Кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева бастаған депутаттар Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен бір топ тыл еңбеккерлерін салтанатты жағдайда құттықтады. Парламент Мәжілісі мен “Нұр Отан” партиясының осы палатадағы фракциясы ұйымдастырған бұл шара Алматы қаласында, бұрынғы Жоғарғы Кеңестің ғимаратында өтті.
Динар Нөкетаева Мәжіліс Төрағасы, “Нұр Отан” ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың құттықтау лебізін жеткізді. Ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолдары, майдан даласында жасаған қайсарлық пен ерліктері өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтты. “Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет, Парламент депутаттары ардагерлердің жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Қаһармандарымыздың ерліктерін құрметтеу, ардагерлердің қамын ойлау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу – біздің міндетіміз”, – деді депутат Д.Нөкетаева.
Мәжіліс депутаттары Тұрарбек Асанов пен Гүлмира Исімбаева ардагерлерге арнаған ыстық лебіздерін білдірді.
Айта кету керек, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Парламенттегі бастауыш ұйымының мұрындық болуымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай кітапша шығарылған. Онда ардагерлердің майдандағы ерліктері мен соғыстан кейінгі еңбек жолдары баяндалған.
Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхуддинов зейнеткерлерге жасалып жатқан қолдауға ризашылығын білдірді. Соғыс және еңбек ардагерлері Ізгілік Дабаев, Евгений Сафронов, Райхан Жалмурзина, Сара Базарқұлова және басқалар сөз сөйлеп, осы шараны ұйымдастырғандарға алғыстарын айтты.
Ардагерлер құрметіне Өнер академиясының студенттері шағын концерт берді. Қадірлі меймандарға гүл шоқтары мен парламенттік сыйлықтар табыс етілді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. АЛМАТЫ.