Түркістан облысы Ордабасы ауданы аумағындағы Боралдай өзенінің бойынан сыйымдылығы 50-60 млн текше метр болатын су қоймасы салынады. Жаңа нысанның ені 2 шақырым, ұзындығы 5 шақырым болады. Нәтижесінде, Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласынан жалпы 45 мың гектардан астам жер қосымша ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.
«Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар», деді Президент «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында.
Су қоймасын салу жоспарланып отырған Ордабасы ауданында каналдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде суару маусымында су шығыны 25-35 пайызға дейін кеміп, егістік алқаптар толықтай мерзімінде ағын сумен қамтамасыз етіледі және өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемі артады. Аудан әкімі Бағлан Батыршаев, сондай-ақ тік дренаждарды іске асыру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мелиоративтік жағдайлары жақсарып, жер асты суларының деңгейі төмендейтінін айтады. Қосымша егістік алқаптар ағын сумен қамтамасыз етіледі.
Биылғы қуаңшылыққа қарамастан өңірдегі агросектордың жұмысы жемісті. Облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн тонна жемшөп қоры 100% жиналды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде оның көлемін едәуір арттырып, 4 млн тоннадан асыру көзделген. Мысалы, Ордабасы ауданы Бөген ауылдық округіндегі «Мұрат» шаруа қожалығы жоңышқаның әр орымынан және гектарынан 200 мың теңгеден астам пайда табуды болжап отыр. Аудан шаруаларының жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін қыстан аман алып шығу мәселесі де шешімін табуда. Өңірдегі ауылшаруашылық саласындағы көшбасшы мекеме – «Александровский сад» ЖШС-ның көкөніс сақтау қоймасы іске қосылады. Жалпы құны 0,8 млрд теңгелік жоба аудан тұрғындары ғана емес облыс шаруаларының да қажеттілігін қамтамасыз ете алады. Жобаға «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 624 млн теңге, ал кәсіпкер есебінен 200 млн теңге жұмсалған. Ресей және Қытай технологиясымен жабдықталған қоймада 1 500 тоннаға дейін дайын өнім сақтауға болады. Бірегей жоба үшінші тоқсанда іске қосылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында елімізде алғаш рет қолға алынған химиялық талшықтар мен маталардың алуан түрін өндіруде қолданылатын түрлі жіптер шығаратын Green Technology Industries зауытының өндіріс алаңында болды. Мұнда халықаралық стандарттарға сай сапалы өнім шығарылады. Полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеуге және өндірістік циклге қайтаруға мүмкіндік беретін қайта өңдеу жүйесі нарықтың полиэфир талшықтарына деген сұранысын орындау барысында 200 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал құрылысы қызу жүргізіліп жатқан Standard Petroleum & CO мұнай-химия комбинатында саладағы ең соңғы технологиялар өндіріске тиімді пайдаланбақ. Зауыт мамандары көмірден бензин өндіру технологиясын ойлап тапқан. Бүгінде кәсіпорынның өнімдерін ел аумағында өндіріп, ТМД нарығына экспорттау көзделуде. Аталған өнеркәсіп орыны жылына 2 млн тонна шикізат өндеуді көздеп отыр. Жобаның жалпы құны – 240 млн доллар (95,0 млрд теңге). Бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 961 млн теңгеге 14,2 шақырым темір жол және 298 млн теңгеге су құбыры тартылуда.
Өндіріс орындарымен қатар ауданда әлеуметтік нысандар да көптеп салынуда. Демографиялық өсімі жоғары өңірде Президент тапсырмасын орындау бағытында мектептер санын көбейту басты назарда. Күні кеше Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға дейін салынатын мектептер санын 1 мыңға жеткізуді міндеттеді. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартуды тапсырды. Осы орайда жуырда Түркістан облысында 15 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін айта кетелік. Облыс аумағында жаңадан салынған тағы 29 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Облыс бойынша жалпы 78 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде облыстық бюджеттен – 70, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 8 мектеп салынып жатыр. Бұдан бөлек Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі салынды. Биылға құрылысы жоспарланған 47 мектептің 44-і бюджеттік, 3-уі жеке инвестиция есебінен бой көтереді. Мектептердің дені бала саны көп, тұрғындары тығыз орналасқан елді мекендерде бой көтеруде. Мысалы, Ордабасы ауданы Бадам ауылдық округінде 200 орындық мектеп салынуда. Келер жылы ауданда тағы 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Жаңа мектептер заманауи роботехника, ІТ-технологиялар кабинеттерімен жабдықталған. Айта кетелік, жаңа оқу жылында өңірде 50 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табылдырығын аттады. Бір ғана Сарыағаш ауданында 60 мыңдай оқушы білім алады, оның ішінде биыл 3 мың бала бірінші сыныпқа қабылданған.