Кейінгі жылдары еліміздің талантты һәм талапты жастары әлемнің алдыңғы қатарлы компанияларында, іргелі ұйымдарда қызмет ете бастады. Күн сайын болмаса да жиі-жиі осындай сүйінші хабарды естіп, қуанып қалатынымыз белгілі. Сондай шетелдік ұйымда еңбек етіп жүрген жастарымыздың бірі – Дәулет Ұранхаев. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2021 жылғы жеңімпазы атанған кейіпкеріміз бүгінде Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағында (УЕФА) жұмыс істейді.
УЕФА-да жұмыс істейтін тұңғыш қазақ атанған Дәулет Ұранхаев 1998 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазақстанның футбол отаны саналатын өңірде туғандықтан болар, Дәулеттің ерте жастан ала допқа аңсары ауып, футболдың қыр-сырына қаныға бастайды. Өңірлік бірнеше клубтың жасөспірімдер және жастар құрамасында өнер көрсеткен кейіпкеріміздің футболға деген махаббаты оны алаң жиегіндегі ірі жетістіктерге жетеледі.
– Жас ұлғайған сайын ақыл тоқтатып, өмірге тура көзбен қарай бастайды екенсің. Футболдағы карьерам көңілден шықпаған соң, өзімді басқа қырымнан сынап көруге бел будым. Өмірімнің дәл осы кезеңінде мен үшін бағытымнан қателеспеу маңызды болды. Сөйтіп 2016 жылы спорт саласындағы әлемнің жетекші ұйымдары, атап айтқанда, УЕФА, ФИФА, ФИДЕ және Халықаралық Олимпиада комитеті орналасқан елге барғым келіп, Швейцария университетіне оқуға түстім, – дейді Дәулет.
Төрт жыл бойы Еуропаның орталығында орналасқан елде қонақүй индустриясындағы басқарушы кадрларды даярлайтын әлемнің алдыңғы қатарлы университеттердің бірінде білім алған Дәулет 2019 жылы оқуының соңғы курсында жүріп жұмыс іздеуге кіріседі. Сөйтіп ол УЕФА бас кеңсесіне қызметкерлер іріктеп жатыр деген жаңалықты ести салысымен бірден құжаттарын жинап өткізді. Ал бас кеңсенің жас қазақ жігітін әңгімелесуге шақыруы да тосын болған еді. Жұмысқа қабылдану кезеңі қыркүйектің ортасында басталып, Дәулет қарашаның ортасында ғана жұмысқа қабылданды. Бүгінде ол УЕФА аясында өткізілетін негізгі іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты департаменттердің бірінде еңбек етеді.
– Сол жылы (2019 жыл – Ә.Б.) жұмыс істеу маған өте қолайлы уақыт болды. Себебі жұмысқа деген құлшынысым ерекше еді және мен шілде мен тамыз аралығында Мәскеудің «Спартак» футбол клубында тәжірибеден өтіп, Швейцарияға келген сәтім болатын. «Спартак» – Шығыс Еуропа мен ТМД елдері арасындағы ең үлкен, тәжірибелі команда саналады. Футбол индустриясындағы алғашқы кәсіби тәжірибені практикант ретінде «Спартактың» коммерциялық департаментінде жинақтадым. Сол жерде менеджерлер, қызметкерлер, өз ісінің нағыз мамандарынан құралған үлкен командамен таныстым. Олардан күн сайын жаңа нәрсені үйреніп жүргеніме қуандым. Сондай-ақ Ресейдің ең мықты командалары саналатын «Спартак» пен ЦСКА арасындағы ойынды ұйымдастыру жұмыстарына да қатысуға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі Швейцарияның «Тун» мен Португалияның «Брага» командаларының ойынын ұйымдастыруға қатыстым. Бұл – мен үшін ең үлкен тәжірибелердің бірі болды, – дейді ол.
Осындай матчтардың басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жағынан тәжірибе жинақтаған Дәулет Ұранхаев былтыр пандемияға байланысты бір локацияда, яғни Португалияның Лиссабон қаласында ұйымдастырылған Чемпиондар лигасының ширек және жартылай финал матчтарының өтуіне де өзіндік үлесін қосты.
