Жеңіс – 65
Міне, адамзат тарихындағы ең қырғын да сұрапыл соғыстағы Жеңіске 65 жыл толып отыр. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдермен қатар Қазақстан да бұл мерекені жоғары деңгейде атап өтпекші. Толарсақтан от кешіп елін, Отанын жау шеңгелінен азат етудегі ерлеріміздің ерлігі мен ұлы істерін естен шығармаған абзал. Бұл соғыста талай-талай боздақтарымызға жат елдің топырағы бұйырып, мәңгілікке сонда қалды. Олардың ішінде сан рет жараланып, қайта шайқасқа шығып, жеңіс үшін кеудесін отқа, төсеп, елге аман-есен оралып халыққа қызмет еткен азаматтарымыз да жетерлік. Солардың бірі – қазақтың қайсар ұлы, батыр-барлаушы Әлмұқан Сембинов. Бүгінде батырдың ерлігінің куәсі, еңбегінің жемісі орден-медальдары, құрмет грамоталары, қолжазбалары мен естеліктері және фотосуреттері Президенттік мәдениет орталығының мұражай қорында сақтаулы тұр. Атап айтсақ, олар “Берлинді алғаны үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін” және басқа медальдары, “Үздік барлаушы” белгісі және І, ІІ, ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордендері мен куәліктері, түрлі іс-шараларда алған алғыс хаттары, әскери мінездемесі, автобиографиясы, дипломдары, естелік қолжазбалары, кітапшалары және соғыс жылдарындағы суреттері. Олардың ішінде І, ІІ, ІІІ дәрежелі “Даңқ” ордендері мұражайдың үшінші қабатында орналасқан Тарих галереясындағы көрмеде ілулі тұр. Бас аяғы 93 дана тарихи жәдігерлерді мұражай қорына 1984 жылы ардагердің жары Галина Сембинова тапсырған.
Әлмұқан Сембинов 1924 жылы Ақмола ауданы, Жаңабірлік ауылында дүниеге келеді. Бала кезден зерек әрі намысшыл болып өседі. 18 жасында қолына қару алып, Отан қорғауға аттанған Әлмұқан Оспанұлының жауынгерлік жолы – кейінгі ұрпақ үшін шын мәніндегі ерлік пен өнеге іспетті. 1943 жылдың қақаған қысынан жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болған ардагердің жолы ерлікке толы. Ол өзінің сенімді серіктері Данил Лебедкин және Николай Беловпен бірге жау бекінісінен талай рет “тіл” алып келіп, олардың жоспарлары мен құпия істерін ашып, жеңіс күнін жақындатуға көп үлес қосқан. Батыр өзінің естелік әңгімелерінің бірінде алғаш “тіл” алып келген күнін былай деп жазады: “Прожектор сәулесі қараңғы түнді қақ тіліп, бүкіл төңіректі жарқ еткізіп жіберді. Біз бастарымызды төмен тұқырта, жермен жексен жата қалдық. Артынша әлдеқайдан автомат тықылдап қоя берді. Автоматтан атылған оқ пен жарқыл жаудың алдын-ала жасаған сақтығы сияқты. Мұндайда сәл оғаш қимыл жасау, бас көтеру қауіп. Бұл жолы менің барлауға алғаш шығуым. Барлаушы жолдастарым сержант Данил Лебедкин және сержант Николай Белов бұрын талай рет жаумен түнгі айқаста кездесіп, ысылған жігіттер болатын. Таң сібірлей бастаған шақта, біз үшеуміз кенеттен неміс траншеясына секіріп түстік. Қатты сасып қалған фашист бақырып жіберді. Бірақ оның қайта бақыруға шамасын келтіргеніміз жоқ, дымын өшіріп, окоптан сүйрей жөнелдік. Сөйтіп, біз жауынгерлік тапсырманы орындап шықтық. Мен ІІІ дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталдым”, – дейді.
