• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2014

ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті

313 рет
көрсетілді

ЖАСАЙ БЕРСІН ЕЛДІГІМІЗ МӘҢГІЛІК!

17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария еткені белгілі. Отанымыздың 2050 жылға қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз етуді көздейтін ұзақмерзімді стратегияның үстіміздегі жылға арналған басымдықтары белгіленген Жолдауда биліктің заңнамалық тетігіне де ерекше назар аударылған болатын. Ең бастысы, биылғы Жолдау еліміздің

рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жариялануымен де құнды бола түскен еді.

«Парламент» беті бүгін бір тақырыпқа – Елбасы Жолдауы­на арналып отыр. Онда сөз алатын депутаттар Президент Жол­да­уының барлық бағыттарының маңыздылығы тура­лы айта отырып, Елбасы тапсырмаларын қамтама­сыз етуде қарымдылық керек екендігіне ерекше назар аударады.

 

ЖАСАЙ БЕРСІН ЕЛДІГІМІЗ МӘҢГІЛІК!

17 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария еткені белгілі. Отанымыздың 2050 жылға қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз етуді көздейтін ұзақмерзімді стратегияның үстіміздегі жылға арналған басымдықтары белгіленген Жолдауда биліктің заңнамалық тетігіне де ерекше назар аударылған болатын. Ең бастысы, биылғы Жолдау еліміздің

рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін

«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жариялануымен де құнды бола түскен еді.

«Парламент» беті бүгін бір тақырыпқа – Елбасы Жолдауы­на арналып отыр. Онда сөз алатын депутаттар Президент Жол­да­уының барлық бағыттарының маңыздылығы тура­лы айта отырып, Елбасы тапсырмаларын қамтама­сыз етуде қарымдылық керек екендігіне ерекше назар аударады.

 

ЕРЕН МҮМКІНДІККЕ ИЕ ЕЛМІЗ

Елбасы Мәңгілік Ел ұғымының толық мән-мағынасын, мазмұнын ашып айтып берді. Бұл әрбір осы мемлекеттің азаматы үшін ең негізгі құндылық деп білемін. Мақсат-мүддені мәңгілік елге қызметке жұмсап, келешек ұрпақ үшін, олардың ұрпақтарына жететін ел болуы жолында бүгін мен келер күнге қалтқысыз қызмет ету деген сөз. Демек, біз мемлекетімізді, экономикамызды, рухани байлығымызды, халқымыздың өмір сүру деңгейін және ол деңгейдің сапалылығын, яғни осының барлығын көтере түсуіміз керек. Мәселен, әрбір отбасы өзінің баласының, немересінің болашағын ойласа, Елбасы Мәңгілік Ел мақсатын алға қойып отыр. Бұл – шын мәнінде ұлы мақсат. Енді осы идеяға бүкіл қазақ біріксе, менің ойымша, барлық арманымызды қолымызбен ұстаймыз.

Елбасы қазақ тіліне қатысты өте жақсы айтты. Әлеуметтік сауалдамалар қорытындысы бойынша бір жылдың ішінде ғана өзге ұлт өкілдері арасынан қазақ тілін білемін дегендердің саны 10 пайызға өскен. Қазақ тілі интернетке кірді, ғылымнан, мемлекеттік органдардан орын ала бастады, ал енді оны ары қарай дамыту қазақтың өзіне, өзімізге байланысты. Тілді дамытуға заң жүзінде болсын, қаржылық жағынан болсын мемлекеттік қолдау бар. Қысқасын айтқанда, қазақтың өсіп-өркендеуіне, биік асуларды бағындыруына, озық елдердің қатарынан ойып орын алуына толық мүмкіндік бар.

Камал БҰРХАНОВ,

Мәжіліс депутаты.

 

ҰЛТТЫҚ ҰСТЫНЫМЫЗҒА АЙНАЛАДЫ

Мемлекет басшы­сының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын халық асыға күтеді. Өйткені, Елбасының жолдауларында еліміздің осы және таяу жылдардағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының негізгі бағыттары айқындалады. Биылғы Жолдаудағы Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы бүкіл қазақстандықтарды бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуіне ұйытқы болатын біздің ұлттық идеямызға айналуы тиіс.

