Биыл екінші тоқсанда отандық банктер капиталының орташа табыстылық көрсеткіші 37 пайыз, яғни рекордтық деңгейге жеткен. Несие бойынша резервтік шығындардың төмендеуінен және несиелеудің жылдам қарқынмен өсуі осыған себеп болған.
Fitch Ratings сарапшыларының болжауынша, екінші жартыжылдықта сектордағы табыстылық қалыпты деңгейде болады, бірақ жақын перспективада жақсы деңгейде сақталады. Банктердің жоғары табысты әрі әртарапты бөлшек несиелеуге көбірек мойын бұруы таза пайыздық маржаны нығайта түседі және транзакциялық табыстардың өсіміне ықпал етпек.
Кейбір қаржы институттарында бұрынғыдан «мұраға қалған» проблемалық несиелер де баршылық. Соған қарамастан пандемия басталғалы бері қазақстандық банктер несиесінің сапасы берік бола түскен. Қаңтардан маусымға дейінгі аралықта банктер 9,3 трлн теңге несие беріпті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қаржыгерлер қауымдастығы осылай хабарлапты.
Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасаған талдау бойынша банк секторының жиынтық активтері 30,3 млрд теңгеге ұлғайған. Осы уақытта екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12,4 трлн теңгені немесе активтердің 35,8 пайызын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Бұл өте маңызды, өйткені өтімділік қоры банктердің өз міндеттемелерін толық көлемде орындауына мүмкіндік береді.
«2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар: негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 20,2 пайыз, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 25 пайыз, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша банктер 812,2 млрд теңге мөлшерінде таза пайда тапты. Оның мөлшері – 449,9 млрд теңге. Активтер рентабельділігі (ROA) 3,43 пайыз болса, капитал рентабельділігі (ROE) – 27,58 пайызды құрайды. Ал несиелеудің жалпы жиынтық көлемі шілде айында 1,9 пайызға көбейіп, 16 трлн теңгеге жетті», деп хабарлайды агенттік.
Экономикаға теңгемен берілген несиелер көлемі шілдеде 2,3 пайызға өсіп, 14,1 трлн теңгеге дейін артқан. Салалық бөліністе банктер несиесін негізінен өнеркәсіп (14,2 пайыз), сауда (10,9 пайыз), құрылыс (3,3 пайыз) және көлік (2,8 пайыз) салаларына берген. Бұл ретте тұтынушылық мақсаттағы несие 4,39-дан 5,1 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
Әрине, несиенің түп атасы қарыз болған соң, оның дер кезінде қайтарылмай жататыны да заңдылық. Банк секторындағы клиенттер бұл заңдылықтан ешқашан «аттап» кете алмайды. Дегенмен несие портфеліне залал келтіретін мұндай теріс әрекет аса көп емес. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінде 4,8 пайызды немесе 819,2 млрд теңгені құрап, 2021 жылғы маусымда 19,2 млрд теңгеге немесе 2,4 пайызға ұлғайған. Жеке тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі – 4,4 пайыз. Ал заңды тұлғалар портфеліндегі NPL деңгейі – 5,4 пайыз. Бұл ретте шағын және орта бизнес қарыздары да қоса есептеліп отыр. Жалпы мерзімі өтіп төленбей тұрған қарыз үлесі 7,5 пайыз немесе 1,2 трлн теңгені құрайтынын да айта кету керек.
Әлбетте, төленбей тұрған қарыз көлемі банктердің күректеп тауып жатқан табысымен салыстырғанда титімдей ғана проблема. Сондықтан сектордағы ойыншылар бұған аса бас ауырта қоймайды. Олар қазір қайтсек несиелеуді арттырамыз, клиенттердің мойнына тағы қандай себеппен несие ілеміз деп әуре. Материалдық мұқтаждық халықты банк табалдырығынан ерікті-еріксіз аттатып жатыр. Сондықтан қоржыны томпайып, жалы күжірейгені үшін банктер бірінші кезекте халыққа алғыс айтқаны жөн сияқты.