Осы жолғы “тіл” алудағы eрeкшe eрлігі үшін үш барлаушының үшeуі дe “Даңқ” oрдeнімeн марапатталады. Аға сeржант Әлмұқан Сeмбинoв бұдан кeйін дe талай рeт eрлік жасайды. Ол 1944 жылы барлаудағы батырлығы үшін “Қызыл Жұлдыз” oрдeнін иемденеді. Ал, І, ІІ дәрeжeлі “Даңқ” oрдeндeрі 1945 жылғы Ұлы Жeңістің қарсаңында тиеді. “Мына бір oқиға әлі eсімдe, – дейді, – батыр естелік әңгімесінің одан арғы жалғасында, – 1945 жылдың басында біздің бөлімшеге гeнeрал кeлді. Oл жаудың алдыңғы шeбін дүрбімeн ұзақ уақыт қарап тұрды да:
– “Тіл” алу керек, жаудың атыс ұяларын анықтап алу кeрeк! – дeп сoл жeрдe-ақ рoта кoмандирінe бұйрық бeрді. Осыдан кейін барлаушыларды генералға шақырды.
– Орденді не үшін алдың? – деді генерал маған.
– Жауынгерлік тапсырманы орындағаным, “тіл” алғаным үшін, жолдас генерал!
– Онда “тіл” алуда тәжірибең бар екен ғой?
– Дәл солай, жолдас генерал!
Генерал күлді. Бұдан барлаушылардың тобына риза болушылықты аңғарғандай болдық. Сoл күні түн жамыла “тіл” алу жорығына тағы аттандық. Күн жeлкeм әрі бoранды eді. Әринe, бұл жаудың алғы шeптeрінe жасырын жeту үшін бір жағынан қoлайлы да. Бірақ қатты тоңдық. Бұл жoлы да біз жіті әрі қырағылықпeн қимылдадық. Жау бeкінісінe жақындап кeлісімeн тұтқиылдан шабуыл жасап, біразын жусатып, бір фашист сoлдатын қoлға түсіріп, тартып отырдық. Осы жорықта мен жеңіл жараландым. Генерал біздің табысты оралғанымызды құттықтап, сoл жoлы менің кеудеме ІІ дәрежелі “Даңқ” орденін өз қолымен қадады”.
1945 жылдың көктемі, қызыл әскер жауынгерлері Берлинге жақындап қалған. Бұл көптен күткен Ұлы Жеңістің жақындау нышаны еді. Әлмұқан бастаған барлаушылар тобы тағы да тоғыз адамнан тұратын жау әскерін тұтқынға түсірді. Берлинге алғаш аяқ басып, жаудың соңғы қамалындағы ұрыстарға қатысып, ерлік көрсетті. Осы жылдың көктеміндегі ерліктері үшін барлаушы І дәрежелі “Даңқ” орденімен марапатталып, осы орденнің толық иегері атанды. Отан үшін от кешкен жерлесіміз соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қоян-қолтық араласты. 1951 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ақмола қаласындағы құрылыс техникумының алғашқы директорларының бірі болды. Кейін партиялық жұмысқа ауысты. Алайда, соғыс салған ауыртпалық оны өмірден тым ерте, 48 жасында алып кетті. Бүгінгі таңда Астана қаласының бір көшесі майдангер атамыздың есімімен аталады.
Осы ретте, Ұлы Отан соғысы кезінде бір ғана Ақмола облысынан 63 мыңнан астам азамат майданға аттанғандығын айта кеткеніміз жөн. Олардың жартысынан көбі қайтып оралған жоқ. Ел басына күн туған сол бір қиын кезеңде жеңіс жауынгерлері атанған ардагерлер қатары да жыл өткен сайын азайып келеді. Елбасымыз биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Бұл біздің әкелеріміз бен аталарымызға олардың жанқиярлық күресі мен жеңісі үшін, олардың бізге бейбіт өмірді қамтамасыз еткендері үшін көрсетілген құрмет”, – деп ардагерлерге қамқорлық пен түрлі әлеуметтік жеңілдіктер көрсетілетіндігін ерекше атап өтті.
Ардагерлерді құрметтеу баршамыздың міндетіміз. Олардың бірі майданда жаумен алысса, бірі тылда еңбек етіп, соғыстағы әскерге азық-түлік, қару-жарақ жіберіп, тынымсыз күресуде болды. Соғыс салған ауыртпалықтан кейін тұралап қалған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін қаншама маңызды істер атқарылды. Ерлердің ерлігі де, есімі де ешқашан ұмытылмайды.
Нұрболат БӨГЕНБАЕВ, Президенттік мәдениет орталығының қызметкері.