Жолдауда экономикамыздың іргетасы болып табылатын шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 20%-дан 2050 жылға қарай 60 пайызға жеткізу міндетінің қойылуы, қоғамымызда «мен дегені бар» орта тап қалыптастыруға толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экономиканың күретамыры болып табылатын энергетика саласын дамыту үшін елімізде атом электр стансасын салу туралы Үкіметке нақты тапсырма берді. Қазақстан – әлемде уран өңдіруші алпауыт мемлекеттердің бірі. Біз көбінесе уранды толық өңдеуден өткізбей, сыртқа арзан бағамен экспорттаймыз. Әлемдегі ең арзан, экологиялық таза, әрі тиімді қуат көзі – атом энергиясы. Сондықтан да, еліміздегі өндіріліп жатқан уранды терең өңдеуден өткізетіндей әлемнің алдыңғы қатарлы технологиясын ендіре отырып, атом электр стансасын салу еліміз үшін аса тиімді жоба болады деп есептеймін. Мұны байбалам саясатқа айналдырудың қажеті жоқ.

Еуропа елдері, АҚШ, Жапония, Қытай және т.б. мемлекеттердегі энергетикалық ресурстардың негізгі бөлігін осы атом электр стансалары беріп жатқанын көпшілік білуі тиіс. XXI ғасыр жаңа инновацияның, оның ішінде нано-технология мен био-технологияның, энергетикалық ресурстардың жаңа түрлерінің ғасыры екенін мойындауымыз керек. Сол себепті, бәсекеге қабілетті болу үшін қолда бар мүмкіндіктерді уыстан шығарып алмау – біздің ұрпақтың басты міндеті.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРСІН

Елбасы әр жылғы Жолдауларында мемлекеттік тіл туралы арнайы айтып өтеді. Себебі, біз тұтас қоғам болып, ұлтымызға қарамай, мемлекеттік тілді толық меңгермейінше, мықты мемлекет құра алмаймыз. Елбасы бұған дейін де «мемлекеттік тіл – халықты біріктіруші басты фактор» екенін шегелеп берген еді. Бұл жолғы Жолдауында да мемлекеттік тіл туралы өзінің өте кең көлемдегі ойын жеріне жеткізіп айтты. Оны ұққан жан бұл тұрғыдағы көзқарасын өзгертіп, қазақ тіліне ден қояры анық.

Президент Жолдауының парқына барған адам, қазақ тілі Мәңгілік Елдің Мәңгілік Тілі болып бекітілгенін ұқты. Демек, бүгінгі күннен тік көтеріліп, Үкіметтен бастап еліміздің әр азаматы мемлекеттік тілдің өзінің заңды орнында қызмет етуіне атсалысуы керек. Біле білгенге, бұл елдік шараны қысқа мерзімде жүзеге асырып, Мәңгілік Ел мұратына айналған мемлекеттік тілді заңды орнында пайдалану Үкіметтің де, басқамыздың да басты міндетіміз болуға тиіс. Елбасы қазақ тілі туралы осыны меңзеді деп ұқтым.

Кейбір азаматтарымыз ренжісе де сөздің шынын, ойдың анығын ашық айтайын. Өзі тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін жетік білмейтін адам Отанының толыққанды патриоты болып саналмайды. Оның жарқын мысалдарын дүниедегі кез келген елден көруге болады. Өзіміз көп жағдайда үлгі алып үйренген Ресейге қарайықшы. Онда, тіпті, 5-6 айға нәпақа іздеп барған мигранттарға да орыс тілін білуді міндеттеп жатыр. Біз Ресейдің осындай жақсы қырларын үйреніп, өз елімізде пайдалануымыз керек.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» осы мәселені, яғни, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру ісін жиі көтере бастады. Бұған қоғам тарапынан қолдау бар. Тек Үкімет пен қос палата бір пәтуаға келіп, мемлекеттік тіл туралы пәрменді заң қабылдаса болғаны. Сонда ғана Президенттің мемлекеттік тіл туралы 2025 жылға дейін жүзеге асыруға тапсырған міндеттері толық орындалады. Әйтпесе, бүгінгі күнгідей ұзын құрық, кең тұсаумен созбұйдаға салып жүре берсек, қалған 5-10 жыл да заулап өте шығады. Сондықтан, Үкімет пен әріптестеріме айтар өтінішім, мемлекеттік тіл туралы пәрменді бір заңды ертерек дайындап, мүмкіндігінің барынша тезірек қабылдаған жөн. Себебі, сонда ғана Мәңгілік Елдің болашағы бұлыңғырланбай, анық көрінетін болады.

