Қазақстанда 15 қыркүйек күні тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жақындап қалған ЖРВИ, яғни тұмау маусымына айрықша тоқталып өткім келеді. Биыл бюджет қаражаты есебінен Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамм бар. Бұл республиканың жалпы тұрғындарының 13 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы – 10 пайыз. ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады», деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, осыған орай еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы қабылданған.
«Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың ең әлсіз тобы вакцинацияланатындығын атап өткім келеді. Олар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқалары. Бұған қоса, жұмыс берушілердің және халықтың жеке қаражаты есебінен де вакцинация жүргізіледі», деді Марат Шоранов.
Оның айтуынша, ресейлік вакцинадан бөлек Қазақстан аумағында тағы 3 өндірушінің 4 вакцинасы тіркелген. Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Ваксигрип Тетра», Инфлювак (Нидерланды) мен Синовак Биотек (Китай) компаниялары өндірген вакциналарды да алуға болады.