– Лиссабондағы матчтар туралы айтар болсам, бұл – жанкүйерлік тұрғысынан алып қарағанда ерекше форматтағы турнир болды. Әсіресе пандемиядан кейін бірнеше айға футболдан көз жазып қалған футбол жанкүйерлеріне тамаша тарту болды деп ойлаймын. Мен бұл жерде де өзіме қажетті дүниені, ертеңіме қажет болар мол тәжірибе жинақтадым, – дейді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.
Сондай-ақ ол былтыр УЕФА Суперкубогы өткен Мажарстанның бас шаһары – Будапештке УЕФА-ның ресми өкілі ретінде алғаш рет іссапарға шығып, бір аптаға жуық Чемпиондар лигасы турнирінің жеңімпазы «Бавария» мен Еуропа лигасында топ жарған «Севилья» клубтарының арасындағы кездесудің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты.
Қазіргі таңда Дәулет бала күнінде суретке түсуді, олардың ойынын жасыл алаңнан көруді армандаған жұлдыз футболшылармен әріптес. Олармен кез келген уақытта кездесіп, еркін әңгімелесе алады.
– Мен де басқа достарым сияқты мектеп кезінде танымал футболшылармен суретке түсуді армандайтынмын. Ал қазір Еуропа футболының ортасында жүргендіктен қазіргі немесе бұрынғы футбол жұлдызының кез келгенін кездестіруге мүмкіндік бар. Осыдан біраз уақыт бұрын Кот-д’Ивуар құрамасы мен «Челси» клубының аңыз футболшысы болған Дидье Дрогбамен жолым түйісті. Мен үшін Дрогба – аңыз адам. Сондай-ақ аргентиналық талантты футболшы Лионель Месси мен бразилиялық Рикардо Какамен де кездесудің сәті түсті. Екеуі де өте қарапайым, жақсы азаматтар екен, – дейді ол.
Дәулет уақыты келгенде Қазақстанға оралып, отандық спорт индустриясын дамытуға үлес қосқысы келеді.
– Төрт жасар кезімде достарыммен аулада доп тебумен басталған жолым мені УЕФА-да қызмет етуге дейін алып келді. Ол кезде топырақ, тас үстіндегі алаңқайда доп тебетін едік. Қақпа қатты темірден жасалған, ал алаң жиегі ретінде тақтайлар қойылған еді. Сол кезде бұл қаланың ортасындағы ең жақсы деген алаңдардың бірі болатын. Осылайша, аула футболы бізге футболдан ләззат алуды үйретті. Мен бұл туралы неге айтып жатырмын? Себебі 14 жыл ішінде мен футболға тек хобби ретінде қарадым. Университетке келіп, спорттың, футболдың не екенін біліп, оның негіздерін үйренгенге дейін ешқашан кәсіби тұрғыда қараған емеспін. Мен бұқаралық спортты дамытудың концепциясын оқығанда, өзімнің өткеніммен салыстырып отыратынмын. Исландия бұқаралық спортты қалай дамытқанын, оның қандай нәтиже бергенін, яғни алкогольдік ішімдік ішіп, табак өнімдерін пайдаланған балалар қалай спортпен айналысуға көшкенін, бұқаралық спортқа көңіл бөлмесе не болатыны туралы мақалаларды оқыдым, теориялық тұрғыдағы түсініктемелерімен таныстым. Осы арқылы бір күні отаныма оралу керек екенін, Семейдегі әлгі стадионды жақсарту керек екенін түсіндім. Қазір мен футбол адамдарға қаншалықты үміт сыйлап, жақсы жаққа өзгеруіне ықпал ететінін білемін. Индустрияны ішінен өзгерткім келеді, оған алғашқы қадамдарды да жасадым. Болашақта үйіме оралып, еліме, осы елде тұрып жатқан адамдарға пайдамды тигізгім келеді. Жарқын болашаққа сенемін және бәрі жақсы болады деп үміттенемін, – дейді Дәулет.
Жерлесіміз қазіргі таңда УЕФА-дағы қызметімен қатар, Еуропадағы шетелдік достарына қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрлері туралы айта отырып, еліміздің имиджін шетелде ілгерілетуге тырысып жүр. Достарымен бірге ол Glion университеті жыл сайын ұйымдастыратын дәстүрлі көрмеге қатысып, шетелдіктерге қазақтың ас мәзірі мен дәстүрін таныстырады.
Мұнан бөлек, Дәулет Ұранхаев түрлі елдерде білім алып жатқан студенттер арасында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған поэзиялық эстафетаны да ұйымдастырған талапты жастың бірі.