Розақұл ХАЛМҰРАДОВ,

Мәжіліс депутаты.

 

ӘР ЖОЛЫНЫҢ ТЕРЕҢ МӘНІ БАР

Жолдау ел ертеңіне немкеттілікпен қарамайтын әрбір азамат үшін айрықша маңызға ие деп білемін, себебі, онда айтылған мәселенің қай-қайсысы да, тіпті, бөліп-жаратыны жоқ, барлығы бірдей өте жоғары мәнге ие. Өзім аграрлық комитеттің мүшесі болғандықтан, кейін маған агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, Отанымызды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыру, егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру бойынша нақты міндеттердің қойылуы ерекше орынды. Ауылды, ауыл шаруашылығын көтеру мақсатының қойылуы түп-тамыры ауылдан шығып өнген әрбір қазақ үшін өзекті. Өйткені, онда ұлттық сана, рух, тіл тазалығы, дәстүр мен танымның құндылықтары қасиеттеліп сақталған. Ендеше, ауылға көңіл аударудың артында өзіндік бет-бейне сақтаудың үлгісі жатыр.

Астық өсіруден, оны экспорттаудан біз әлемдегі мықты мемлекеттердің қатарындамыз. Бұл жерде Елбасы Қытайды мысалға ала отырып, жерді тиімді пайдалану жайын айтты. Мәселен, онда көлемі бірдей жерден екі фермер екі түрлі, бірі төмен, бірі екі есе жоғары өнім алады, сондай кезде заң бойынша жер өнімді төмен алған диқаннан алынып, тиімді пайдаланушыға беріледі. Сондықтан онда жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттырып, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер ұтып отырады.

Қазір Парламентте Жер кодексі қаралып жатыр, оған көптеген ұсыныстар түсуде. Бізде шынында бәленбай гектар жерді алып, оны игермей жатқандар жеткілікті. Сондықтан Жолдауда бұл мәселеге Мемлекет басшысының баса мән бергені мен үшін, жалпы ел үшін өте маңызды.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты.

 

ӨМІР – ТҰНЫП ТҰРҒАН КҮРЕС

Күні кеше жарияланған Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын зиялы қауыммен бірге Тәуелсіздік сарайының үлкен, алқалы залында тыңдадым. Жол­даудың өн бойында Президент елімізде жүзеге асырылып келе жатқан оң өзгерістерді айтып, алда атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы ел тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтарлықтай арттыруға арналған маңызды құжат болып табылады. Нұрсұлтан Әбішұлының ел тұрғындарының әлеуметтік ахуалын жақсартуға қатысты айтқандарының бәрі бүкіл ел азаматтарын қуантқаны анық. Әсіресе, жалақының, стипен­дия­ның өсетіндігі көңілден шық­ты. Мемлекет басшысы екі қолға бір жұмыс таба алмай жүргендерге басты назар ауда­руды ұсынды. Сонымен бірге, әлеу­меттік әлсіз топтарға: мүге­дек­тер, жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқан және өзге де жан­дар­ға жұмыс беру қажеттігіне тоқ­талды.

Бұл сауалдар біздің өңірлерге шыққан сапарымызда ұдайы көтеріледі. Нақты мысал ретін­де айтар болсам, Қостанай облы­сына барған сапарымда ме­нің қабылдауымда болған Лиса­ковск қаласындағы жалпы негіздегі қарт адамдар мен мүгедектерге арналған Қарт­тар үйі қызметкерлерімен кезде­суім­де осында жұмыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысының өте аз екендігі айтылып, олар жалақысын көтеруді ұжым болып сұраған еді. Астанаға келген бойда сауалды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадым. Осы салада жұмыс атқарып жүрген азаматтардың көзге көрінбес еңбектерін бағалап, жалақысын көтеру Елбасымыздың кезекті Жолдауынан орын алғаны мені қатты тәнті етті.

