Қазақта аш жүрсең де, тоқ жүрсең де туған жерден ірге ажыратпай, халықпен бірге болуға үндейтін, өз еліңнің шотын шауып, шаруасында жүруің үшін намысыңды қайрап, жігеріңді жанитын «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» немесе «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген сынды нақылдар баршылық. Алайда бүгінгі қоғамымызда мұндай нақыл сөздерге құлақ аса қоймайтындардың қатары жыл сайын өсіп бара жатқандай.
«Егеменде» бұл тақырып жиі көтеріліп, елден кетушілердің мемлекетімізге тигізіп отырған экономикалық-әлеуметтік теріс әсерлері айтылып келеді. Ал енді бүгін біз шетке кеткендердің себебінен қоғамымызға тиіп отырған әлеуметтік-рухани зардаптар жөнінде аз-кем сөз етуді жөн көрдік.
Қазіргі таңда көптеген отандасымыз шекара асып, шетелдерге уақытша немесе тұрақты тұруға лек-легімен кетіп жатыр. Мақсаттары – сол жаққа барып жұмыс істеу, мол табыс табу. «Іздесең Қазақстанда да жұмыс бар, өз еліңнен де екі ұртыңда майлауға жарар қаржы табуға болады», десең әлгілердің айтатын уәждері дайын: «Қазақстанда тапқан нәпақаң жұмырыңа жұқ болмайды, мұнда бір ай істеп жүріп алған ақыңды шетелде бір-ақ күнде қалтаңа басасың» немесе «шетелге кету-кетпеу – менің жеке шаруам».
Алайда әркімнің осындай жекелеген мәселесі жиналып келіп қоғамдық ортақ түрлі түйткілді туындататыны, мемлекеттің дамуына теріс әсерін тигізетіні қиын. Тағы бір айта кетер жайт, сол елден кетушілердің басым бөлігі шетелде «көз тұндырар қазына» іздеп жүріп өз өмірлері, өз отбасылары үшін материалдық байлыққа қарағанда әлдеқайда маңызды рухани асыл дүниелерін жоғалтып алатынын ұға бермейді. Азаматтарымыздың әлгі жоғалтқан рухани дүниелері олардың өз отбасыларына, одан әрі бүкіл қоғамға түрлі зардабын тигізетіні, оның салмағы айналып келіп ел-жұртқа түсетіні ешкімді ойландырып отырған жоқ. Ол қандай зардап? Бұл былай...
«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалауды» жөн көрмей, шетке кеткен ағайынның қатары қалың, құрамы әрқилы. Міне, осы жамағаттың, яғни сыртқа жұмыс іздеп кетушілердің едәуір бөлігі отбасылы, балалы-шағалы азаматтар (Түйткіл осы жерден түрленеді). Бұлардың көбісі басында аз ғана уақытқа шетелге барып ақша тауып келемін деп ойлайды (араларында отбасына бас-көз болуды күйеуіне тапсырып кеткен әйелдер де көп). Содан діттеген жеріне жетіп алған соң бастапқы жоспар бұзылады. Бес-алты айға келген әлгі адам тапқанына көңілі көншісе («тауға барса отын жоқ, қайтып келсе қатын жоқ» деп зар жылап жүргендер де кездеседі) барған елінде ұзақ уақытқа қалып қояды. Осылайша, ел аман, жұрт тынышта кешегі ынтымақты отбасы екіге жарылады. Әжептәуір қаржы ұстап, отбасының әжетін шығарып жүргеніне әлгі шеттегі адам мәз. Бірақ өкініштісі сол, осылайша әке тәрбиесінсіз ұл, шеше тәрбиесінсіз қыз өседі. Мұндай қадамдар талай ұл мен қыздың санасында ата-ана тұлғасын тек материалдық қажетін өтеп беруші өкіл деңгейіне түсіріп жібереді.
«Қара су мен қара нан жеп отырсақ та төрт көзіміз түгел күйде өз үйімізден кіріп-шығып жүргенге ештеңе жетпейді» деп ойламайтын мұндай ата-аналар өз балаларын қолдан «жетім» етіп, әкенің бәлкім шешенің тәрбиесін көрмей өскен өз перзентінің азабын күні ертең тартпасына ешкім кепіл болмайтынын түсінбейді. Ал мұны түсінетіні, түсінуге тырысатыны уатсаптағы бейне байланыс арқылы баласымен сөйлескеніне, бір-бірін бейне байланыс арқылы өбектегеніне тоқмейілсіп, өзін жұбатады. Ал уатсаптың екі жағындағы өмір мүлде басқаша жағдайда өрбіп жатуы да мүмкін.
Шетелге бір кіріп, бір шығу оңай емесін білетін талайлар өз отбасынан жырақта жүруін жалғастыра береді. Көп жыл бөлек, екі жақта ғұмыр кешіп жатқан ерлі-зайыптылар қаншама. Олардың некелік қатынасы қалай өрбімек? Олар араға жылдар салып қайта қауышқанда бұрынғы, яғни бірге жүргендегі көңіл күй, қатынас деңгейін сақтап қала ала ма? Мәселе көп. Ерлі-зайыптылардың екі бөлек тұруы айналып келгенде бала тәрбиесіне, өздерінің жеке қатынастарына зардабын тигізбей қоймайды. Бұл бір ғана отбасының ғана емес, қазақстандық мыңдаған отбасының проблемасы. Аталған мәселе ұрпақ тәрбиесін ақсатады, ажырасушы отбасылар қатарын арттырады, мұның бәрі жиналып келіп қоғамға салмақ түсіреді. Тәрбиеге жарымаған ұрпақ ертеңгі қылмыскер, қоғамды кері тартушы, ажырасқан ерлі-зайыпты елдің әлеуметтік саласына жүк, айналып келгенде бәрі мемлекеттің беліне түсетін салмақ. Сондықтан бүгінгі қазақ материалдық байлықтың соңынан ес-түссіз еремін деп, өмірдің рухани жағын, отбасын, бала-шағасының тәрбиесін ұмытпауы керек. Осы орайда қазақстандықтардың шетке кетпей өз Отанында жұмыс істеуі үшін тиімді шаралар қабылдау қажет-ақ.