Өз жұмысын осыдан бір ай бұрын тоқтатып, инфекциялық стационар қызметін атқаруға көшкен Қостанай қалалық ауруханасы қайтадан қалыпты режімде жұмыс істей бастады. Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен мұнда коронавирус жұқтырған науқастарға арналған 280 төсектік орын қойылып, 20 орындық жансақтау бөлімі ашылған еді.
Ауруханадағы травматология және қабылдау бөлімдері жазатайым жарақат алған, сондай-ақ созылмалы науқасы бар тұрғындарды қыркүйектің төртінен бастап қабылдай бастады.
Аталған емдеу мекемесіне пандемия басталғалы осымен екінші рет инфекциялық орталық қызметін атқаруға тура келіп отыр. Былтыр көктемде індет өршіп кеткен тұста мұнда бірінші рет инфекциялық стационар жасақталып, 1200-ден астам адам коронавирус індетіне қарсы емдеу шараларынан өтсе, биыл 700-ден астам науқас емделіп шыққан.
Алайда аурухана дәрігерлерінің айтуынша, биыл індет жұқтырғандардың ішінде ауыр науқастар көп. Сондықтан жансақтау бөліміндегі төсек санын 18-ден 40-қа дейін, ал емдеу палаталарындағы төсектік орын санын 280-нен 330-ға дейін көбейтуге тура келген.
«Биыл аурухананы қайта мамандандыру былтырға қарағанда жеңілірек болды. Емдеу мекемесі алдын ала екі айға еркін жететін дәрі-дәрмек қорымен, арнайы оқудан өткен медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілді. Емдеу алгоритмін де әлдеқашан анықтап қойдық. Сондықтан небәрі бір тәуліктің ішінде қалыпты ауруханадан инфекциялық стационарға көшіп, науқастарды қабылдап, емдеу шараларын бастап кеттік. Енді бір тәуліктің ішінде бұрынғы қызметімізге қайта кірісіп, науқастарды қабылдап жатырмыз, деді қалалық аурухананың бас дәрігері Данияр Жандаев.
Қалалық ауруханада Covid-19 індетіне шалдыққан 70 шақты науқас қалған. Олар қазір инфекциялық бөлімде ем алып жатыр. Бұл науқастардың ішінде жансақтау бөлімінде жатып шыққандар да баршылық. Оларды ажал тырнағынан аман сақтап қалу үшін 400-ге жуық дәрігер бір ай бойы күрескен.
Індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың мәліметінше, қазір Қостанай облысында инфекциялық кереуеттердің 62,0%-ы бос, өңірде 652 адам емделіп жатыр. Аймақ тұрғындарының 60,2 пайызы, яғни 303 899 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін қабылдаған. Ал 257 227 адам, яғни өңір тұрғындарының 50,9 пайызы екінші компонентін ектірген.
Қыркүйектің 8-і күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жедел штабтың кезекті отырысын өткізіп, өңірдегі эпидемиялық ахуалды бағамдап, облыс тұрғындарынан екпені екпінді жалғастыруды сұрады.
«Бүгінге дейін облысқа вакцинаның бірінші компонентінің 381 535 дозасы, ал екінші компонентінің 339 637 дозасы жеткізілді. Вакциналауды жүргізуге тиісті оқытудан өткен 426 медицина қызметкері жұмылдырылды. Аймақта Ashyq жобасына қатысу үшін 4 682 өтінім қабылданды», деді әкім.
Қостанай қаласы