Бұған қоса, Елбасымыздың 2010 жылғы Жолдауында айтып кеткен халқымыздың ден­саулығын сақтау, спорт ойындарына үлкен мән беріп, жаппай спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында «Денешынықтыру және спорт туралы» Заңға өзге­рістер енгізіп, бірқатар шараларды жүзеге асыру қажеттігі көрінуде. Міне, депутат ретінде бұйыртса, осы жолда еңбек етпекпін. Өйткені, бұл Жолдауда айтылған «Мәңгілік Елде» тұратын халық денсаулығын күшейтуге және жастармен патриоттық жұмыс жүргізуді анағұрлым жандандыра түсуге ықпал ететіні анық.

Мен 2006 жылдан бері спорт­тың «қоян-қолтық жекпе-жек» федерациясының президентімін. Үшсайыстан ғана спорт шебері нормативін орындаған маған спорттың бұл түрі оншалық таныс емес. Алайда, осы федерация­ны басқарғаныма қуаныштымын және бұл істі депутат болған соң да одан әрі жалғастырудамын. Ерекшелігі сол, бұл – спорттың ең мықтылар айналысатын түрі. Себебі, мұнда самбоның, бокстың және 20-дан астам басқа да спорт түрлерінің элементтері бар. Ал бұл – күш құрылымдары үшін мамандар дайындауда және жастарға патриоттық тәрбие беруде таптырмайтын спорттық дайындық түрі. Әсілінде, денешынықтыру мен спортты жан-жақты әрі тиімді дамыту – біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық саяса­тының маңызды әрі құрамдас бөлігі.

Мысалы, әскерге жаңадан шақырылған жастардың арасында оның дене бітімі мен рухани күш-жігерін қалыптастыру, өскелең жас ұрпақты спортпен айналысуға бейімдеу – аза­мат­тық борышты өтеуде барынша көкейкесті мәселе. Жалпы ал­ғанда, жас жігіт үшін өмірдегі ең күрделі сынақ, бұл – азаматтық борышты, яғни әскери міндетті өтеуге дайындық екендігі даусыз. Мұның бір ерекшелігі, әскерде алуан түрлі спорт үйірмелеріне қатысу, саламатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау, сан түрлі спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, бәрі-бәрі мемлекеттік деңгейде жү­­­­­­зе­ге асырылады. Сондықтан да, жергілікті жерлердегі мектептерде әрбір жасөспірімге бастапқы әскери дайындықтың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың бойына Отанды қорғай білу мен әскери қызметке дайын болудың алғышарттарын сіңіру қажет.

«Жаны саудың – тәні сау» деген халық даналығы осындайда айтылған болса керек. Бұл ретте Елбасы Қазақстан Қа­рулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спортқа қатысты айтқан мына бір нақыл сөзін еске алғым келіп отыр. «Спорт – адам тәнін ғана емес, жанын да шынықтырады. Мен жас кезімде спорттың классикалық күрес түрімен шұғылдандым, ол есейіп елге қызмет атқарған кезеңдерде көп көмегін тигізді. Күрес адамның ерік-жігерін нығайтып, алға қойған мақсатқа жетелейді. Өмір – тұнып тұрған күрес. Сондықтан мен барлық қазақстандық жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын. Қазақстандық өскелең ұрпақтың дене қайраты күшті, танымдық жағынан бай болуы керек. Бұл әрбір азаматқа үлгі-өнеге болуы тиіс деп ойлаймын», деген еді Елбасы.

Міне, осындай іс-шараларды жүзеге асырған жағдайда ғана жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті дарыта аламыз. Бүгінгі күннің басты талабы да, міне, осы!

Абай ТАСБОЛАТОВ,

Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер қорғаныс

және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

Соңғы жаңалықтар