«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» деп аталып, бұрын әскери өнімдер ғана өндірген ең ірі кәсіпорынның аумағында 2019 жылдан бері Солтүстік Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуының кешенді жоспарының аясында Cool Infinity атты ЖШС ашылып, жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорын бұрынғы зауыт аумағын түгел қамтымаса да инфрақұрылымдары барынша жетілдірілген өндірістік аймақтың үлкен бөлігін ұстап отыр.
Ағылшын тіліндегі бұл сөздің өзі «салқын шексіздік» деп аударылады. Серіктестік термосты темір жол вагондарын құрастырады. Бұл вагондар тамақ өнімдерін бүлдірмей, салқын сақтап, 21 күнге дейін оның бұзылмауын қамтамасыз етіп, алыс қалаларға жеткізе алады.
Кәсіпорын іске кіріскен 2019 және 2020 жылдары осындай 60 вагон құрастырылды. Бір вагонның құны 40 млн теңгенің көлемінде. Демек, сол жылдары кәсіпорын 2,4 млрд теңгенің өнімін шығарған еді. Тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Сонымен қатар серіктестіктің өнімдері Ресей, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінде де сұранысқа ие.
Cool Infinity ЖШС бас директорының орынбасары Ақан Кәрімовтің айтуына қарағанда, биыл осындай 80 бірлік вагон құрастырылған. Ал жыл аяғына дейін тағы 57 вагон жиналмақ. Биылғы жалпы меже – 140 вагон.
Енді осы кәсіпорын жаңа өнім түрін шығаруды игерді. Бұл – вагон-рефрижераторлар. Қазір оны шығарудың технологиялық барысы сынамадан өтіп, сертификат алынған. Бұл вагондар салқындықты сақтайтын вагондардан да қымбат. Аталған вагондардағы тез бүлінетін тамақ өнімдері ешқандай физико-химиялық немесе биогендік факторлардың әсеріне ұшырамайды. Өйткені онда тоңазытқыш жүйесі жұмыс істейді. Егер термос тек сырттан жылу енгізбесе, жаңа өнімнің өзінен суық ауа шығады. Сондықтан оны «изотермиялық вагондар» деп те атайды. Кәсіпорын жыл соңына дейін осындай 5 рефрижератор шығармақ.
Жаңа өнімнің тұсаукесер шарасына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуына қарағанда, жаңа өнімді игерген кәсіпорын биыл барлығы 5 млрд теңгенің тауарын шығармақ. «Бұрын зауытта 210 адам еңбек ететін. Енді, жаңа өнімнің енгізілуімен жұмыскерлер саны тағы 30 адамға артқалы тұр. Рефрижератор-вагондар шығару ТМД аумағында аса көп дамыған жоқ. Сондықтан бұл өнімге деген сұраныс ТМД елдері ғана емес, алыс шетелдерден де түсетін шығар деген үміт бар. Сондықтан кәсіпорын бұл өнімінің перспективасы жоғары», деді өңір басшысы.
ПЕТРОПАВЛ