешқандай үкімет әйелдерсіз құрылмайды. Тәліптердің бізбен кеңескенін қалаймыз», деді шерушілердің бірі.
«Дәрігер, медбике сынды әйелдер жұмысқа оралып жатыр, бірақ тәліптер оларды қорқытқанын айтып шағымданады», деді тағы бірі. Оның айтуынша, тәліптер оларға қарамайды, сөйлеспейді, тек ашулы түр танытады.
Гераттағы көтерілісшілер наразылықты жалғастыратынын мәлімдеді.
«Біз наразылықты жалғастырамыз. Гераттан бастадық және жақын арада басқа провинцияларға таратамыз», деді Басира Тахери.