ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Алматыға іссапар барысында «Алтын орда» базары маңындағы автожол учаскесін реконструкциялау жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алматы қаласындағы «Алтын Орда» базары ауданындағы автожол учаскесін реконструкциялау жұмыстарын алдыңғы мердігер компания қарқынды түрде жүргізе алмаған соң, оны жұмыстан шеттетіп, басқа мердігер компания, яғни, «Сине Мидас Строй» компаниясымен келісімшарт жасастық. Қазір осы компания жұмыс жүргізуде. Қазір көріп тұрсыздар, көлік жолайрығындағы жұмыстың 90% бітті. Қазан айының соңына дейін жұмыс толық аяқталады. Яғни, қараша айының басында пайдалануға беріледі», деді Берік Камалиев.
Оның айтуынша, реконструкция барысында көлік жолының сапасына ешқандай зақым келмейді. Облыстық жол зертханасы жол сапасын үнемі қадағалап, тексеріп отырады.
Сонымен бірге қазіргі уақытта осы жердегі эстакаданың құрылысы жедел қарқынмен жүріп жатыр.