• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2021

Атқарылатын жұмыстар ауқымды

386 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Қуғын-сүргінге ұшырағандар жөніндегі Мемлекеттік және өңірлік комиссия жұмыс топтарының басын қосқан семинар өтті. Zoom қосымшасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылған кездесуде Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан обыстары бойынша жұмыс топтарының жетекшілері баяндама жасап, белгілі ғалымдар сөз сөйледі.

Басқосу барысында қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған тұлғаларға қатысты мұра­ғаттық қылмыстық істерді жинақ­тау, ақтауға жатпайтын аза­маттарға қатысты деректерді тек­серу, басқа өңірлерге жер ауда­­рылғандар жөнінде мәлімет­тер­мен алмасу секілді маңызды мәсе­лелер талқыланды. Атап айт­­қанда, жұмыс тобының жетек­шілері жиын барысында 372 көтерілісті басу барысында сот­сыз және тергеусіз атылып кеткен, сондай-ақ осы көтерілістерге қа­тысқаны және қолдағаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпараттарды анықтау кезінде туындап отырған кедергілер жайлы мәлімдеп, материалдар жинау кезінде жұмыс тәжірибесімен алма­судың маңыздылығы жө­нінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Семинарда Саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комис­сия­ның мүшесі Сабыр Қасымов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, саяси қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссияның төрағасы Ержан Бабақұмаров арнайы құрылған комиссияның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталса, мемлекеттік комиссия жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА құрметті академигі Талас Омарбеков жұмыс тобы құрамына енген ғалымдардың құпия құжаттармен жұмыс жүр­гізу кезінде анықтаған тың деректеріне тоқтала келіп, 1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болғаны жөнінде тарихи мәліметтерді қайта жаңғыртты.

Алматы қалалық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі Шолпан Забих осы күнге дейін ақталмаған бірқатар көтеріліске қатысушылардың анықталғанын айтса, Түркістан облысы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын Кеңес өкі­метінің ауылшаруашылық рефор­малары кезіндегі саяси қуғын­дау саясатының салдарлары­на тоқталды. Ал 1928-1933 жыл­дардағы Жетісу өңіріндегі шаруа көтерілістерінің себеп-салдары мен ерекшеліктеріне сараптама жа­саған Алматы облыстық комиссиясы жұмыс тобының жетекшісі Еркін Стамшалов бұл аймақтағы шаруалар көтерілістері ауқымы жағынан үлкен әрі әлеуметтік тұрғыдан күрделі екенін атап өтті.

Үш сағатқа созылған семи­нар жұмысының соңында қаты­су­шылар мәліметтермен алмасу, бірлесіп жұмыс істеу және алдағы атқарылатын жұмыста әріптестік қолдау көрсету, техникалық жа­рақтандыруды жетілдіруге қатысты ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын білдірді.