• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Қыркүйек, 2021

Босниядан бос қайтпадық

183 рет
көрсетілді

Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні футболдан 2022 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінің кезекті тур ойындары өтті. Қазақстандық жанкүйерлердің назары Босния мен Герцеговинаның Зеница қаласына ауды. Себебі дәл сол шаһардағы «Билино Поле» деп аталатын стадионда жерлестеріміз аталған мемлекеттің өкілдерімен шеберлік байқасты.

Төреші белгі берген бетте алаң иелері ойын тізгінін қол­­ға алып, толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Әсіресе, Босния мен Герцеговина құра­масының бас­ты жұлдызы және капитаны Эдин Джеко біздің қорғаныс шебімізді жиі мазалады. Ол бірнеше мәрте жақсы соққылар жасап, әдемі пас­тар берді. Финттері қандай ке­ре­мет десеңізші... Одан бө­лек, Миралем Пьянич, Саед Ко­ла­шинац, Ади Налич және Эр­медин Демировичтің де те­ге­­у­рініне төтеп беру оңайға соқ­пады. Шыны керек, бірінші тайм барысында қазақстандық фут­болшыларға сәттілік жолдас болды. Олай деуге негіз, өз қақ­памыздың маңында ойын­шы­ларымыз жиі қателесті. Ал ол мүмкіндікті босниялықтар ұтым­ды пайдалана алмады. Олардың тепкен доптарының көбі қақпадан қиыс кетіп жатты. Кейбір тұста қорғаушылар­дың аяғына тиіп, кері қайтты. Әйтеуір, абырой болғанда бұл қауіптің бәрінен құтылдық.

Бірінші кезеңде тым еп­сіз­деу көрінген біздің коман­да үзілістен кейін батыл қи­мыл­дай бастады. Нәтижесі оң бол­ды. 52-минутта Асхат Тағы­бер­геннің бұрыштамадан берген добын Исламбек Қуат қақпаға дәл түсірді – 0:1.

Қазақстан алға шыққанымен, қорғаныста жатып алған жоқ. Біраз уақыт бойы бар күш-дәр­менімен алға ұмтылған босниялықтардың шабуылдарына тойтарыс берді. Өздері де бірнеше рет қорғаныс шебін бұзып өтуге талпыныс жасады. Бұрыштама добын да бірінен кейін бірін берген сәтте Бал­қан тауы бөктері сапарынан олжалы оралсақ деген үмітіміз одан сайын ұлғая түсті. Бірақ бір мезетте бәрі өзгергендей болды. 75-минутта төреші біздің қақпаға күмәнділеу 11 метр­лік айып добын белгіледі. Миралем Пьяничтің соққысын Игорь Шацкий кері қайтара алмады – 1:1. Одан кейін де алаң иелері қарқынын бәсең­дет­педі. 86-минутта қазақстан­дық қорғаушылар қателесті – бұ­рыштамадан берілген допты Лука Менало торда тулатты. Есеп – 2:1.

Десек те, жоғарыдағы жағ­­дай біздің жігіттердің жігерін ­жа­сыта алған жоқ. Негізгі уақыт­­қа төреші тағы алты минут қосты. Сол уақыт есепті те­ңес­тіру үшін жеткілікті болды. Айып добын мінсіз орында­ған Бақтиер Зайнутдинов барша қазақстандық жанкүйерді қуаныш пен шаттыққа бөледі – 2:2. Осылайша, кеше түн­де Талғат Байсуфинов жат­тық­тыратын Қазақстанның ұлт­­тық құрамасы әлемдік доп дода­сының іріктеу турниріндегі өзінің үшінші ұпайына қол жеткізді.