• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2014

КХДР лидері жездесінің әулетін түгел қырып салды

317 рет
көрсетілді

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның бұйрығымен өлім жазасына кесілген жездесі Чан Сон Тхэктің әулеті түгел қырғынға ұшырады. Бұл туралы РИА «Новости» агенттігінің ақпарына сілтеме жасаған Ras.kz хабарлады.

«КХДР-дың бірінші жоғарғы басшысы Ким Чен Ынның бұйрығы бойынша Чан Сон Тхэк отбасының барлық мүшелері, соның ішінде сәбилер де бар – түгел өлім құшты», – делінген Солтүстік Кореядағы ахуалдан хабары бар дереккөздің хабарламасында.

Агенттіктің мәліметі бойынша, Чан Сон Тхэктің әпкесі Чан Ге Сун КХДР-дың Кубадағы елшісі болған Чон Ен Чжинмен бірге, сондай-ақ Чан Сон Тхэктің Малайзияда елші болған немере інісі Чан Ен Чхоль өткен жылғы желтоқсанда жиырма жастағы ұлдары Тэ Ренмен және Тэ Унмен бірге Пхеняньға шақыртып алынып, атылып кеткен. Чан Сон Тхэктің екі інісі де ертеректе ауырып қайтыс болған. Сондықтан репрессия оның әпкелері мен қарындастарын, соның ішінде олардың кішкентай немерелерін де қамтыған. Агенттік хабарлағандай, өздерін ұстауға барған әскерилерге қарсылық білдірген Чан Сон Тхэк туыстары көршілерінің көз алдарында, үйлерінің жанында атып өлтірілген.

Сонымен бірге ұлт лидерінің жездесіне қандық жағынан туыс болып келмейтін әйелдер аман қалған. Бірақ оларға басқаша шаралар қолданылған. Мәселен, Чан Ен Чхольдің әйелін күйеуінен зорлап ажырастырып, өзін Солтүстік Кореяның алыс ауданына жер аударып жіберген.

Желтоқсан айының ортасында ұзақ уақыт Ким Чен Ынның регенті, яғни рухани ұстазы әрі мемлекеттегі екінші адам саналып келген 67 жастағы Чан Сон Тхэк соттың үкімі бойынша атылды. Кейін оның әйелі, Ким Чен Ынның әкесінің туған қарындасы Ким Ген Хидің миындағы ісікті алып тастауға арналған отадан кейін ес-түссіз жатқаны хабарланған. Бірақ бұл әйелдің содан кейінгі тағдыры не болғаны айтылмай отыр.

Айдар Өрісбаев.

Дереккөз: Ras.kz

Фото: Bigmir.net

Соңғы жаңалықтар