Франция президенті Франсуа Олланд азаматтық әйелі Валери Триервейлермен ажырасатынын мәлімдеді. Бұл туралы «Россия 24» телеарнасына сілтеме жасаған Ras.kz хабарлады.
«Бұдан бұрын Елисей сарайында бұған қатысты барлық қауесеттер жоққа шығарылып келіп еді», деп мәлімдеді «Франс Пресс» агенттігі. Дегенмен, Бесінші республиканың президенті бұл тақырыпқа өзі қайта оралып, соңғы азаматтық әйелімен байланысын біржола үзуге шешім қабылдағанын жеткізді. «Біздің Валери Триервейлермен бірлескен өміріміздің соңы келіп жеткенін хабарлаймын», – деді ол.
Француз журналистерінің мәліметтері бойынша, президенттің өмірлік серігі ақыры оның сатқындығын кешіре алмаған. Оған тіпті осыған байланысты жүйкесі жұқарып, ауруханаға жатып шығуға да тура келген. Осының қарсаңында Closer басылымы Елисей сарайында үлкен жанжал шыққанын жазған. Бірінші леди құны 3 млн. еуро тұратын антикварлық вазаны сындырып алып, ол Олландтың қатты ашуын шақырыпты.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Ras.kz
Фото: Reuters.com