Жуырда Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының 30 жылдағы геология саласы туралы» брифинг өтті. Брифингке Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев, Геология комитеті төрағасының орынбасары Алмат Әбдікешов, «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Әнуар Боранбаев қатысты.
Вице-министр алдымен елдегі Минералды-шикізат базасының бүгінгі жағдайымен таныстырды. Қазақстанда пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында жалпы 8 мыңнан аса кен орындары тіркелген, оның ішінде көмірсутек – 317 (мұнай, газ, конденсат), қатты пайдалы қазбалар – 910, кең таралған пайдалы қазбалар – 3 мыңнан астам және 4 мыңға жуық жерасты суларының кен орындары.
Мұнайдың баланстық қорлары (А+В+С1+С2 категориялары бойынша) 4,4 млрд тоннаны, газ – 3,8 трлн текше метр (еркін+ерітілген), конденсат – 414 млн тоннаны құрайды. Олардың басым бөлігі Атырау (75%) және Маңғыстау (11%) облыстарында шоғырланған. Бұл ретте, көмірсутек шикізатының 68% қоры 3 ірі кен орындарының, атап айтқанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың үлесіне келеді.
Ал қатты пайдалы қазбалардың қорын есептеу металл пайдалы қазбалардың 37 түрі және бейметаллдың 65 түрі бойынша жүргізіледі. Алтын кен орындарының негізгі қорлары Шығыс Қазақстан облысында – 36%, Ақмола облысында – 21%, Қарағанды облысында 11% шоғырланған. Мыстың 82% қоры еліміздің Шығыс және Орталық өңірлерінде шоғырланған. 3 мыңнан астам қорғасын-мырыш кен орындары және кенашылымдары, негізінен, Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда шоғырланған.
Геология саласында тәуелсіздік жылдарында елдің минерал- дық-шикізат кешенінің ресурстық базасын дамытудың 2003-2010 жылдарға, 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламалары іске асырылды. 2016 жылдан бастап нысаналы индикаторлар министрліктің стратегиялық жоспарына интеграцияланды.
Ал минералдық-шикізат кешені әлемдік нарық талаптарына толық бейімделді. Мыңнан астам кен орны пайдалануға берілді және қазіргі уақытта мемлекетке табыс әкеліп, халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі күні 1 630 объектісі жұмыс істеп тұр.
Қоршаған ортаны ластайтын авариялық мұнай ұңғымаларын жою мақсатында 2010-2021 жылдарда ел аумағында зерттеулер жүргізілді. Тексеру барысында 132 апатты мұнай ұңғымасы анықталып, оның 126-сы жойылды.
Сондай-ақ республикада сирек кездесетін металдарды өндіруді және өңдеуді дамыту үшін 2021 жылы құпияландыруға жататын мәліметтердің ведомстволық тізбелері қайта бекітілді. Тізбеден литий, цезий, галлий, тантал-ниобийдің баланстық қорлары туралы мәліметтер алып тасталды. Бұдан былай бұл ақпарат құпия емес.
«Егемен-ақпарат»