Жамбыл облысындағы вакцина өндіру зауытының бүгінгі жұмысы туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, коронавирусқа қарсы QazVac қазақстандық вакцинаның авторы Күнсұлу Закария айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Зауыт жұмысына қатысты сұрақ жиі қойылады. Бүгінде Жамбыл облысындағы вакцина зауытының тестілеу режімінде жұмыс істеп тұрғанына 2 ай болды. Шілде де валидациялық процестер басталды. Ол дегеніміз зауыттың техникалық тұрғыдан өндіріс талаптарына сай жұмыс істеуі. Яғни кәсіпорындағы барлық қызмет техникалық талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс. Зауыттың халықаралық сертификат алуы үшін уақыт пен көп еңбек талап етіліп отыр. Бүгінде GMP ұлттық сертификатын алдық, енді халықаралық сертификатты алу керек», деді Күнсұлу Закария ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін институт басшысы отандық QazVac вакцинаны үш кезең бойынша клиникалық зерттеудің аяқталғанын мәлім етті.
«Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталып, 9 шілде күні соңғы талдау нәтижесі алынды. Шілденің соңына дейін талдау нәтижесі тағы бір өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалды. Бұл жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Сондай-ақ, шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді. Қазіргі күні қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, оның нәтижесі әлі келген жоқ. Дегенмен біздің әзірлеген есепке қарап, алғаш отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп айтуға болады», деді ол.