• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қыркүйек, 2021

Бразилиямен сауда-саттықты арттырмақ

385 рет
көрсетілді

QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасы Берік Бекенов пен Бразилияның ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) вице-президенті Жоау Эмилио Гонсалвес Бразилия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов және Бразилияның Қазақстандағы Елшісі Рубем Антонио Корреа Барбоспен онлайн форматта ұйымдастырылды.

Тараптар өзара ынтымақтастықтың бірқатар ба­ғы­тын белгіледі. Оның ішінде екі ел арасындағы сауда мен инвестицияларды дамытудың басым мәселелері мен перспективаларын айқындау үшін әр елдің жеке сек­торымен консультациялар өткізу, бизнес өкілдерінің бір­лескен кездесулерін ұйымдастыру, кәсіпкерліктің құ­қықтық жағдайы туралы ақпарат алмасу және т.б.

Кездесу барысында Б.Бекенов QazIndustry АҚ-ның CNI-мен ынтымақтастығы екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, бірлескен кәсіпорындарды ұлғайту, елдер арасындағы тауар айналымын арттыру түрінде нақты нәтижелер беріп, Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты қатынастардың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Алдағы қараша айында Қазақстан мен Бразилия арасындағы іскерлік кеңестің бірінші отырысы өтеді.

Қазақстан мен Бразилияның жалпы тауар айналымы 2021 жылдың алғашқы 6 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе өсті. Сонымен қатар соңғы 5 жылда Қазақстанның Бразилияға экспорты айтарлықтай артты. 2016 жылдан бастап 2020 жылға дейін 100%-ға дейін ұлғайды (25 млн доллар). Бразилия нарығына күкірт, ферроқорытпа, қара металл бұйымдары экспортталды. Бразилия Қазақстанға жержаңғақ, тамақ өнімдері, амин қосылыстары, құ­быр­лар, қозғалтқыштар және т.б. тауарларын әкеледі.

Айта кетелік, Бразилия ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы – Бразилия индустриясының өкілі болып табылатын ресми және жоғары деңгейлі ұйым. CNI Бразилияның 27 федералды өнеркәсіп федерациясын және 1 245 салалық жұмыс берушілер кәсіподағын ұсы­нады, оған 700 мыңға жуық компания кіреді. Құ­рыл­ғаннан бері CNI Бразилия қоғамында жетекші рөл атқарды, негізгі ұлттық мәселелерді, әсіресе Бразилия өнеркәсібі мен экономикасының тиімділігіне әсер ететін мәселелерді талқылауға және консенсусқа қол жет­кізуге ықпал етті. Сонымен қатар CNI ұлттық өнер­кәсіпті зерттеуді, инновацияны және тех­но­ло­гия­лық дамуды алға тартады. Сонымен қатар бүкіл ел бо­йынша қызметкерлердің жағдайын, әлеу­мет­тік мәр­те­­бесін және дайындығын жақсартуға ба­ғыт­талған бас­тамаларды қолдайды.

 

«Егемен-ақпарат»