Сейсенбіде «Талибан» Ауғанстан жаңа үкіметінің құрамын жариялады. Ұйымның негізін қалаушы премьер-министр болып сайланды. Ал АҚШ тарапы түзген террористер тізіміндегі адам ішкі істер министрі қызметіне тағайындалды.
«Талибан» қозғалысының жоғарғы басшысы Хайбатулла Ахундзада 15 тамызда Кабулды басып алғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Онда «Талибан» шариғатқа қайшы келмейтін барлық халықаралық заңдарды, келісімдер мен міндеттемелерді орындайтынын айтты.
«Ауғанстанның болашағы, елді басқару мен бүкіл мәселелер шариғатпен реттеледі», деді Ахундзада. Сонымен қатар ол елдің шетелдіктерден азат етілуімен құттықтады.
Алайда АҚШ билігі бұған алаңдаушылық білдіріп отыр. Бір айта кетерлігі, Ауғанстан министрлер кабинетіне бірде-бір әйел адам кірмеген.
Премьер-министр болып сайланған Хасан Ахундзада да, оның орынбасары әрі «Талибанның» жетекшісі саналатын Абдул Гани Барадар да БҰҰ-ның қауіпті адамдар тізімінде тұр. Ал ішкі істер министрі болып тағайындалған Сираджуддин Хакканиді АҚШ террорист деп таныған.