• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 08 Қыркүйек, 2021

Тобылда «Тәуелсіздік аллеясы» ашылды

389 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Тобыл қаласының орталы­ғында жаңа аллея ашылды. Қала тұрғындары үшін қолайлы демалыс алаңының құрылысы биыл мамыр айында басталған. Содан бері жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен алаңқай аумағына жарық тартылды.

Аллеяның кіреберісіне мәрмәртас­тан Тәуелсіздік тұғыры орнатылып, оған Елбасының «Халықтың басты құн­дылығы – ел тәуелсіздігі» деген сөзі қашалып жазылды. Ал жанында биік тутұғырға қондырылған айбы­ны асқақ көк байрақ көкпен таласа жел­біреп тұр. Демалыс орны­ның айна­ласына қарағай мен жасыл желекті шырша аралас ағаш көшет­тері отырғызылып, сая жерде демалып әңгіме-дүкен құруға ыңғайлы орындықтар қойылған.

«Тәуелсіздік аллеясының» ашылу салтанатына қала тұрғындары мен Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов, осы істің қажетіне қаржы бөліп, қолдау көрсеткен кәсіпорын бас­шылары қатысты.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесі­нен ой жүгіртер болсақ, осы уақыт аралығында Қазақстан Республи­ка­сы талай биікті бағындырып, әлем ел­дерінің арасынан өзіне лайықты орнын алды. Бүгінде еліміз саяси-экономикалық тұрғыдан жүйелі дамып келеді. Осынау сан салалы даму үдерісіне қосқан біздің ауданымыз­дың да өз үлесі бар. Оған жайқалып өс­кен егініміз, қамба толы астығымыз, осы астықты өңдеп, сан түрлі өнім шығарып жатқан кәсіпорындарымыз, жыл сайын жаңарған жолдарымыз бен аудан орталығында бой көтеріп жат­қан зәулім тұрғын үйлеріміз, бү­гінгі берекелі тұрмысымыз дәлел бола алады. Бүгін салтанатты түрде ашы­лып отырған «Тәуелсіздік аллея­сы» ауданымыздағы диқандар мен ауыл­­шаруашылық тауарын өндіруші кә­сіп­орындардың тікелей қолдауымен біткен дүние», деді Ж.Тәукенов.

Салтанатты жиын барысында әкім ауданның экономикалық дамуына үлес қосып, ел әлеуметінің жақсаруы­на тұрақты түрде демеушілік көрсетіп жүрген төрт кәсіпкерге «Жомарт жү­рек» мүсіншесін табыс етті. Одан ке­йін мінберге марапат иелері шығып, жиналған көпшілікке өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

– Бүгін қала тұр­ғын­дарының игі­лігіне тапсырылып жатқан «Тәуел­сіздік аллеясына» менің де қатысым бар екені зор мақтаныш екенін ай­та кеткім келеді. Жаңа аллея Тобыл тұр­ғындары мен қала қонақтары жиі келетін жылы орынға айналатынына сенімдімін. Өзім Озерный ауылын­да тұрамын, бірақ Тобылға жиі келе­мін. Енді отбасымды, балаларым мен немерелерімді осы аллеяға ертіп келіп, серуендеп сергіп қайтатын бола­мын. Мерейтойдың шырайын сый­лық ашады, ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай біз бір топ кәсіп­кер болып бүгінгі абат алаңқайды ауданымызға мерейтойлық тарту ретінде сыйлағанды жөн көрдік, – деді «К.Маркс атындағы» серіктестіктің басшысы Иван Вечтейн.   

«Жомарт жүрек» сыйлығына ие болғандар қатарында «БК-Құрылыс­өндірісі» ЖШС директоры Сергей Ким, «Шеминов» ЖШС басшысы Юрий Чеховский, «Нұр Тоба» серіктестігінің директоры Ермек Жұмабеков те бар.